8 Ақпан 18:00

«Шын батылдық — билікті біреуге беру».«Cұлтан Бейбарыс» саундрамасы сахналанды

Алатау театры
Фото: Nege.kz

«Сені әмірші қылып тұрған – қара халық. Олар сені таққа отырғызады да, мойныңа арқан салып елді дұрыс, ақылмен билеуіңді күтеді. Олай болмаған жайдайда астыңдағы тағыңды тартып алып, есігіңді тарихтың қоқысына лақтырып тастайды…»

Былтыр Мысырда мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойы кең көлемде аталды. Осыған орай Каир қаласын­да күрделі жөндеуден өткен Сұлтан әз-Захир Бейбарыс ме­ші­ті салтанатты түрде ашылып, халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Екі елдің елшілігінің ұйғарымы бойынша белгілі драматург жазушы Рақымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» спектаклі де сахналанған еді.

Ал кеше «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Mamluk.Сұлтан Бейбарыс» премьерасының тұсауы кесілді. Қойылымның режиссері – Фархад Молдағали, көркемдік жетекшісі – Нұржан Тұтов, пластика режиссері – Шырын Мустафина, хореографы – Әділет Таменов, композиторы – Серікжан Айтқалиев, суретшісі – Нұрлан Төлешов, костюм суретшісі – Алма Сырбаева, саунд-дизайнер – Дидар Исахан.

Сұлтан Бейбарыс
Nege.kz

«Бұл қойылымға 4 ай дайындалдық. Алдымен рөлдерді бекітіп алдық. Осы театрдың әртістерін жұмылдырдық. Ерекше тандем болып, шығармашылық топ ретінде жұмыс істедік. Үлкен команданың күші бар. Осы спектакльді сахналауға атсалысқан мамандардың еңбегі. Біз бұған дейін жарық көрген кітаптар мен фильмдерден, дастандардан диалог іздедік. Сұлтан Бейбарыс туралы дүниелерді іріктеп, қалқып алған туынды болды», – деді режиссер Фархад Молдағали.

Өз заманының ұлы басқарушысы, Мәмлүк елін біріктірушісі ретінде тарихтан белгілі Бейбарыс сұлтан Мысыр елін нығайтып, дамыған тұрақты елге айналдырған тұлға. Саундрама жанрындағы қойылымда оның патша тағына дейінгі өмір жолы, ерлігі мен ел басқарудағы даналықтары, адами болмысы жан-жақты суреттелген. Билік атаулының бейшаралығын, ең жақын деген адамдарының ішінде де сатқындыққа бейім тұратын адамдардың болатынын ол атақ-даңққа ие болған кезде бір-ақ көз жеткізеді.

1223 жылы дүниеге келіп, қыпшақ руының бұрджоғлы тармағынан тараған Мәмлүк мемлекетінің төртінші сұлтаны Рукн ад-дин Бейбарыс-Әл-Мансури Әл-Мысридің тағдыры өте қызықты және қарама-қайшылықтарға толы. Жаугершілік заманда тұтқынға алынып, жат жерде ерекше ерлігімен, асқан талантымен құлдықтан қайраткерлікке дейін көтерілген. Оның құлдыққа қалай түскендігі туралы екі мәлімет бар. Алғашқысы бойынша, әскери жорықтардың салдарынан, екіншісі — әкесінің жаулары оны құлдыққа сатып жіберген деседі. Көп уақыт өтпей Бейбарыс қатардағы құлдан Мәмлүк мемлекетінің сұлтаны дәрежесіне дейін көтеріле алған.

Ал оның таққа келуі де оңай болмады. Мысыр сұлтаны Аюби оны өзінің хатшысы етіп тағайындады. Сол кезеңде Бейбарыс басқарған Мәмлүк мемлекетінің әскері орта ғасырдағы екі ірі қолға – «крестшілер жорығы» мен мен моңғол басқыншыларына тойтарыс берді. Кейін Күтіз сұлтан қайтыс болғаннан кейін, таққа Бейбарыс сұлтан отырады.

Қойылымды Сұлтан Бейбарыс рөлін сомдаған актер Әсет Есжан мен ұстазы Сағызбай Қарабалин алып шықты. Диалог та екеуінің арасында өрбиді.

Бейбарыс
Фото: Nege.kz

«Құдай өзінің құлдарының қамын маған сеніп тапсырды» деген Сұлтан Бейбарысқа ұстазы: «Ол рас. Көптің ішінен сені таңдады сұлтан қылып, әмірші қылып. Бұл Құдайдың саған түскен мейірімі ме, әлде жазасы ма? Билікке жету үшін батылдықтың қажеті жоқ. Шын батылдық – билікті біреуге беру. Бәріміз де Құдайдың құлымыз. Ал құлдардың ішіндегі ең басшысы ол ел билеген адам. Өзің соны байқамайсың ба? Сенің құл болған кезің мен әмірші болған кезіңнің арасының айырмашылығы бар ма? Құлдардың елінде патша пайда болмайды», –  деген пікірін айтады.

