16 Сәуір 10:15

«Соғысқа дайын болуымыз керек, кез келген сәтте шабуыл жасалуы ықтимал» – Саясаттанушы

шабуыл
Фото: Фото: shutterstock

Таяу Шығыстан тағы да жік шықты. Газадағы соғыс өрті басылмастан, Иран Израильге дрондармен, зымырандармен шабуыл жасады. Израиль болса, қарымта жауап беруге әзір екенін айтты. Әлем жұртшылығы тіксініп отыр. 

Адамзат үшінші дүниежүзілік соғыстың табалдырығында тұрғандай. Израильдің артында Батыс тұрса, Батысқа жұлдызы қарсы елдер одағының сұлбасы айқындалып келеді.

NEGE порталына берген сұхбатында Саясаттанушы Сайын БОРБАСОВ қазіргі геосаяси ахуалты талдап берді.

Саясаттанушы
С.Борбасов. Фото: ғаламтордан

– Әлемде тағы бір жанжал ошағы пайда болды. Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс бұдан әрі қалай өрбиді деп ойлайсыз?

– Әлем текетірес заманына тап болды. Жеке мемлекеттердің арасында ғана емес, одақтар арасындағы ахуал ушығып барады. Әр мемлекет одақтастарын іздейтіні анық. Мысалы, Израильдің Иранға жойқын шабуыл жасауға шамасы жетіп артылады. Өйткені, оның одақтастары өте көп. АҚШ пен Еуропа, әлемдегі түрлі сионистік топтар қолдайды. Әлемдегі миллиардерлердің дені – еврей ұлтынан. Иранның халқы Израильдің халқынан көп болса да, Израильдің қаржылық жағдайы да, әскері де өте күшті.

Десе де, Израиль Иранға соққы беруден тартынуы ықтимал. Себебі, қазір Израиль Палестинада Хамаспен соғысып жатыр. Екі бірдей майданда ұрыс жүргізу оңай шаруа емес. Сондықтан алдымен Хамасты біржақты етіп алуды көздейді. Иран шабуылын тоқтатпаса, Израильдің қарымта соққы беруі де ғажап емес.

АҚШ Қытай мен Ресейді Иран мен Израиль арасына араағайын болуға шақырып жатыр. Соғыс басталып кетуден қауіптеніп, екі жаққа басу айтып, шабуылдан бас тартуға үгіттеуде.

Ал Ресейге бұл аймақта соғыс өртінің тұтанғаны пайдалы. Сонда әлемнің назары Украинадан Таяу Шығысқа ауады. Әлемдік эскалация күшейген сайын өзін ақтауға да жақсы мүмкіндік туады. «Біз ғана емес, бүкіл әлем Батысқа қарсы соғысып жатыр» дегендей.

Соғыс
Фото: ғаламтордан

– Иран, Ресей және Қытай одағы құрылуы мүмкін бе?

– Иран, Қытай және Ресей – потенциалы өте зор мемлекеттер. Қытайда 1 миллиард 400 мыңдай адам тұрады. Иранның 100 миллион халқы бар. Ресейдің халқы 150 миллионға жуық. Бұл – әлем халқының бестен бірі тұратын аймақ. Қытайдың экономикалық қуаты әлемде бірінші орынға шығып келе жатыр.

Батыс санкция салуды тоқтатпай, тізесін батыра берсе, бұл елдер одақ құруы әбден мүмкін.

– Екінші дүниежүзілік соғыстың алдындағыдай үштік одақ пайда болмақ па?

– Құралады деп айтуға әлі ертерек. Десе де, қазір үш ел тығыз байланыста. Түптің түбінде осыған келе жатқан тәрізді.

Бірақ Қытайдың ауытқып кетуі әбден мүмкін. Қытай құйтырқы саясатты көп жүргізеді. Пайдалы, ыңғайлы жағына қарай бұрылып кетеді. Сондықтан Қытай Ресей мен Иранның жағына шығады деп ойламаймын. НАТО, ҰҚШҰ секілді іргелі әскери ұйым құруы да неғайбыл.

– Ахуал неге күрт ушықты?

– Израиль де агрессивті мемлекетке айналды. Қазіргі Ресейден айырмасы шамалы. Бірақ бұл жерде Израильге шабуыл бастаған – Хамас.

Күні кеше Хамас лидерінің үш ұлы мен төрт немересі қаза болды. Көліктеріне Израильдің бомбасы түскен. Ердоған көңіл айтты. Мұндай жағдайдан кейін Хамас өліспей беріспейді. Әлі де соғысады. Әлемдегі текетірестің тоқтайтын түрі жоқ. Таяу Шығыстағы, Шығыс Еуропадағы соғыс жақын арада тоқтамайды.

