Скрининг: Денсаулығыңызға көңіл бөліп жүрсіз бе?
Скрининг – бұл денсаулығы жақсы адамды алдын-ала тексеруден өткізу. Ағылшын тілінен аударғанда скрининг сөзі «таңдау», «сұрыптау» деген мағынаны да білдіреді. Скрининг арқылы кез келген ауруды ерте кезеңде анықтап, дер кезінде қауіптің алдын алуға болады. Ол үшін диагностика, қан сынамалары немесе жылдам жүргізілетін басқа процедуралар қолданылады. Алдын ала тексерістен өтудің пайдасы болмаса, ешқандай зияны жоқ. Әсіресе, онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Оның басты мақсаты қоғамның денсаулығына бағытталған.
Скрининг туралы не білу керек? Скринингтен өту қалай жүргізіледі?
Кейбір ауру түрлері адам бойында симптомсыз өтеді. Скрининг аппараттық немесе зертханалық тексеріс арқылы жүргізіледі. Ол арнайы диагностикалық жабдықты қолдану арқылы зертханада жүзеге асырылады. Скринингтің басты артықшылығы – ауруды емдеу оңайырақ болатын ерте кезеңде анықтау және адамның ұзақ өмір сүру мүмкіндігін арттыру. Скринингтік тестілеу нәтижесінде дәрігерлер көрсеткіштерді зерттеп, оларды нормалармен салыстыра отырып, болашақта денсаулыққа қатысты мәселелердің туындау ықтималдығын есептей алады немесе әлі толық күшіне еніп үлгермеген ауруларды анықтайды. Скринингтің қорытындысына сәйкес, адам денсаулығына баға беріледі. Дені сау екені анықталады немесе денсаулығында қандай да бір кінәрат болса, диагноз қойылады. Жалпы бұл әдіс медицинаның әртүрлі салаларында қолданылады.
Скрининг міндетті процедураға жатпайды. Бірақ сіз де денсаулығыңыздың жақсы екендігіне 100% кепілдік бере алмайсыз. Ауру кез келген сәтте алқымыңыздан алуы мүмкін. Сол себепті аурудың алдын алып, мұқият тексеруден өтіп, денеңіздің қандай күйде екенін анықтаған дұрыс. Сонда ғана сіз кез келген аурудың белгілеріне алдын ала дайын боласыз және оны оның асқынбай тұрған бастапқы кезеңінде емдей аласыз. Осы тұрғыда скринингтен өтудің пайдасы мол.
Көптеген скринингтер (мысалы, сүт безі обыры, жатыр мойны обыры, тоқ ішек ісігі) бір рет емес, кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Сізге қандай скрининг керек екенін қалай білуге болады?
Сіз өзіңіздің жеке жағдайыңызды (жынысы, жасы және тәуекел деңгейін) ескере отырып скринингтің қажеттілігі туралы терапевт немесе емдеуші дәрігердің қабылдауына жазылып, біле аласыз.
Маман сіздің жағдайыңызға қажетті скринингтердің тізімін жасайды және жас ерекшелігіңізге және белгілі бір ауруларға бейімділігіңізге (тұқым қуалайтын және басқа себептерге байланысты) негізделген кесте жасайды. Егер сіз бұл мәселе бойынша бірінші рет кеңес алуға бел бусаңыз, дәрігерге барар алдында бойыңызда бар аурулар туралы жадыңызды жаңартып, отбасыңыздың тарихын (отбасындағы және жақын туыстарындағы тұқым қуалайтын ауруларды) зерттеген жөн.
Кімдер скринингтік тексеруден өтуі керек?
Скринингтен белгілі бір жас тобына жататындар тексеріледі. Мысалы, 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер 4 жылда бір рет жатыр мойны обырына скринингтен өтеді. Науқас биыл скринингтік тізімде болса, медбике оларды скринингке шақырып, тексеруге қалай дайындалу керектігін айтады.
Скринингтер белгілі бір аурулар мен белгілі бір жас тобына байланысты жүргізіледі. Жас категориясы төмендегідей бөлінеді:
– 0 жастан 18 жасқа дейінгі балалар (педиатрдың, мамандардың қарауы, қан мен зәр анализі, диагностикалық тексерулер).
Балалар кәмелетке толғанға дейін жыл сайын профилактикалық тексеруден өтеді.
– 30 жастан 70 жасқа дейінгі ересектер. Тексеру ешқандай белгілер болмаған жағдайда да жүзеге асырылады.
Негізгі скрининг зерттеулеріне мыналар кіреді:
– қан қысымын өлшеу;
– холестеринді бағалау;
– қандағы глюкоза деңгейін анықтау;
– қандағы АИТВ-ның бар-жоғын тексеру;
– сүйек тінінің тығыздығын бағалау;
– қатерлі ісіктерді анықтауға арналған анализдер.
Әдетте қан қысымын өлшеу ата-әжелерге ғана тән құбылыс болып көрінуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде қан қысымының жоғарылауы жастарда, тіпті балаларда да кезедесетінін есте сақтаған жөн.
Халықаралық ұсыныстарға сәйкес, 3 жастан 18 жасқа дейінгі барлық дені сау балалардың қан қысымын жылына кемінде бір рет, сондай-ақ медициналық көмекке жүгінген сайын өлшеп тұру керек.
Скрининг әртүрлі аурулардың алдын алуда маңызды орын алады. Дәл осы мақсатта заманауи медицина скринингті қолдайды. Ол әлем елдерінің тәжірибесінде де кең етек жайған. Қазақстанда да бұл тәсілді қолданып келе жатыр. Елімізде скринингтік тексерулер тегін медициналық көмектің қатарында әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінің тізіміне енгізілген. Сіз оны өзіңіз тіркелген емханада ала аласыз. Сол сбепті әрбір алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінде скрининг кабинеттері бар.
Денсаулық сақтау министрлігінің таратқан ақпаратына сәйкес, осы жылы 3 млн-ға жуық ересек адам скринингтік тексеруден өткен. Оның ішінде 1 миллионнан астамы ауыл тұрғындары. Оның ішінде 388 мың адамнан ауру симптомдары анықталған, 220 мың азамат диспансерлік есепке тұрды.
Ең басты байлығымыз – денсаулықтың өз қолымызда екенін әрқашан есте ұстауымыз керек. Сондықтан оны әркім өз бетінше жақсартуды қолға алып, дерттің ерте диагностикасы мен алдын алу жолдарын бүгіннен бастаған жөн.