Сұлтан Бейбарыстың сонда да «Қателесесің! Құдай әділетті. Ол мені ұзақ уақыт сынаққа салды. Мұның бәрі мені әмірші қылу үшін…» дегені өзін-өзі жұбату үшін айтылған сөз еді. «Билік қорқақ адамға ғана керек. Өзінің айналасындағылардан қорқатын, өзіне бойұсынуын талап ететін адамға керек. Бүгін Алла сені таққа отырғызды, ертеңнен бастап кім сатқындық жасайтынын үреймен күтетін боласың. «Алтынның үстіндегі ұйқысыздықтан сабанның үстіндегі тәтті түс артық» деп бекер айтпаған. Сен билігіңді ешкіммен бөліскің келмейді. Сондықтан ешкім де сенің жүгіңді көтеріспейді. Сені әмірші қылып тұрған қара халық. Олар сені таққа отырғызады да, мойныңа арқан салып елді дұрыс, ақылмен билеуіңді күтеді. Олай болмаған жайдайда астыңдағы тағыңды тартып алып, есігіңді тарихтың қоқысына лақтырып тастайды. Мұндайдан аман қалған патшалар аз» деген ұстазы кей жайтты алдын ала ескерткендей болады.

Сұлтан Бейбарыс
Nege.kz

«Халқым мені жақсы көреді. Мен оларға әділ боламын, қорғаймын. Барлық жерге қамал саламын», — деп үн қатты сонда Бейбарыс сұлтан. «Халық — ақ парақ. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір ақ параққа не жаздың, соны өзіңе қайтарып береді. Халықтың жарылқаушысы да, жауы да — сенсің. Сен оларға адами заңдылыққа сүйене отырып қарайсың. Ал Құдайдың әділдігін қалай анықтамақсың?! Ұзақ уақыт құл болған адамсың! Мейірімді әмірші болуың екіталай. Сен — мәмлүксің. Өткен өмірі жоқ адамсың. Қамалды қайтесің, сен оларға мешіттер сал. Қоластыңдағылар алғыс жаудырады, тыңдайтын болады. Қамал деген жай әншейін қорғап қана қоймайды, қамап та тастайды. Кім біледі, күндердің күнінде сенің алынбас алып қамалың ең үлкен түрмеңе айналуы мүмкін. Бірақ оның бастауы аяқталуынан хабар беріп тұрады…» дегені де Бейбарыс сұлтанды терең ойға шомдырады. «Тағы не ақыл айтасың?» деп сұрады іле-шала.

«Достарыңды дұрыс таңда! Күндердің күні олар сенің жауыңа айналады. Оған дейін оларды танып, үлгересің. Олардың артықшылығы неде екенін білсең, күресе аласың… Сен енді Алланың жауынгерісің, қыпшақ бала!» деп шәкіртімен біржола қоштасады.

Nege.kz

Шын мәнінде, өмірінің соңында ұстазы айтқан сөз орамдары ойына ауық-ауық келеді. «Қайда барсаң да, алдыңнан шығатын сол баяғы қараулық. Тірелетін тұңғиық пен шырғалаң. Қан төгуге құнықпа, әділдікке жақын бол» деген бір дауыс құлағымнан кетпейді. Ар-иманымның жан дауысын естігендіктен ғана сол тырнақтыға түңілмей келем. Мысырдың елі мені Египеттің әкесі деп атайды. Мұнараның басынан азан шақырғанда Алла мен Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) есімінен кейін менің атымды атайды. Бұл дүниеден өткен соң осынау Мысыр елінде менің қолым тиген нәрсенің бәрі қасиетті саналмақ. Неге? Себебі неде? Өйткені, адам сенгіш келеді. Әлсіз адамға сүйеніш керек. Олар — құлдар. Құл өзді-өзіне жауап беруден өлердей қорқады. Олардың сүйеніші — сұлтан. Оларға сұлтан да бір, Құдай да бір».

Айтса айтқандай, 17 жыл Мысырда билік құрып, халықтың жарылқаушысы бола жүріп, өзіне жау да тауып алған Бейбарысты уәзірі у беріп өлтіреді.

Біз бұған дейін Мәмлүк елін біріктірушісі Бейбарыс сұлтанның образына режиссер Болат Мансұровтың «Сұлтан Бейбарыс» тарихи фильмі арқылы қанық болдық. Басты рөлді сомдаған Нұрмұхан Жантөрин бейнесі де әр көрерменнің есінде. Ал саундрама жанрындағы Әсет Есжанның образы да театрсүйер қауымның жадында қалатынына мол сеніммен шықтық.

Билікті уыста ұстау, халықтың көңілінен шығу қай патшаға да оңай болмаған. Сені таққа отырғызған халық елді әділ, ақылмен билеуіңді күтеді. Керісінше болса, тағыңды тартып алып, есігіңді тарихтың қоқысына лақтырып тастайды. Бұған қазір де көз жеткізіп жүрміз. Демек, кез келген тарих бетінің бастауы оның аяқталуынан да хабар беріп тұратыны ақиқат.