Шығыстағы шатақ: Алқа билер соты «педофилді» НЕГЕ ақтады?

Өткен аптаның соңында Шығыс Қазақстандағы оқиға елді қатты дүрліктірді. «Алты жасар қыз бен тоғыз жастағы ұл балаға қиянат жасады» деп айыпталып, 16 жылға сотталған күдіктіні апелляциялық сот сатысында басқа алқа билер ақтап шығарды. НЕГЕ?
Жалпы, педофилизмнің кез келген түрін ешқашан ақтауға болмайды. Алайда тілшіміз бұл шатақ істің жұрт біле бермейтін түйткілді тұстары бар екенін анықтады.
Зорлады ма, жоқ па?
Оқиғаның ұзын-ырғасы былай: Бүлдіршіндердің анасы өзі бірге тұратын еркекті «алты жасар қызымды оның тоғыз жастағы бауырының көзінше қорлады» деп, полицияға арыз түсіреді. Арызға сенсек, әлгі еркек ұл баланы ұрып-соққан, иттің үйшігіне қамап қойған, бала хат жазып қалдырып, үйден қашып кеткен.
Күдікті ұсталып, кінәсін мойындағандықтан, сот оны 16 жылға бас бостандығынан айырады. Сотталушының туыстары қайта арызданып, істі қараған басқа алқа билер оны ақтап шығарған. «Педофил» қалай ақталды?
«Не молчи KZ» деп аталатын қоғамдық қордың жетекшісі Дина Смаилованың айтуынша, шағын қалада алқа билер сотын тамыр-таныстардан жинап алуға болады және олардан объективтілік күту бекер.
«Бұл қалай сонда, 11 алқа би айыптау үкімін шығарып, 16 жылға соттайды, ал екінші алқа билер соты ақтайды. Менің ойымша, біздің қоғам алқа билер сотына жүгінуге дайын емес», – дейді Д.Смаилова.
Белсендімен келісуге болады. Енді дамып келе жатқан қоғам үшін алқа билер сотының қателесуі – қалыпты жағдай. Алайда бұл істе жалпы қоғам былай тұрсын, жекелеген қоғам белсенділері білмейтін шетін мәселе бар болып шықты. Өйткені сотқа БАҚ пен құқық қорғау ұйымдарының өкілдері қатыстырылған жоқ.
Сонымен, ол қандай шетін мәселе?
Күдікті ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлімі (Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерді бірнеше рет жасау) және 124-бабының 1-бөлігі (жас балаларды азғындық жолға түсіру, көрінеу жас балаларға қатысты күш қолданбай азғындық әрекеттер жасау) бойынша айыпты деп танылған.
2019 жылы шыққан айыптау актісі бойынша, күдікті 2014 жылы туған (6 жаста) бүлдіршіннің жыныс мүшесін бірнеше рет ұстаған және анал мүшесіне саусағын тыққан...
Кейде ол жәбірленуші айқайламасын деп басына пластик ыдыс кигізіп, аузына скотч-лента жапсырып тастаған. Сондай-ақ ол қыз бен балаға (10 жаста) бірнеше рет порнографиялық видеосюжеттер көрсеткен.
Айыптаушы тараптың версиясы бойынша бұл қылмыс 2019 жылы жасалған. Осы тұста адвокат алқа билердің назарын мына нәрсеге аударыпты: балалардың шешесі арызды 4 айдан кейін ғана – 2019 жылдың тамызында берген. Оның өзінде ұлы үйден қашып, ашынасы онымен бірге тұрмайтын кезде ғана. Баласына ие болмағаны үшін үстінен Қылмыстық кодекстің 140-бабы бойынша (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) тергеу басталған. Балалардың азапталғанын әжесінен естіген шешесі одан кейін де күдіктімен интимді қарым-қатынасын үзбегенін қалай түсінуге болады? Адвокат екеуара жазысқан хаттарын алқа билерге көрсеткен.
Полицияға жазған арызын әйел «барлық несиелерімді жауып берсін» деп күдіктіге талап қоюмен бастап, балаларына зорлық жасалғанын тек арызының соңына келтіреді. Оның жабылмаған 13 несиесі бар екені де көңілге күдік ұялатады.
Бұдан бөлек, әйел полицияға арыз жазады да, полиция бара жатқаны туралы күдіктіге хабар береді. Алқа билердің «Қылмыс сәуірде жасалса, онда НЕГЕ онымен шілдеге дейін бірге тұрдың?» деген сұрағына арыз иесі жауап бере алмаған. Мұны прокурор да жоққа шығара алмапты.
«Бәрін айтсаң, тәтті алып берем деді»
Жәбірленуші деп танылған балалар сотқа қатыспаған. Олардың айтқандары таспаға басылып, сотта көрсетіліпті. Адвокат тағы мына нәрсеге көңіл аударған: бүлдіршін шешесінің тізесінде отыр және шешесінің «барлық шындықты айт, айт» деп желкелегеніне қарамастан «иә», «жоқ» деп екұшты жауап береді. Адвокат сөз арасында сұрап қалғанда бүлдіршін «егер бәрін айтсаң, тәтті бірнәрсе алып беруге уәде етті» деп жауап берген.
Психолог жасаған қорытындыға қарағанда, бүлдіршін қыздың 10 жастағы ағасы өтірік айтуға бейім екен. Прокурор мұны да жоққа шығара алмапты.
Жәбірленуші бүлдіршін 2019 жылы сәуір айында балабақшаға толық барып жүрген.
Адвокаттың кәсібилігі осындайда көрінсе керек, өзінің 2 және 4 жастағы екі баласының басына пластик ыдысты кигізіп, тексеріп көруге тырысқан фотоларды сотқа әкелген. Ыдыстың өзін қолтықтай келіпті.
Бөтелкенің ені – 52 см, ал жәбірленуші қыздың басының ені 54 см екен. Яғни қанша күш салса да, бүлдіршіннің басына әлгі ыдысты кигізу мүмкін емес.
Прокурор пластик ыдысты созуға болады деп есептейді екен, алайда мұнысы залдағылардың күлкісін туғызған.
Адвокаттың тағы бір «көзірі» – сот-медициналық сараптама. Сараптама «қыздың денесінде ешқандай жарақат жоқ» деп қорытқан. Сондай-ақ күдіктінің телефонынан порнографиялық сипаттағы видеолар табылмаған.
Күдіктіге қысым жасалды ма?
Өткен жылы тамыз айының соңында күдікті кінәсін мойындаған. Ол НЕГЕ және қалай мойындады?
Иллюстрация.
Күдіктінің өзінің айтуынша, полиция қызметкерлері оны алдап, «егер айтқанымызды істесең, қылмыстық ісіңді «жұмсақ» бапқа ауыстырамыз да, босатамыз» уәде еткен. Ал адвокат күдіктінің қылмысын мойындағанын тергеудің түнде жүргізілгенінен (түнгі сағат 00:39-дан 03:00-ге дейін) және физикалық тұрғыда қысым жасалғанынан көреді.
Іс сотта қалай қаралды?
Биылғы жылы 26 маусымда сот алқасының қатысуымен айыптау үкімі шығып, күдікті 16 жылға сотталған. Алайда қарсы тараптың шағымымен Шығыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы үкімді бұзып, істі қайта қарау үшін алғашқы сатыдағы сотқа жіберген. Мұның негізгі себебі – кеңес бөлмесіндегі құпия шартының бұзылуы.
Айыптау үкімі шыққаннан кейін алқа билердің бесеуі ашық хатқа қол қойып, олардың дауыстары дұрыс есептелмегенін айтқан. Осыдай кейін алқа билер мен адвокат кеңес бөлмесінде қабылданған құпия шешімді әлеуметтік желіде талқылапты.
Сот алқасы бюллетендер салынған конвертті ашқанда, олардың саны алқа билер мүшелерінің санына сәйкес келмейтінін анықтаған.
Осылайша, «қылмыс құрамы болмағандықтан» күдікті ақталып шығыпты.
Редакциядан: Сөз басында педофилдерді, әсіресе, бүлдіршіндерге азғындық жасаған қылмыскерді ешқашан ақтап алуға болмайтынын айттық. Сөзіміз – сөз! Ал егер жала жабылса, күш қолданылса, ақырында жазықсыз адам бірнеше жылға сотталып кетсе ше? Оның обалы кімге?