25 Қыркүйек 16:58
...

Сот процесі: Оразалин істі болған орынбасарымен не туралы сөйлесті?

Фото:

Естеріңізде болса, Nege.kz порталы Ақтөбе облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Мамуновтың ұсталғаны жөнінде бірінші болып ақпарат берген.

Мамунов Нұр-Сұлтан қаласындағы мейрамханалардың бірінде «мені ешкім ұстаған жоқ, жала жапқандарды сотқа берем» деп кіжініп, видеоүндеу жолдағанымен, іле-шала қамауға алынды. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында Руслан Мамуновтың ісі бойынша сот процесі өтіп жатыр.

Қостанайлық «Наша газета» басылымының тілшісі сот процесіне қатысып, оқырманға қызық бірқатар мәселені қағазға түсіріпті. Соның бірі – Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің өз кабинетінде орынбасары Р.Мамунов және арызданушы Марат Ахметжановпен кездесуі.

Түсінікті болуы үшін өткенге қысқаша тоқтала кетейік, Қостанай қаласының істі болған бұрынғы әкімі Ахметбек Ахметжановтың туыстары «алаяқтық жасады, 1,2 млн долларымызды бермей кетті» деп Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Р.Мамуновтың үстінен арыз түсірген. Мамунов қамауда жатқан А.Ахметжановтың «жазасын жеңілдетуге, тәркіленген дүние-мүлкін қайтарып беруге» уәде еткен. Арызданушылардың айтуынша, Мамунов сол үшін 1,2 млн доллар алғанымен, уәдесін орындамаған.

Сот отырысында жәбірленушілер Мамуновқа төрт рет ақша апарып бергені белгілі болды. Отырыста тіпті Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Қайрат Мәми мен Жоғарғы сот судьясы Абай Жамбылұлы Рахметулиннің аты аталды. Мәмиге қатысты мәселе бұлыңғыр болса, Мамуновтың сенгені судья Рахметулин екені айтылды.

Оразалинге өтініш айтқан «маңызды адам» кім?

Кезекті сот отырысының ең қызық тұсы – Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің «маңызды адамның» өтініші бойынша орынбасары Р.Мамунов пен арызданушы М.Ахметжановты кабинетіне шақырып алып, оңаша сөйсесуі. Кездесу барысын жасырын тергеу кезінде жазып алған. Үшеуінің арасындағы әңгіме былай өрбиді:

Марат Ахметжанов (М.А): – 2016 жылы Русланмен кездестік ол менің бауырыма көмектесуге уәде берді. Оны 13 жылға соттап, дүние-мүлкін тәркілеген.

Оңдасын Оразалин (О.О): – Бауырым дегенің кім?

М.А: – Қостанайдың бұрынғы әкімі Ахметбек Ахметжанов. Русланмен ӘКК-де әріптес болғанбыз. Ол: «Мәселеңді шешіп берем. Апелляциялық сатыда жазаны 5-6 жылға дейін төмендетеді, тәркіленген дүние-мүлкінің бәрін қайтарады. Оның құны 1 млн доллар, 10 проценті менікі, ол  – 100 мың доллар» деді. Мен оған «туыстарыммен ақылдасайын» дедім. Сұрағанын беруден басқа жол жоқ еді. Алдын ала 100 мың доллар алды. 12 мамырда келіп 100 мың емес, 200 мың доллар сұрады. Оны да тауып бердік. «Енді апелляцияға дейін ақша беру керек емес» деді. Бір айдан соң «шұғыл түрде тағы 250 мың доллар керек, тез әкелмесең мәселе туындайды» деді. Шаруаларды қысып жатып 250 мың доллар тауып бердік. Апелляциялық сот 2016 жылдың 11 шілдесіне өтті. 13 жыл жаза, дүние-мүлік сол күйі қалды. Бауырыма қосымша 85 млн теңге ілді. Мамуновқа телефон соғып: «Бұл қалай болды?» дедім. Ол: «Басқа адамдармен сөйлесем, Жоғарғы сотқа шықтым» деді. Қысқасы, ол өзін алаяқ сияқты көрсетті. Мен 20 жыл ҰҚК-де істесем де, зомби сияқты оның құрығына түсіп қалдым.

