10 Желтоқсан 13:42
...

«Шапалақпен салып қалды» – Танымал асаба тойда НЕГЕ таяқ жеді?

Фото:
Той

-бизнес дамығалы асабалардың да сапасы арта бастағандай. NEGE тілшісі ел арасында Алихандро деген лақап атпен танылған шоумэнмен сөйлесіп, қазақ тойының қызығы мен шыжығы жайлы сұрады

Әлихан, «Жарғышбек» деген де сенің лақап атың ба?

– Аты-жөнім Әлихан Оралханұлы. «Жарғышбек» деген лақап атты үнемі күлдіріп жүрген соң тараздық ағаларым таңып берді. Оған Алихандро деген лақап атым қосылып, Жарғышбек Алихандро болып шыға келдім.

– Той басқару қызық болды ма, әлде оның табысы қызықтырды ма?

– Той басқарып жүргеніме тоғыз жыл болды. Алғашында «үйретіңізші» деп біраз адамға қолқа салып жүрдім. Себебі маған өте қызық еді. Сондықтан біраз төселгенше талай тойды тегін жүргіздім. Сенсеңіз, мың теңгеге де той басқарған кезім болды. Қазір, шүкір деймін, жарнасы жақсы асабалардың қатарына қосылдым.

– Шығармашылыққа жақын болған шығарсың?

– Алматы индустралды колледжінің машина жасау мамандығын тәмамдадым. Содан кейін жаным өнерге тартып тұратын болған соң Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжіне құжаттарымды тапсыруға бел байладым. Бірақ ол жерге оқуға түсу мүмкін болмады.

Осылайша айналсоқтап жүргенімде Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыздың «сен бала жерде қалмайсың» дегені дем бергендей болды.

Сөйтіп, Тараз қаласындағы Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы университеттің актерлік бөліміне түстім. Бірақ актер емес, асаба болып кеттім.

Ең қымбат той қаншаға түсті?

– Менің әзілге толы әндерімді естіген байлар жабық есік отырысына шақырды. Ол күні алдын ала жоспарлап қойған тойым болса да, қоймай алдырды. Соңында қолыма 2,5 млн теңге ұстатты. Мен ол ақшаны қасымдағы екі музыкантпен бөлістім.

Ел арасында жүргенде ерекше есте қалған сәтті айтып берші.

– Бірде Мойынқұмдағы бір тойда үйленіп жатқан жігіттің ата-анасын ортаға шығарып, «Жұмақтың кілті – ананың аяғының астында» деген сияқты өнегелі сөз айтып жатқанымда ортаға жетпіске жетіп қалған бір кісі шығып: «Ей, не оттап тұрсың?!», – деп шапалақпен салып қалды. 

Жағасына жармасатын емес, үлкен кісі. «Өнегелі сөз айтсам да шапалақ жеп жатырмын. Шапалақ емес, шапан киетін жөнім бар еді» деп қалжыңға сүйеп қайырдым. Көпшілік бірден ду қол соғып, той иесі арқама шапан жауып, шапалақ ұрған кісі кешірім сұрады. Айта берсек, осындай оқиғалар көп.

– Жоғары билікте жүрген шенеуніктерден кімдердің тойын басқардың?

– Біраз депутаттың тойын басқардым. Бірақ аты-жөндерін ұмытып қалдым.

– Қазақтың тойына реформа керек деген пікірмен келісесің бе?

– Мән-мағынасыз тойлар көбейіп кетті. Мәселен, көпшілік 63 жасты атап өтіп жатады. Онда келген жұрт «Пайғамбар жасың құтты болсын!» деп тілек айтады.

Ал пайғамбарымыз 40 жасында пайғамбар атанып, 63 жасында өмірден озған екен. Ал бізде қазір мұны «зейнет жасы» немесе «пайғамбар жасы»  деп тойлайтын болды.

Сол сияқты сүндет тойда «балаңның мұсылман болуымен» деп жатады. Әлімсақтан мұсылман ата-анадан туған бала дүниеге мұсылман болып келеді. Мұны көпшілік біле жүрсін деп қана айтып отырмын. Әйтпесе, нені қалай тойлау әркімнің өз құзырындағы дүние ғой.

– Мылжың сөзсіз өтетін тойлар бола ма?

– Ондай да болған. Бірде Алматыдағы тойға тапсырыс түсті. Тілек айтатын қонақтардың тізімін сұрасам, той иелері: «У нас тостов не будет», – дейді. Ал шақырғаны – 250 адам. Сөйтіп, той иесін тілек айтуға топты шығаруға әрең көндірдім. Бірақ, бұдан той жаман болды дей алмаймын. Өте қызық өтті.

Кейбір әзіл-ысқақ театрлардың атағы дардай әртістері той басқарғанда қонақтарды аузына қарата алмай жатады. Асаба болу үшін де ептілік керек сияқты ғой...

– Онымен келісемін. Келген қонақтарды сахнадағыдай қыран-топан күлкіге батыра алмай жататындар бар. Кейде өзім де «жыртып» жүргенім шамалы ма деп қаламын. Себебі, жүргізген тойым өзіме ұнамай қалатын кездер болады. Іштей халықтың да жақтыра қоймағанын сезінесің.

Тегтер: