24 Ақпан 12:43
...

Соғыс жағдайындағы Қазақстан: ДХР мен ЛХР сабақтары НЕГЕ қазақ үшін маңызды?

Фото:

Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін

Өйтті-бүйтті, өзінің басқыншылық ниетін олай да, былай да тұмшағаландай болды, ақырында соғыс басталып кетті...

Оқырмандарымыз Украина мен Ресей арасындағы соңғы кезде тым ушығып кеткен жағдайға қанық болар. Сондықтан оқиғаларды тізбелемей-ақ қояйын.

Айтайын дегенім: осы күнге дейін сыпайылық сақтап, дипломатиялық этикеттен ауытқымай, Ресей сияқты ірі көршіге объективті және субъективті түрдегі тәуелділігімізді және ол жақта қандастарымыз мен бұл жақта орыстардың бар екенін ескеріп, тым мәдениетті сөйлеп келгенімізді доғару керек!

Украина мен Ресей арасындағы бүгінгі жағдай бізге сондай мүмкіндік беріп отыр деп санаймын. Темірді қызу кезінде соқ демекші, осынайды бүгін айтпағанда, қашан айтамыз?!

Жоқ, мен Ресеймен ат құйрығын кесісу туралы айтып отырған жоқпын, онымыз тым артықтау болар: жоғарыда келтірілген факторларды мүлдем жоққа шығара алмаймыз ғой.

Меніңше, стратегияны сақтай отырып, тактиканы біршама өзгерту керек. Соның ішінде мынадай қадамдарды қарастырған жөн секілді:

Біріншіден, Украина аумағындағы заңсыз әрі әлем мойындаудан бас тартып отырған ДХР,ЛХР-ды принципті түрде мойындамау қажет! Ол үшін БҰҰ және басқа да халықаралық келісім-шарттарды басшылыққа алатынымызды жария етіп, өз позициямызды нықтап қоюымыз керек.

Меніңше, «ЕАЭО, Кеден Одағы, ОДКБ, ШОС секілді ұйымдардағы одақтастар біздің кез келген қадамымызды қолдамай қайда барады?» деген Кремльдің астамшыл ұстанымы жоқ емес. Осынау сенімділік оның аннексиялық саясатына дем беріп, неоимпериялық пиғылының отына май құйып отыр.

Екіншіден, шұғыл түрде көпвекторлық саясатымыздың басым бағыттарын жандандырып, «ұжымдық Батыс», Орталық Азиядағы көршілеріміз, Түркі елдері ұйымымен, Жапониямен қарым-қатынастарға жаңаша серпін беруге тиіспіз. Соның ішінде осы елдермен аймақтық қауіпсіздік, әскери-техникалық ынтымақтастық секілді өзекті салаларды дамытқанымыз абзал.

Үшіншіден, өз еліміздің жер тұтастығының бұрынғы ресми кепілдіктерін (Будапешт келісімін қоса) қайта жаңғыртып, керек болса, сол кепілдіктерді күшейтіп, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі деңгейінде тиісті шешімдер қабылдап, әлемдік архитектураның жаңаша, XXI ғасыр талаптарына сай, ең бастысы, ешкім де өз қалауынша өзгерте алмайтындай жаңа механизмін жасап алуымыз қажет!

Осы шаруаға Ресейдің басқыншылық әрекеттерінен зардап шеккен және болашақта зардап шегуі ықтимал елдерді, соның ішінде, кешегі Совет одағының құрамында бірге болған мемлекеттерді белсене араластырған дұрыс болар: жалғыздың үні шықпас.

Әйтпесе, ертеңгі күні Ресеймен жасалған шарттарымыз бен ауызекі келісімдеріміз түк болмай қалады. Сыныққа сылтау іздеп, Кремль небір құйтырқылыққа барып жатқанын өз көзімізбен көріп отырмыз. 2014 жылғы Майдан кезіндегі «орыстілділердің құқын қорғаймыз!» деген ұраны ДХР мен ЛХР-ға қатысты қайталанып жатыр емес пе?!

Төртіншіден, осы күннен бастап шекарамызды бекіту ісіне ерекше маңыз беру керек. ЕАЭО талаптарына сай, ол шекарамыз ашық-шашық боп қалды. Шекара маңындағы аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңаша мән берген абзал.

Бесіншіден, ішкі миграцияны реттеп, әр өңірдегі демографиялық және ұлттық құрам жағдайын түзеп, ол үшін қаржы-қаражат пен қажыр-қайратты аямау керек! Ондай терең де тегеурінді саясат жүргізілгенде отыз жылдың ішінде «солтүстік облыстар» проблемасын баяғыда-ақ шешіп тастауға болар еді. ДХР мен ЛХР де Ресеймен көршілес әрі ұлттық құрамында орыстар басым болғандықтан сепаратизм ошағына айналып отыр емес пе?!

Алтыншы жәйт осыған қатысты: Қазақстанның Тәуелсіздігі мен жер тұтастығына шәк келтіретіндер мен сепаратистік ниет танытқандарға қатысты заңнама күшейтіліп, олар «аса қауіпті қылмыскер» ретінде танылатындай жазаларды қарастыру керек. Сыртта жүріп, қазақ жеріне көз алартқандар да өз жазасын алатындай заңдар қабылдап, оны шекаралас елдермен өзара келісіп қоюға да болар еді.

Қазақ ақпараттық алаңының төріне шығып, ойына келгенін оттап жүрген ресейлік теларналар мен басқа да БАҚ жүйесінің жағдайын майшаммен қарайтын уақыт келді деп санаймын. Сепаратизмнің нағыз үгітшілері мен насихатшылары – солар болып отыр!

Ең бастысы, бізге тұрақтылық керек! Өйткені, тұрақсыз ел сыртқы экспансияға төтеп бере алмайды. Тұрақты ел ғана өз Тәуелсіздігін қорғап қала алады!

Бәлкім, дәл осы кезеңде осы ұстаным, осы мұрат, осы мақсат мемлекетті біріктіре алатын ұлттық идея ретінде қабылданса, ол да артық болмас!

Әйтпесе, «бас-басына би болып», билік үшін таласамыз деп жүріп, жерімізден айырылып қалуымыз әбден мүмкін.

P.S. Әрине, менің бұл ойым «тұрақтылықты ойлап, билікке қатысты сын айтуды доғару» дегенге саймайды. Сын керек, балама пікір керек. Бірақ, ішкі және сыртқы қауіптерді де ұмытпайық.

Менің айтайын дегенім осы ғана!

Тегтер: