9 Қыркүйек 12:24

Санжар Боқаев: Ұлттық санақты 300 млн теңгеге өткізуге болады

Фото:

Елімізде ұлттық санақ әр он жыл сайын өтеді. Алайда, індетке байланысты 2019 жылы өтуі тиіс санақ әуелгіде 2020 жылға, одан кейін биылға шегерілді.Санақтың алғашқы сауалдары 1 қыркүйектен бастап онлайн түрде жария етілді. Оған sanaq.gov.kz сайтында 15 қазанға дейін жауап беруге болады. Ал дәстүрлі санақ онлайн-санақтан өтпеген азаматтарды қамту үшін 2021 жылдың 1 қазанынан 30 қазанына дейін жүргізілмек.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статис­тика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов: «Санықтың негізгі кезеңі биыл 1 қыркүйек пен 30 қазан күндері аралығында өтеді. 2021-2023 жылдары барлық дерек өңделетін қорытынды сатыдан соң 2023 жылғы қаңтар айында түпкілікті қорытынды мәлімет жарияланатын болады», – деді.

Сонымен, санақ бойынша әр азаматқа 4 парақшадан тұратын 91 сұрақ қойылады. Айдапкеловтің айтуынша, бұл жолғы сауалнамаға жаңа сұрақтар енгізіліпті. Яғни, халықты есепке алу сәтінде респонденттің орналасқан мекен-жайы;  тіршілік әрекетін шектеу (көру, есту, жүру, есте сақтау немесе назарды шоғырландыру қабілетіне қатысты);  ҚР аумағында уақытша тұратын адамның келген елі;  шетелдіктердің келу мақсаты;  пандемияның табыс деңгейіне әсері;  Сovid-19-бен ауру және вакцинация.

Сондай-ақ, Қазақстаннан тыс жерлерге шығуды жоспарлау туралы, негізгі себептері мен мерзімдері;  неке жағдайы;  жұмыспен қамтылу – уақытша жұмыспен қамтылмау себептері, жұмыстан тұрақты тұрғылықты жеріне оралу кезеңділігі туралы;  бала туу – туған балалар және бірінші мен соңғы баланың туған күндері туралы;  тілді меңгеру деңгейі;  діндер;  бір айлық табыстың нобай мөлшері.

Бұл жерде екпін санақтың қалай өтуіне емес, бөлінген қаржыға түсіп отыр. Яғни, бұл санаққа бюджеттен 9,1 млрд теңге көзделсе, қазір оның 3,5 млрд-ы игеріліпті. Наурыз айында 8,2 млрд теңге қарастырылса, бұл неге 9,1 млрд-қа көбейіп кетті?

Бұл жөнінде Ұлттық статис­тика бюросы басшысы Нұрболат Айдапкелов: «Бюджетті нақтылау кезінде жұмыскерлерге төленетін жалақы мен АЕК-тің өсуіне байланысты қосымша қаржы сұрадық. Тағы бір себебі – былтыр жоспарда 18,6 млн адам болса, биыл бұл есеп шамамен 19 млн 51 мың адамға жетуі. Адам санына байланысты жүктеме де артты», – деп жауап берген.

Фото: egov.kz

Сонымен, 9,1 млрд теңгенің жалпы есебі мынадай:

  •  27 412 планшет сатып алуға – 1 млрд 85 млн 600 мың;
  •  штаттан тыс қызметкерлер мен санақ персоналының  еңбекақысына – 4 млрд 702 млн;
  • 30 255 сауалнама алушы маманға портфель сатып алуға – 56 млн 800 мың;
  • бағдарламалық қамтамасыз  етуді әзірлеу, серверлік және коммуникациялық жабдықпен қамтуға – 932 млн 600 мың;
  •  139 көлік алу үшін – 475 млн 400 мың;
  •  компьютерлер мен ұйымдық техника сатып алуға – 213 млн 300 мың;
  • санақ  құралдарын тираждауға – 35 млн;
  • жиһаз және кеңсе тауарларын алуға – 100 млн 600 мың;
  •  іссапар шығыстарына – 20 млн;
  • ЖЖМ-16,9 млн теңге, картографиялық  материалдарды көбейтуге – 44 млн 100 мың;
  •  байланыс қызметтеріне – 1 млн 911 мың;
  • телефон аппаратырын қолдануға – 946 мың;
  • үй-жайларды жалдауға – 122 мың;
  • көлік жалдауға – 3 млн 383 мың;
  • жарнама роликтеріне – 7 млн 27 мың теңге.

Арнайы бейнеүндеу жолдаған саясаттанушы Санжар Боқаев: «2009 жылы өткен халық санағына небәрі 1,144 млрд ақша жұмсалған еді. Ол кезде санаққа бөлінген ақшаның 70 пайызы жымқырылған. Тергеу органдары бөлінген қаржының тек 379 млн теңгесі мақсатты жұмсалғанын, ақшаның көп бөлігі – 764,8 млн теңгенің ұрлан­ға­нын дәлелдеген болатын. Енді сұрақ? Халық санағы неліктен 7 есе қымбаттап кет­ті? Егер қазақстандықтар туралы бүкіл мәлімет біраз уақыттан бері электрон­ды базада болса, санаққа осынша­ма қомақты қаржы бөлудің қажеті қан­ша?», – деген.  

Nege.kz тілшісі қоғам белсендісіне хабарласып, бейнеүндеуге байланысты тиісті мекеме қандай да бір үн қатқан-қатпағанын сұрады.   

Санжар Боқаев, саясаттанушы:

Санақ өткізудің қажеті жоқ!

– Осыдан он жыл бұрын өткен санаққа 1,5 млрд-тан астам ақша бөлінген. Ал негізінде санаққа 370 млн теңге ғана жұмсалған. Қалғаны желінгенін дүйім жұрт білді. Бұл тергеу нәтижесінде айтылды. Қазір кез келген социологияны жүргізетін компанияны таңдасақ, олар осы санақты 1 млрд теңгеге ғана өткізіп беретін еді.

Сіздіңше бұл санақты өткізудің қажеті жоқ па?

– Қажеті жоқ. Қазақстандықтар жайында барлық мәлімет мемлекеттік базада тұр. Мысалы, сіз балалы болып Халыққа қызмет көрсету орталығынан үш күн ішінде туу туралы куәлік алмасаңыз, айыппұл төлейсіз. Сондықтан базада өмір есігін ақшан әр бала туралы мәлімет бар. Ішкі істер министрлігі, Әділет министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитетінен күн сайын мемлекеттік қызметті электронды түрде алып отырмыз. Демек, оларда біз жайында ақпарат бар. Тек соған дұрыстап сараптама жасау керек.

«Цифрлы Қазақ­стан» мемлекеттік бағдарламасына бю­ждет­тен бөлінген жүздеген миллиард теңге қайда кетті? Бұл жоба осындай же­ңіл міндеттердің шешімін таппаса, бізге Цифр­лық даму министрлігі не үшін қажет?

Сондай-ақ, санақты жүргізуге болмайтын тағы екі себеп бар. Біріншіден, індет кезінде вирус тарататын интервьюерлер үй-үйді аралайды. Екіншіден, «біз санаққа қатысты сауалнама жүргізуге келдік» дейтін алаяқтар көбейіп, зейнеткерлерді құрығына түсіреді.

Ұсыныс-пікіріңізге Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статис­тика бюросы жауап берді ме?

– Жауап бергендей болды. Бүкіл бюджетті көтеріп, 9 млрд теңгенің қайда жұмсалатынын қарап, әр бап бойынша талдау жасап бердім. Сол бойынша бюджеттің 80 пайызын үнемдеуге болатыны жөнінде ұсыныс айттым. Яғни, халық санағын 300 млн теңгеге өткізуге болатынын дәлелдедім.

P.S. 2009 жылғы санақты жұрт ұмыта қойған жоқ. Бұл санақ мемлекет қаржысының 70 пайызын талан-таражға салуымен есте қалды. Тіпті, сол кезде істі болып, 7 жылға сотталған Статистика агенттігінің экс-басшысы Анар Мешімбаева 2018 жылы бостандыққа шығып та қойды. Ал қазіргідей цифрланған заманда санаққа 9,1 млрд теңге бөлудің қандай қажеттілігі туындады? Әлде, санақты желеу етіп, жеп қалудың амалы ма?  

Тегтер: