«Жын кірді», «сайтан шалды», «албасты басты» – Мифке сенуге бола ма?
Әлеуметтік желіде молданың жұдырықтай қыздың мойынынан қылқындырып, түрлі сұрақтардың астына алып жатқан бейнежазбасы көптің жағасын ұстатты. Мұны көргендердің бірі «баланың ішіндегі жынды шығарып жатыр» деп жорыса, енді біреулер молданың әрекетін қылмысқа балады.
NEGE тілшісі көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап іздеп, адам психикасын зерделейтін бірнеше маманға хабарласып, пікір сұрады. Сонымен, жын деген нәрсе бар ма, әлде жоқ па?
Данияр Жұмабеков, Қаскелең мешітінің наиб имамы:
Байлап қойып оқуға тура келеді
– Жынның бары анық. Бірақ оған ешкімді күстәналап сендіре алмаймыз. Адамның басына ауыртпалық түсіп, оның шешімін не психолог, не дәрігер мамандар таппағаннан кейін молданың алдына баруға мәжбүр болады. Бұдан өзге адам бойында психологиялық тұрғыда ауытқу пайда болуы мүмкін. Ол айтып отырғандай, дем салғаннан кейін белгілі болады. Егер жын кірген белгі болмаса, ондай жандарды арнайы психолог маманға қарату қажет. Ал молда шынымен жын кірген адамды шариғат бойынша қажетті аяттарды оқып, құранмен дем салып, ем жүргізеді.
Бірақ дем салып емдеу – соққының астына алып, ішінен не болмаса басынан басып, күшке салу деген сөз емес. Жан-жағын қиратып өзін-өзі ұстай алмай кететін жандар да болады, енді ондайларды амал жоқ байлап қойып оқуға тура келеді. Бірақ бой бермей, құтырып кететін жағдай өте аз. Мысалы, ішке кірген жынның 100 пайыздан 10 пайызы ғана көрініс беруі ықтимал. Оның өзі оқыған кезде ғана белгілі болады. Көбісі жылдап жасырын жүре береді. Бірақ әр жерін ауыртып, денсаулығына зиян келтіруі мүмкін.
Жынның кіруіне түрлі фактор әсер етеді. Пенде баласы болған соң дәрет алып, таза жүрген абзал. Сол сияқты ішер асың мен, киер киімің, жүрген жеріңе де мән беру керек. Наша шегіп, ішімдік ішіп, қала берді адалынан табыс таппаған жанды тура жолда жүр деуге келмейді ғой. Сол сияқты ішкен асы адалынан ба, ешкімнің ақысын жеп, көз жасына қалған жоқ па, осы жағын да әрдайым қаперде ұстаған абзал.
Төреғали Батырханұлы, психолог:
«Шыңғысханмын», «Абылайханмын» дейтіні содан...
– Әр адамның бойында энергетикалық қуат болады. Ол шектен тыс артып кеткен кезде мидағы нейрондар оны қабылдауға қауқарсыздық танытады. Оған қатты қуану, қайғыру, қорқу немесе депрессияға түсу тікелей әсер етеді де, дұрыс ойлау, екшелеу процесі тоқтап қалады. Соның салдарынан адам бойында ауытқуышылықтар пайда болады. Ол: галюцинация, түрлі дыбыстар есту, өзімен өзі сөйлесу немесе селқос отыра беру тағысын-тағылар. Мұндай жағдайлар тіпті ағзаға қажетті дәрумендер жеткіліксіз қалғанда да қылаң беруі мүмкін.
Мысалы, кейбір адамдар үнемі бір тамақты тұтына беруі ықтимал. Менің зерттеуімде әлеуметтік жағдайы төмен Африка елдері тұрғындарының арасында осындай жағдай жиі кездеседі. Мұндай психикалық ауытқуға тап болған адамдардың кейбіреуі тіпті өзін әлдебір тұлғаға теліп жатады. Психикалық ауытқуы барлар емделетін ауруханадағы науқастардың кейбірінің өзін «Шыңғысханмын» немесе «Абылайханмын» деп жүретіні содан.
Ал кейбіреуі өзін бала сияқты ұстайды. Айта берсе белгілері өте көп. Егер ол асқынып кетпесе ғана психолог көмек бере алады. Ал бой бермей кетсе, онда психотерапиядан өтеді. Мұндай адамды жұрттың «жынданып кетіпті», «ішіне жын кіріпті» деп жатады.
Сапар Құттыбайұлы, Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры:
Психикалық ауытқуы бар адамдарды «ішіне жын кірген» деп шатасады
– Психикалық ауытқуы бар адамдарды көбіне «ішіне жын кірген» деп шатастырып жатады. Ондай жандарды дәстүрлі емес медицинаға апарып, дертін асқындырып алып келетін жағдайлар бізде көп кездеседі. Дегенмен, шариғатта «жын кіру» деген дүние бар екені рас. Бірақ оның психикалық ауытқумен салыстырғанда өзіндік белгілері, айырмашылығы болады.
Мысалы, психикалық тұрғыдағы ауытқуға туа біткен немесе тұқым қуалайтын фактор әсер етеді, сондықтан ол адам өсіп келе жатқан кезде қылаң беруі мүмкін. Ал жын кірген адамның белгісі – адам қалыпты, жақсы өмір сүріп келе жатып, мінезі бірден өзгеріп кетуі мүмкін.
Айтарым, жақыныңыздың бойынан қандай да бір өзгеріс байқағанда бірден молдаға жүгінбей, алдымен арнайы мамандарға көрсеткен абзал. Егер науқас уақытылы амбулаториялық ем қабылдаса, асқыну процесі болмайды.
Мысалы, біздің есебімізде бір адам бар, жуырда «сіздердің орталыққа түспегеніме 17 жыл болды» деп қуанып отыр. Өйткені ол кісі уақытылы келіп, арнайы дәрі-дәрмегін алып, ем-шара қабылдап отырады. Соның арқасында бүгінде жеке кәсібін ашып, отбасын асырап, ел қатарлы өмір сүріп жатыр.
Жанна Тоқанқызы, невропатолог:
Аурудың 90 пайызы тұқым қуалаушылықтан туындайды
– Бастың шүйде тұсына түскен жарақат – көз, бассүйек ішіндегі қысымға әсер етсе, ал маңдайдағы зақым тікелей адам психикасына жауап береді. Сондықтан маңдайға қатты зақым келген адамның бойында уақыт өте келе ауытқушылық пайда болуы мүмкін. Қалай болған күнде бойында әбес қылық пайда болған жанды алдымен невропатолог дәрігер қарауы тиіс. Егер неврологиялық жағдай анықталмаса, психиатрға қаратқан жөн болады.
Жуырда алдыма бір әйел келді. Жеті баласы бар екен, мамандығы – мұғалім. Әбден жүйкесі тозып шаршағандықтан, күйзеліске түскен. Тіршілік түтіп жіберсе керек. Күйеуі де түсіністік танытпаған, қолдау көрсетпеген. Салдарынан терең депрессияға душар болған. Мұндай жандар уақытылы емделмесе, жынданып кету қауіпі бар. Сондықтан психиатр дәрігердің кеңесі бойынша күндізгі бөлімге жатқызып, амбулаториялық ем қабылдауға жібердік. Қазір жағдайы жақсарып келеді. Сол себепті жақындарыңызға жиі көңіл бөліп жүріңіз.
Тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, психикалық ауытқудың 90 пайызы тұқым қуалаушылықтан туындайды. Содан кейін басынан жарақат алған жандар да осындай жағдайға ұшырап жатады. Адам инсульт алғанда маңдай тұсына әсер етсе де, ми жұмыстарының қалыпты жұмыс істеуіне кедергі болып, психиканың бұзылуына әкеледі.
Түйін: Жынның бар-жоғына сену-сенбеу – өз еркіңіз. Бірақ кәсіби мамандар айтқандай, жақыныңыз әлдебір жағдайға душар болса «жын кірді» деп молдаға ала жүгірмей, алдымен психологқа, одан тәуір болмаса психотерапевтке апарғаныңыз абзал. Жақыныңызға жаныңыз ашыса, әрине...