5 Қараша 12:20
...

«Шығын шықпай, шар үрленбейді». Экспо НЕГЕ бізді белшеден шығынға батырды?

Астана
Фото: Коллаж: NEGE

Эксподан қалған ғимараттарды басқаратын, көрме өткізетін «QazExpoCongress» (бұрынғы «Астана ЭКСПО-2017») ұлттық компаниясы 2023 жылды 91 миллион теңге шығынмен аяқтаған. Компания өз тарихында еш уақытта таза пайда әкелмеген. Себебі, ғимараттарды ұстап тұру шығыстары мен олардың амортизациялық құнсыздануы тым зор.

«QazExpoCongress» ұлттық компаниясына құйылған мемлекеттік қаржының баланстағы қалдығы 402,6 миллиард теңгеге жетті. Субсидиялар жыл сайын беріледі. Мысалы, компания 2023 жылы республикалық бюджеттен 4,3 миллиард теңге субсидия алды. Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары бойынша, Экспо үшін салынған ғимараттардың бір жылда амортизациялық құнсыздануы 31 миллиард теңгеден асады.

Есебі
Фото: NEGE

Nur Alem музейіне билет сатудан былтар компанияға 127,4 миллион теңге түсті. Негізгі табыс «Hilton Astana» қонақүйі мен Экспо ғимараттарын жалға беруден келеді. Hilton 2023 жылы мемлекетке 1,3 миллиард теңге, ал ғимараттарды жалға беру 6,2 миллиард теңге алып келді.

Амортизацияны қосқанда «QazExpoCongress» ұлттық компаниясының бір жылдық жалпы шығыны 40 миллиард теңгеден асып отыр. Оның 33 миллиард теңгесін мемлекет береді, ал қалғанын компания өзінің түрлі табысымен жабады.

Шығын
Коллаж: NEGE

Биыл мемлекет компанияға Астана экономикалық форумын өткізуге 1,4 миллиард теңге аударған болатын. Алайда форум өтпей қалғандықтан, компания ұйымдастыру сомасын мемлекетке кері қайтарды. Амортизация мен ғимараттарды ұстау шығынын азайту үшін үкімет Экспо аумағындағы ғимараттарды мемлекеттік органдарға үлестіре бастаған.

Мысалы, биыл Экспо аумағындағы Энергияны зерттеу орталығының ғимараты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің балансына өтті. Ал «мен мұндалап» тұрған Шар, яғни «Nur Alem» ғимараты Астана әкімдігінің Құрылыс басқармасының балансына өтті.

Осыған қарап, биыл компанияның амортизациялық құнсыздану шығындары азаятынын болжауға болады. Бірақ біз 2017 ойлап тапқан «Астана Экспо – болашақтың энергиясы» деген атау өзін ақтамады. Керісінше, бюджетті қыруар шығынға батырып, Үкіметтің «бас ауруына» айнала бастады.