23 Желтоқсан 09:46
...

«Smack Тhat» – Отандық әншілер шетелдік әріптесінің әрекетін қалай бағалады

Фото:

Жуырда «Алматы Арена» сахнасында ән шырқап кеткен американдық Akon-ның  кеші ел аузынан түсер емес. Бұл жолы кілтипан алыстан ат артып келген өнерпаздан емес, өзіміздің қаракөздерімізден шықты. Өнер иесімен қосыла шырқаған қыздар оған деген «құрметті» іш киімін лақтырып білдірді.

Белгілі айтыскер ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол ӘЛТАЕВ үндеу жасап, Мәдениет және ақпарат министрлігіне шетел әншілеріне қойылатын талаптар жиынтығын әзірлеу қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі алдағы оқу жылынан қалдырмай «Салт-дәстүр» сабағын мектеп бағдарламасына енгізуі қажет деген ұсыныс жасады. Бұдан соң дәстүрлі әнші Айгүл ЕЛШІБАЕВА да желіде арнайы жазба жариялап, Әлтаевты қолдайтынын жеткізді. Ал желідегі жұрттың арасында кінәні біреуден іздемеуді ескерткендер бар.

Майра КЕРЕЙ, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі:

Тәртіпсіздік жасаған көрерменді жазалау керек 

– Әр жердің тыйымы мен тәртібі болады. Келген көрермен де осыған орай этикаға бағынуы керек. Кино мен театр саласында да солай ғой, жарыққа шығатын туындының белгілі жас шамасынан жоғары көру қажеттігі белгіленеді. Мәдени ортаға барған адам қоғам азаматы ретінде не киіп, не айтып, не қоятынын білуге тиіс. Сол сияқты келуші өнерпазға деген тыйым да алдын ала ескертілгені жөн.

Мысалы, Қытай сырттан келген өнер иелеріне ішкі саясатына қарасты талап қояды. Концертті қоюдағы мақсатынан бастап, айтатын әнінің сөзіне дейін зерделейді. Осы үрдіс бізге де қажет сияқты.

Мәселен, өнерпаз халықтың алдына наша шегіп, спирттік ішімдік ішіп немесе  өзге діни көзқарасқа үгіттеп, тіпті болмаса жалаңаш күйде шығып кетуі мүмкін. Шақырған компания сырттан келетіндермен арада келісімшарт жасарда осындай талап-тыйымдарды пысықтап алғаны дұрыс. Ал шақырушыларға лицензия берген мекеме осыны талап етуге тиіс. Қайткен күнде әнші мен тыңдарманға қатысты таразыны тең ұстаған жөн.

Зарина ОМАРОВА, эстрада әншісі:

Akon-да кінә жоқ

 

– Мен мұны бірінші рет өзіңізден естіп тұрмын. Дегенмен, айтарға сөзім жоқ, жаға ұстатарлық жағдай екен. Мәселе осындай әрекет жасаған қыздардың тәрбиесінің осалдығында жатыр. Қарап отырып бүтін бір елдің атына кір келтірді.

Ал әншіде кінә жоқ. Ол келді, әнін салды. Қане, «ішкиіміңді шешіп, маған лақтыр» демеген болар. Өзіміз де ұл-қыз тәрбиелеп отырған соң қоғамдағы осындай жайттарды естіп, болашақтарына алаңдаймын. Қаракөздеріміздің ар-намысын осылай төмен түсіріп жібергеніне қынжылып отырмын.

Осының бәрі ұлттық тәрбиеден ажырап, қызға қарасты қаталдықты сейілткеннің көрінісі. Бізге анамыздың қатулы қарағаны да жеткілікті еді. Мектеп бітірген соң да дискотекаға әрең сұранып баратын едік. Жіберген күннің өзінде межелі уақытта қайтпасаң, есік алдында оқтаумен күтіп тұратын. Бірақ бұдан жаман болмадық. Бала ненің болатынын, ненің болмайтынын біліп өсу керек.

Қазіргі балаларға өзі білсінге салып, бостандық беріп қойғанбыз. Мұның артында күнкөрістің қамы тұрғаны белгілі. Бірақ бала тәрбиесін уыстан шығармағанымыз дұрыс.

Сембек ЖҰМАҒАЛИЕВ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:

Бұл – TikTok-тан алған тәрбиенің «жемісі»

– Әлтаевтың ұлттық тәрбиені жандандыруға қатысты бастамасын қолдаймын. Себебі жастарымыз әлеуметтік желінің құлына айналып жатыр. Анығын айтқанда, оларды Тик Ток пен инстаграм тәрбиелеп жатыр. Теледидардың өзінде көріп жатқаны «Қосылайық» пен «Қалаулым» сынды бағдарламалар. Бүтін елдің алдында бір-біріне бейәдеп сөздер айтып, бір-бірін жұлып жатқан қыздар. Ондайды көріп өскендер анайы әрекет атаулыны қалыпты жағдай деп қабылдайды.

Қыздар іш киімін лақтырса, әнші де сондай деңгейде деген сөз. Себебі оның әнін түсінетіндер солай елітеді, ал түсінбейтіндер билейді.

Дегенмен оны да кінәлауға келмес, біздікілер оның репертуарын біле тұра шақырды, ол болса келді. Бірақ мұндай әншілерді елге шақыру жалғаса бермеуі керек. Шақырған күннің өзінде олардың әніне, мәніне назар аударылу қажет.

Жеңіс ЫСҚАҚОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші:

Ішім ауырды деп көшеде көрінген жерге отыра салмайсың ғой

– Келген әншіге бұл қалыпты жағдай болып көрінуі мүмкін. Себебі батыстықтар еркіндікке үйренген. Бірақ еркіндіктің жөні осы екен деп дамбалын шешіп, сахнаға лақтыру көргенсіздік. Ол әншінің әндері нәпсіні қоздыратын сипатта дегенді де айтып жатыр. Бірақ ішім ауырды деп көшеде көрінген жерге отыра салмайсың ғой. Бұл да сол сияқты жағдай. Сондықтан тәртіпсіз көрерменді әкімшілік жазаға тарту керек.

Өз басым ерсі қылық жасаған әншінің де, көрерменнің де жауапкершілікке тартылғанын қалаймын. Шетелдік әншілер елге келерде бес жұлдызды қонақүй сұрап, онда ақ төсек болсын деген сияқты өзіндік райдерін алға тартады. Соған орай біздің жақтан да талап күйшейтілу керек.

Мысалы, қайсыбір өнер орталығының қызметкерлері шетелден келген бір әншінің грим бөлмесін былғап кеткенін айтты. Артын бықсытып, аузына келгенін айтатын болса, оларға айып төлету керек.  Тіпті  кейбір өнерпаздар желіде өзінің ориентациясын айтып отырады. Дәдел бар ма, жауапқа тартылсын.  Ал балағат сөз айтып, ерсі қылық көрсететін көрерменнің әкімшілік жауапқа тартылатыны билетке де, кіреберіс есікке де тайға таңба басықандай жазылып тұру керек.

Тегтер: