2 Наурыз 12:22

Шойгу Орталық Азияға неге шүйлікті?

Генерал
Фото: Antonio Masiello/Getty Images

Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу Орталық Азия елдеріне қатысты қатаң мәлімдеме жасады. Оның пікірінше, үкіметтік емес батысшыл ұйымдар Ресейге қарсы әрекетті күшейткен. 

Ондағы мақсаты – Орталық Азия елдерінің Ресеймен арадағы әскери-техникалық, экономикалық және мәдени ынтымақтастығын әлсірету. Мұны «арнайы әскери операция» кезінде жасап жатқан көрінеді. Ресей Украинаға қарсы басқыншылық соғысын осылай атайды.

«Алдын алу шараларын қолданамыз», – деп қысқа қайырды Шойгу.

Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Шойгудың мәлімдемесіне қатысты көзқарасын білдірді. Ол Ресейдің қандай шараны меңзегенін білмейтінін айтты.

«Президент үшін, үкімет үшін азаматтық саланы, үкіметтік емес ұйымдарды қолдау – басымдық берілген бағыт. Біздің елімізде 18 мыңдай үкіметтік емес ұйым бар. Олар біздің заңнамаға сәйкес жұмыс істеп жатыр. Қоғамның маңызды бөлігі болып табылады. Яғни, азаматтық қоғамды мемлекет қолдап отыр», – дейді Роман Василенко.

Қазақстандық сарапшылар Шойгудің мәлімдемесіне қатысты NEGE-ге пікір білдірді.

Сергей ДУВАНОВ, құқық қорғаушы:

Дипломатиялық арналар арқылы қысым жасауы мүмкін

Саясаткер
Фото: ғаламтордан

– Бұл сауал мені де мазалап жүр. Бірнеше күннен бері «Ресей қандай шара қолдануға ұмтылып жатыр?» деп бас қатырудамын. Әзірге толымды жауап таппадым. Достарым мен айналамдағы адамдардан да сұрадым. Ешқайсысы тұспалдап та жауап бере алмады. Сонда, не істемек?

Меніңше, мұның жалғыз ғана жолы бар. Дипломатиялық арналар арқылы біздің билікке қысым жасап, шетелден қаржыландырылатын үкіметтік емес ұйымдарды «тәубесіне» түсірудің тетіктерін ойлап табуға мәжбүрлеуі ықтимал. Соғыс туралы сөз аз айтылуы үшін оларға бұғалық салуды немесе томаға кигізуді көздейді. Өйткені, соғыс тақырыбы Кремльдің шамына қатты тиеді.

Менің білуімше, Украинадағы соғыс жөнінде осы үкіметтік емес ұйымдар мәселе көтеріп жүр. Оның ішінде оппозиция да бар. Оппозицияға келсек, бұл бөлек әңгіме. Ал Шойгу ең алдымен үкіметтік емес ұйымдарға назар аударып, қысым жасау туралы сөз етіп отыр.

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

Мұнысы – сыныққа сылтау

Саясаттанушы
Фото: ғаламтордан

– Олар «авторитарлық, тоталитарлық мемлекеттерде үкіметтік емес ұйымдар мемлекетке бағынады» деп ойлайды. Шындығында, бұл ұйымдар мемлекетке пысқырып та қарамайды. Өз позицияларын ашық білдіреді.

Мемлекеттік органдардың немесе күштік құрылымдардың үкіметтік емес ұйымдарға қысым жасауы өте қиын. Тіпті мүмкін емес. Өйткені, ол мемлекеттің қолында тұрған нәрсе емес. Тиіссе, бәлеге қалуы ықтимал. Соңғы кездері Ресей басшылығы наразылық білдіріп жүр. Өздерінің ықпалын күштеп жүргізгісі келеді. Бірақ ол мүмкін емес. Өйткені, қойған талаптары қисынсыз әрі орынсыз. Мұнысы – сыныққа сылтау.

Олардың ойынша, Қазақстан – айтқанынан шықпайтын мемлекет. Біздің сөзімізді жерге тастамайды деп біледі. Іс жүзінде, Қазақстан ешкімге бағынғысы келмейді. Әсіресе, Тоқаевтың кезінде. Осы жағдайды түсінбей отыр.

Қазбек БЕЙСЕБАЕВ, дипломат:

Олар бірдеңе десе, біз шамадан тыс мазасызданамыз

Дипломат
Фото: ғаламтордан

– Біз Ресеймен бірге ҰҚШҰ-ға мүшеміз. Екі ел арасында түрлі келісімдер бар. Шойгу тек қана Қазақстан туралы сөз қозғаған жоқ, Орталық Азия елдерін қоса меңзеді. Десе де, олар айта береді. Ресей қазір Украинамен соғысып жатыр. Қару-жарағы мен әскерін сол жаққа төкті.

Олар «жеңіс үшін!», «керек болса, қайталаймыз!» деген ұрандарды айтады. Бұл – жай ғана риторика. Сыртқы қарым-қатынаспен айналысатын сыртқы істер министрлігі бар. Қорғаныс министрінің өз аудиториясы бар. Сондықтан бұл жөнінде нақты бірдеңе деу қиын.

Айта кететін жайт, олар бірдеңе десе, біз шамадан тыс назар аударып, мазасыздана береміз. Қоғам өре түрегеледі. Мұның қажеті жоқ. Бұл біздің ресейлік ақпараттық кеңістігінде жүргенімізді көрсетеді.