Ресей Қырымды, Луганск пен Донецскіні бермейміз деп тас бекініп отыр. Украина болса, айрылған жерін қайтармай, соғысты тоқтатудан бас тартпайтынын мәлімдеді. Украина жеңгенше батыс қару-жарақ бере бермек. F-16 жойғыш ұшақтары мен HIMARS зымыран компекстерін жіберіп жатыр.

Соғыс
Фото: АР

– Иран мен Израильдің бұрыннан жұлдызы қарсы. Иран Израильге қарсы топтарды қолдайды. Израиль ирандық ғалымдарға, шенді әскерилерге қастандық жасап келеді. Бірақ жағдай қарулы жанжалға дейін жетпеген еді. Неге қазір әрекетке көшті?

– Бұл екі елдің бас араздығы, дұшпандығы бұрыннан бар. Бір-біріне сес көрсетумен келді. Мұның ақыры соғысқа дейін жетті. Енді әрекетке көшті.

Бірақ израильдіктер Иран зымырандарының 98 пайызын атып түсіргенін мәлімдеді. Соған қарағанда, Изральге көп зиян келе қоймаған тәрізді. Бұл елдің әуе шабуылына қарсы қорғанысы өте мықты. «Темір күмбез» деген бағдарламасы негізінде жасалған. Израиль арабтармен соғыс жағдайында тұрғандықтан, әскери дайындығы тас-түйін.

Өз басым Израильде болғанмын. Қыздарына дейін әскерде қызмет етеді. Ми қайнататын ыстықта автомат асынып жүреді. Кеуделерінде – бронды жилет, басында – каска. Біз футболкамен әрең шыдап жүрсек, олар сауыт-сайман жүр. Израиль – соғысқа әбден дайындалған мемлекет.

– Таяу Шығыста ахуал ушықса, Ресей Иранға қандай жәрдем бере алады?

– Көмегі шамалы. Ресейдің де қауқары жеткіліксіз. «Тараптар келісімге келуі керек» дегеннен әрі аспайды. Иран Ресейден көп көмек күте алмайды. Көмек бере алатын бір болса, ол Қытай болуы ықтимал.

Үндістан да қолдауы мүмкін. Дели соңғы кезде Тегеранмен жақындасуға ұмтылып жүр. Кейбір елдер Қытай, Ресей, Үндістан, Пәкістан және Иран бестігін құруға мүдделі. Бұл Ресей мен Қытайдың сыртқы саясатынан байқалады. «Үндістан мен Пәкістан қосылса, Батыс бізге ештеңе істей алмайды» деп ойлайды. Бірақ осы екі елдің арасындағы жағдай белгілі. Соғыс жағдайында тұр. Бұл жоспардың қалай болары беймәлім.

– Үшінші дүниежүзілік соғыстың қаупі бар деп айта аламыз ба?

– Қауіп бар. Аяқ астынан лап етуі ықтимал. Израиль Иранға аяусыз соққы бере бастаса, Иранды Қытай қолдап қару берсе, онда үлкен соғыс тұтануы әбден мүмкін.

Бұдан бөлек, Украина мен Ресей арасындағы соғысқа жанама түрде әлемнің елу мемлекеті араласып отыр. НАТО-ға мүше 36 ел түгелдей Украинаға әскери көмек беріп жатыр. Демек, бұл – белгілі бір дәрежеде бұл мемлекеттер соғысқа тартылды деген сөз. Әлемнің әр тұсынан еріктілер келіп, соғысып жүр. Мұндайлар екі тарапта да бар. ТМД елдері де жанама түрде соғысқа қатысып отыр.

Рим папасы Франциск Украинадағы соғысты «үшінші дүниежүзілік соғыстың басталуы» деп баға берді. Мұны ол бекер айтып отырған жоқ. Ватиканның ақпараттары өте күшті. Сондықтан бұл адамның пікірімен санасу қажет.

Папа
Рим папасы Франциск. Фото: АР

Жуық арада алапат соғыс бола қоймас деп ойлаймын. Дейтұрғанмен, алғышарттары қалыптасып қойды.

– Күрделі геосаяси ахуалда Қазақстанның сыртқы саясаты қандай болуы тиіс?

– Еліміз соғысқа дайын болуы керек, кез келген сәтте шабуыл жасалуы ықтимал.

– Сіздіңше, қауіп қайдан?

– Ресей су тасқынының өзін бізден көріп отыр. Сондықтан «Жау жоқ деме – жар астында, бөрі жоқ деме – бөрік астында» деген тәмсілді ұмытпағанымыз жөн.

Дрондарды, қанатты зымырандарды дайындау керек. Заманауи ұшақтар қажет. Қару-жарақтарды Ресейден алғанды тоқтатқан абзал. Олардың қаруының сапасы белгілі болды. Қаруды батыстан алған дұрыс.