USD
USD
USD

«Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы ойындарына байланысты Макс Корждың Алматыдағы концерті өтпейтін болды

2025 жылғы 6 қыркүйекте Орталық стадионда әнші Макс Корждың концерті өтпейді, деп хабарлайды Алматы қаласы спорт нысандары дирекциясының баспасөз қызметі.

Макс Корж
Фото: ғаламтордан

Алматы, NEGE. Бұған «Қайрат» футбол клубының УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі матчтары себеп болды.

«Алматы қаласы спорт нысандары дирекциясы 2025 жылғы 6 қыркүйекте Орталық стадионда өтуі тиіс деп жарияланған «Макс Корж» атты әртістің концерті болмайтынын хабарлайды. Аренада маңызды ойындар, соның ішінде «Қайрат» футбол клубының УЕФА Чемпиондар лигасындағы матчтары жоспарланған. Кеше команда шотландиялық «Селтикпен» болған ойында тарихи жеңіске жетті», – делінген хабарламада.

Дирекцияның ішкі тәртібіне сәйкес, мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге келісімшарт тек құзырлы органдардың толық рұқсат құжаттары болған жағдайда ғана жасалады. Ал концертке санаулы күндер қалғанымен, стадионды мұндай деңгейдегі шараға дайындау үшін кемінде 10–20 күн қажет. Қажетті құжаттар тапсырылмағандықтан, келісімшарт жасалмаған.

«Осыған байланысты іс-шараны өткізу заң тұрғысынан да, техникалық тұрғыдан да мүмкін емес. Бұдан бөлек, ондаған мың көрермен қатысатын ауқымды концерттер стадион газонына айтарлықтай салмақ түсіріп, футбол матчтарының сапасына кері әсер етеді», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, дирекция алдағы уақытта Орталық стадион тек өзінің негізгі мақсатына – спорттық шараларға пайдаланылатынын атап өтті.

«Билеттерді қайтару мәселелері бойынша концерт ұйымдастырушыларына немесе сатып алынған орындарға хабарласу қажет», – делінген дирекция мәлімдемесінде.

Қазір оқып жатыр

Астанада кішкентай бала көлікпен дәмханаға соғылды

Көлік апаты

Түркістанда ойын алаңында екі әйел төбелес шығарып, бірі дене жарақатын алды

Күдікті әйел

Шарын маңында қарақұйрыққа ұқсас бес жануардың ұшасы табылып, қылмыстық іс қозғалды

Инспекторлар, аңшылар және жануарлар ұшасы

Алматы – Өскемен тас жолын жөндеген мердігер мемлекетке 115 млн теңгеден астам шығын келтірген – прокуратура

жол жөндеу