Солтүстік Қазақстан – елдің сүт хабы: өңірге Еуропадан жоғары өнімді сиырлар жеткізілді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы табысты тәжірибесін елдің өзге аймақтарына да енгізуді тапсырған еді. Бүгінде өңір осы бағыттағы әлеуетін күшейтіп, елдің негізгі сүт орталығына айналып келеді. Мағжан Жұмабаев ауданында Еуропадан әкелінген жоғары өнімді голштин-фриз тұқымды ірі қара жаңа заманауи сүт фермасының негізін құрап отыр. Бұл ферма – Орталық Азиядағы ең ауқымды жобалардың бірі. Оның жұмысы цифрлық жүйелер мен жасанды интеллект элементтеріне сүйенеді.
Астана, NEGE. Советское ауылында салынып жатқан 10 мың басқа арналған сүт-тауарлық ферма – өңірдегі ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы ең ірі кешендердің бірі. Қазірдің өзінде 800 басқа арналған қора іске қосылған. Жуық арада бір мезетте 100 сиыр сауа алатын «Карусель» типті қондырғы орнатылмақ. Фермада малды бақылау және басқарудың автоматтандырылған жүйелері жұмыс істейді.
«Мемлекеттің үлкен қолдауының арқасында жеңілдетілген несие алып, заманауи ферма салдық. Қаржыландыру «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2,5 пайызбен берілді. Бұл өте тиімді мүмкіндік. Мұнда Орталық Азиядағы ең үлкен сауу залы болады. Барлық қондырғылар орнатылып, желтоқсанның соңында толық іске қосылады», – дейді жоба жетекшісі Николай Кляйн.
Фермадағы табын кезең-кезеңімен толықтырылуда. Алғашқы партия – Украинадан әкелінген 256 голштин-фриз тұқымды қашар – карантиннен өтіп, желтоқсан соңында төлдеуге дайындалуда. Екінші партия – Германиядан жеткізілген 165 бас ірі қара. Олар алдымен Бельгиядан Қарағандыға ұшақпен жеткізіліп, кейін автокөлікпен Мағжан Жұмабаев ауданына әкелінген. Келесі айда осыған ұқсас тағы шамамен 1200 бас мал жеткізу жоспарланып отыр.
«Голштин – әлемдегі ең өнімді сүтті тұқымдардың бірі. Кейбір елдерде бір лактацияда өнімділігі 15 мың литрге дейін жетеді. Біз де жоғары нәтижеге қол жеткізуді жоспарлап отырмыз. Алдағы жылдары жобаның 2 және 3 кезеңдері іске қосылып, табын саны 4,5 мың басқа дейін ұлғаяды», – дейді ферма басшысы Владимир Сергеев.
Оның айтуынша, фермада жем-шөпті басқарудың цифрлық жүйелері қолданылып, әр малға датчик орнатылады. Бұл аналық сиырдың күйлеу кезеңін уақытында анықтауға мүмкіндік береді және өнімділікті арттыруға ықпал етеді.

Солтүстік Қазақстанға соңғы айларда Еуропа, Ресей және Украинадан генетикалық әлеуеті жоғары шамамен 1700 қашар жеткізілген.
«СҚО тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында былтыр 17 сүт фермасы қаржыландырылып, іске қосылды. Биыл 8 ферма ашылды. Өндіріс артқан сайын өңдеу кәсіпорындарының да қуаттылығы көбейіп келеді. Мәселен, «Маслодел» өз қуаттылығын жылына 150 мың тоннаға дейін арттырды. «Евразиан Милк» те кеңею үстінде», – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Талғат Наурызбаев.
Қазір өңірде 110-ға жуық сүт-тауарлық ферма бар, оның 42-сі – жаңа буындағы заманауи кешендер. Бұл – Қазақстандағы жалпы 373 ферманың 30 пайызы. Мұндай жобалар СҚО-ны елдің басты сүт хабына айналдырып қана қоймай, ауылдарда жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті экономиканың дамуына серпін беріп отыр.