6 Желтоқсан 23:00
...

Созақ ауданындағы инвестициялық жобалар мен ғылымның дамуы

Созақ ауданы
Фото: ғаламтордан

Қазіргі заманғы әлемде ғылым мен инновациялардың дамуымен бірге, әрбір аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы да жаңа сапалық деңгейге көтерілуде. Түркістан облысы, әсіресе Созақ ауданы, осы процестердің барынша белсенді қатысушысына айналуда.

Созақ ауданы – Түркістан облысының солтүстігіндегі әкімшілік-аумақтық бөлік, жері 41,0 мың шаршы шақырымды құрайтын бұл аудан облыс аумағының 35,0%-ын құрайды. 1928 жылы қаңтар айында мекендеген 6 болыс ел мен Жылыбұлақ болысы негізінде құрылған ауданның тұрғындары саны 61 512 адамды құрайды. Аудан бойынша 10 кеңшар болған, олардың негізінде 329 шаруашылық нысаны құрылды: 8 өнеркәсіп нысаны және 321 агроқұрылым. Өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындары облыстағы тау-кен өндірісінің негізгі өндірушілерінің (87,5%) қатарына кіреді. Ал ауыл шаруашылығының жетекші саласы ет және сүт өндіру болып табылады. Түркістан облысындағы өнеркәсіптік аймақ ретінде ауданның 2024-2030 жылдар аралығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша облыста алдағы жылдарға жоспарлар қойылып, халықтың әлеуметтік-экономикалыұ дамуына басым бағыт берілуде. Олардың ішінде өндіріс, тау-кен саласы, агроөнеркәсіп кешені және туризм сынды маңызды бағыттарға арналған жобалар қарастырылған.

Ауданының әкімінің айтуынша, алдағы жеті жыл ішінде 640 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 38 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жобалардың негізгі мақсаты – жұмыс орындарын ашу, салықтық түсімдерді арттыру және аймақтың жалпы өңірлік өнімін жыл сайын 6,8 пайызға өсіру. Қоғамның әлеуетін арттыру үшін өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында айтарлықтай өсім жоспарланған. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласындағы жобалар 2 803 адамды жұмыспен қамтып, салықтық түсімдер 1 миллиард 850 миллион теңгені құрайды деп күтілуде.

Бұл жобалардың жүзеге асырылуы тек экономикалық өсімді ғана емес, сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен инновациялық шешімдерді қажет етеді. Мысалы, тау-кен және өндіріс саласындағы тиімді технологияларды енгізу, агроөнеркәсіп кешенінде экологиялық таза өнімдер өндірісі үшін жаңа әдістерді қолдану, туризм саласында сандық технологияларды дамыту сияқты аспектілер ғылыми жетістіктер мен зерттеулердің нәтижесінде жүзеге асуы тиіс.

Айта кету керек, еліміздің ғылым саласындағы зерттеулер мен инновацияларға қаржы салу мәселесі жыл өткен сайын өзекті болып келеді. Ғылымның дамуы инвестициялық жобалардың сапасына, тиімділігіне және олардың тұрақтылығына үлкен әсер етеді. Түркістан облысындағы жобаларда ғылыми тұрғыдан жаңашылдықтар мен инновациялық идеялардың енгізілуі ауданның дамуына жаңа серпін береді. Мысалы, ауыл шаруашылығында ғылыми негізделген суару технологияларын енгізу, туризм саласында цифрлық сервистердің дамуы – осындай жобалар жергілікті экономика мен қоғамға тың өзгерістер әкеледі.

Әрине, бұл инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін тек қаржылық және материалдық ресурстар ғана емес, сонымен қатар ғылыми зерттеулер мен инновациялық шешімдерді қолдану да маңызды. Ал бұл ғылыми қауымдастықтың белсенді жұмыс істеуін және оның мемлекеттік органдармен тығыз байланысын талап етеді. Бұл үрдіс ғылыми қызметкерлердің біліктілігін арттыру, зерттеулерге қолдау көрсету және оларды аймақтық даму жоспарларына енгізу арқылы жүзеге асырылуы керек.

Осылайша, Созақ ауданындағы инвестициялық жобалар ғылыми тұрғыдан негізделген, инновациялық әдістермен толықтырылған жобалар болып табылады. Бұл ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа бағыт береді, аймақтық ғылым мен өндірісті интеграциялау арқылы Түркістан облысының жалпы дамуына оң ықпал етеді. Ғылым мен инновацияның арқасында, алдағы жеті жылда ауданның экономикасы сапалы жаңа деңгейге көтерілері анық.