Бұдан әрі Марат Ахметжанов облыс әкіміне Руслан Мамуновтың «ставканы» қалай 2 млн долларға көтеріп жібергенін, тағы 550 мың долларды қалай Мамуновқа апарып бергенін, соттың тек бір үйді қайтарып, 85 млн теңге талап еткен арызды алып тастағанын айтады.

О.О: – Сендердің айтып отырғандарың... 1 млн, 2 млн доллар дейсіңдер, сұмдық көп ақша ғой. Біріншіден, әр нәрсені өз атымен атасақ, бұл – пара. Осындай сома шынымен берді ме? Сен бұл ақшаны алып, апарып бердің бе?

Руслан Мамунов (Р.М.): – Мен бұл ақшадан өзіме ештеңе алған жоқпын.

Қысқасы, Р.Мамунов А.Ахметжановтың мерзімінен бұрын шыққанына септігім тиді деп есептейді. Ал Ахметжановтың туыстары бұған сенбейді. Бұдан әрі диалог былай өрбиді:

О.О: – Мен прокурор да, тергеуші де емеспін. Бірақ мына айыптаулар ауыр, негізі де жоқ емес. Сен менің орынбасарым, саяси жетекші ретінде... Бұл – репутацияның мәселесі, қылмыстық астары бар. Ол кезде мемлекеттік қызметкер болмасаң да. Ақша алыс-беріс нақты болды ма?

Р.М: – Нақты болды.

О.О: – Кімге не бердің?

Р.М: – Бәрі адамдарға берілді.

М.А: – Қандай адамдарға? Нәтиже жоқ қой!

Р.М: – Бұлар қазір нәтиже жоқ деп отыр. Желтоқсанда коттедждері тәркіленген еді, оны қалдырды. Айтқанын орындады. Жазасы 13 жыл еді, 4 жыл отырды. Бұл нәтиже емес пе? Бұлар маған бандиттерін жіберді. Қылмыс әлемі түгел келді...

О.О: – Бауырыңызды Таранов ауданында әкім кезінен білетін едім. Кінәлі ме, жоқ па, оны сот шешеді. Бірақ сендер таңдаған мәселені шешу жолы... Өздеріңді жауапкершілікке тарту керек. Маған маңызды бір адам телефон соғып, «мыналарды қабылдашы, қатар отырып сөйлессін» деді. Екеуің де бірдеңені жасырып отырсыңдар. Сен ақша алғаныңды, оны басқаларға апарып бергеніңді мойындайсың ба?

Р.М: – Бердім, бірақ бұлар нәтижені мойындамай отыр. Ақшаны өзім алғам жоқ, сондықтан қайтара алмаймын. Бұлар жемқорлыққа қарсы қызметке арыз жазды, енді қалай сөйлесеміз?

О.О: – Сендерді кездестіруді сұраған маңызды адамға жағдайды баяндауға міндеттімін. «Жігіттер қарама-қарсы отырды, бірін-бірін танитынын, ақша алыс-беріс болғанын мойындады. Бірақ нәтижеге бірінің көңілі толмайды» деп айтамын. Бұдан әрі өздерің шешіңдер. Бандиттер шақырудың қажеті жоқ екені белгілі, атысудың да қажеті жоқ, 90-жылдар емес. Ахметбектің әйелі саған өкпелі екенін, үстіңнен арыз жазғанын, бірақ сомасын көрсетпегенін айттың ғой. Оның үстіне ол кезде сен мемлекеттік қызметте емес едің. Жұмысыңа қатысты шағым жоқ, бірақ мына оқиға абырой әкелмейді. Іс насырға шапса, екеуіңмен де айналысады...

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиев куәгер ретінде сотқа қатысқан жоқ. Тек жазбаша түрде жауап беріпті. Кездесуде «басы артық» бірдеңе айтпағанынан болар. Тәжірибелі «аппаратчик» қой, жасырын жазба жүріп жатқанын сезіп қалуы да мүмкін. Бәлкім, сезбеген де шығар...

Облыс әкімінің өзіне тікелей өтініш айтқан «маңызды адам» кім болды екен, ә? Тұрақты оқырманымыздың айтуына қарағанда, Жоғарғы соттың ілгері-кейінгі төрағалары Мамуновтың ісін мұқият қадағалап отырған көрінеді. «Алғашқысының аты-жөні сөз арасында айтылып қалды, кейінгісі де іс барысына қатты құлақ түріп отыр» дейді оқырманымыз.

Тегтер: