11 Қазан 16:45

«Мұндай СҰМДЫҚТЫ бұрын-соңды көрген емеспін!» – Израильдік әскери тілшімен ЭКСКЛЮЗИВТІ сұхбат

Фото:
7 қазанда Израиль мен

ХАМАС арасында қиян-кескі соғыс басталды. Екі жақтан да мыңдаған адам қаза тапты. ХАМАС жер жүзінің мұсылмандарын Израильге қарсы соғысуға шақырды. Ал Израиль «ХАМАС-тың көзін жоймай тоқтамаймыз» дейді.

Газа секторындағы қазіргі ахуал қандай? Соғыс тыншыды ма? NEGE тілшісі Israel Hayom басылымының соғыс аймағынан ақпарат таратып жүрген әскери тілшісі Нета БАРМЕН сөйлесті. Ол бізге қазіргі соғыс жағдайы туралы көрген-білгенін баяндап берді.

Әскери тілші Нета Бар.

Нета, Израильдегі жағдай қалай болып жатыр?

– Сенбіде Израильге жүздеген қарулы террорист шабуыл жасады. Олар Израиль армиясының барлық блокпостын талқандап, Израильдің оңтүстік шекарасының кемі 15 нүктесін бұзып кірді. Террористер жүздеген қарусыз бейбіт тұрғынды өлтірді, зорлады, қырғынға ұшыратты және ұрлап әкетті, жолында кездескеннің бәрін өртеп жіберді.

Шекараны бақылауды қалпына келтіру және аймақтағы барлық қалалар мен ауылдарды қорғау үшін армияға 2 күн қажет болды. Енді осындай тағы бір әрекеттің алдын алу үшін Газа секторына шабуыл басталады.

Мен бұл аймақта сенбіден бері жүрмін. Сонымен қатар шабуылдың сұмдық салдарын көрдім. Ирак, Сирия, Шешенстан және Украинаға барған әскери тілші ретінде айтайын, мынандай сұмдықты бұрын-соңды көрген емеспін!

Бұл шабуылдың артында кім тұр? Израиль Украинаға қалай көмектесті? Қазір Израильдің соғысуға қаржылық мүмкіндігі қандай?

– Бұл шабуылды Иран жоспарлаған және мақұлдаған болуы әбден мүмкін. Иран солтүстікте екінші майдан ашу үшін «Хезболла» мен Сириядағы жасақтары сияқты басқа сенімді күштерін қолдана ма, жоқ па, әлі белгісіз.

Израиль Украинаға және оның әскери бюджетіне айтарлықтай көмек көрсеткен жоқ. Ал АҚШ-тың көмегі әлдеқайда үлкен қауіп-қатермен күресу үшін жеткілікті. Мәселе мынада: Израильдің қауіпсіздік тұжырымдамасында елеулі кемшіліктер бар сияқты.

Фото: Нета Бар

Жағдай қалай өрбуі мүмкін? Соғыс бұдан әрі ушығып кетпей ме?

– «Хезболла» мен Сирияға қарсы Солтүстік майдан құру нұсқасы – бүкіл аймаққа от салатын үлкен шиеленіс. Сондықтан да Байден мен америкалықтардың Израильге қолдау көрсетіп жатқанын көріп отырмыз деп ойлаймын.

Сонымен қатар, Израиль Газаға құрлық әскерлерін енгізіп, ХАМАС мәселесін біржола шешкісі келетін сияқты.

Шабуыл ауқымы мен қатыгездіктің көлемі Израиль үкіметіне батыл әрекет етуден басқа таңдау қалдырған жоқ.

Израил мен Палестина арасындағы шиеленіс басталғаны ұзақ уақыт болды, көп бейбіт адам жапа шекті. Бұл конфликт қашан шешілуі мүмкін?

– Мен ұзақ мерзімді перспективада екі мемлекет құру туралы шешім жанжалды шешудің жалғыз өміршең нұсқасы екеніне сенімдімін. Бұл ретте Газа секторында террористік үкіметтің болуы жақын болашақта жанжалды қалай болса да шешуге кедергі келтіреді.

АҚШ Израиль мен Украинаға бірдей көмектесеміз деп жатыр. Қалай ойлайсыз, АҚШ-тың Украинаға көмегі азайып, Украина әлсіреп қалмай ма?

– Менің ойымша, Израиль мен Украинаға Вашингтоннан мүлдем басқа көмек қажет. Менің үкіметім Украина алдындағы әскери міндеттемелерді күшейтеді деп үміттенемін. Израильде ешқашан қолданбайтын және украин әскеріне беруге болатын көптеген ескі әскери техника бар.

Фото: Нета Бар

Сіз Украинада да бірнеше рет болып, соғыстан репортаж жасаған екенсіз.  Украинадағы жағдай туралы не айтасыз? Соғыс ұзаққа созылып кеткен сияқты. Қашан аяқталуы мүмкін?

– Украинадағы соғыстың аяқталуына әлі ұзақ уақыт бар. Путинді бұл соғыста жеңе алмайтынына сендіру үшін және ресейлік террористерге тойтарыс беру үшін Киевке әуе қорғанысы қажет, сонымен қатар жойғыш ұшақтар мен ұзақ қашықтықтағы нысананы ататын қару-жарақтар керек.

Сізге, жақындарыңызға және барлық бейбіт тұрғындарға амандық тілейміз! Сұхбатыңызға рахмет!

Балжан ЖЕҢІСҚЫЗЫ, Астана.

Тегтер: