Әдина Жүсіп: Он ертегі ағылшын тіліне аударылып, жарық көрмек
Ертегі тыңдап өспеген бала кемде-кем. Бұған дағдыланып алған бүлдіршін ертегісіз ұйқыға да жатпайды. Қиялға ерік беріп, ұшқыр оймен әлемнің сан түрлі ғажайыбын шарлап келеді.
Тәрбиелік мәні жоғары, эстетикалық тәрбиесі зор ертегі жанрына қалам тербеп жүрген Әдина Жүсіпті оқырман қауым жақсы біледі. NEGE тілшісі ертегіші мен тыңдаушының өзара байланысы, бүгінгі балалардың ертегіні қабылдауы мен ой қорытуы жайында пікір алмасқан еді.
– Әдина, қазақ қыздарының арасында, жалпы қаламгерлердің ішінде ертегі жазатындар көп емес. Ертегі жазуға қашаннан бастап машықтандың? Бәлкім, бала кезде ауыз әдебиетін, аңыз әңгімелер, қиял-ғажайып ертегілерді жастана жатып оқыдың ба?
– Туған жерім – Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қамбаш ауылы. Бала кезімде әртүрлі мамандық иесі болғым келетін. Бірде – дәрігер, енді бірде – заң саласының маманы, сосын көп қызбаланың арманы – мұғалім болу ғой. Әкем екеуміз оқуға құжат тапсыруға Ақтөбе қаласына келдік. Әлі қайда тапсыратынымды анықтаған жоқпын. Сонда әкем «Филология факультеті жанынан журналистика мамандығы ашылыпты, бәлкім соған тапсырасың?» деген ойын айтты. «Менен журналист шықпайтын шығар» дедім әкеме қарап. «Сенің қолыңнан жазу келеді. Мен саған сенемін...» деген сөзі сенімділік беріп, бірден арқалананып кеттім. Сөйтіп, оқуға түсіп, өзім де, әкем де қатты қуандық. Содан кейін жазуға құштарлығым бұрынғыдан да арта түсті.
Ертегі жазуды оқуды бітіріп, Алматыға келіп «Ертегілер елінде» журналына жұмысқа тұрғанда бастадым. Себебі, журналдың әу бастағы тұжырымдамасы бойынша бірінші бетіне жаңа ертегі жазу керек екен. Әуелгіде ай сайын бір ертегі жазып тұратынымды түсінген жоқпын. Редактордан «Ертегі жазып кел!» деген тапсырма алдым да, жұмысыма келдім. Ол кезде «Азат» қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеп жүрген кезім. Редакцияға әртүрлі жағдаймен неше түрлі адамдар келіп-кетіп жатады. Сондай бір апайдың «ертегі жазамын» деп айтқаны бар еді, сол кісіге хабарластым да, «ертегіге бір сюжет айтып беріңізші» дедім. Ол кісі айтып берді. Ең бірінші «Тентек Қонжық» деген ертегіні жаздым. Ол кісі ойдан шығарып айтты ма, әлде бір жерде оқығанын айтты ма, білмеймін. Бірақ «Тентек Қонжыққа» мазмұны ұқсас ертегі кездестірген емеспін. Одан кейін ертегілерді өзім ойлап шығаратын болдым.
Бала күнімде «Ақ сандық, көк сандық» деген ертегі жинағы болды. Сол кітапты қайта-қайта оқи беретінмін. Әсіресе, Қарақашқынбай деген бір баланың жабайы жануарларды алдап, құтылатыны қызық болып, қайта-қайта оқығанмын. Біз мектепте оқып жүрген кезде әдебиет пәнінен сабақ беретін ағайымыз каникулға шығып бара жатқанда жаз бойы оқитын кітаптардың тізімін беретін. Ол бізге үлкен жұмыс болатын. Кітап оқуға баулыған осы әдебиет пәні мұғалімі еді. Ал қыркүйекте мектепке келгенде бірінші сабақта қай кітапты оқығанымызды, қай кейіпкер ұнағанын және несімен ұнағанын бәрін тәптіштеп сұрайтын. Негізі кітап оқуды сол кезден бастап әдетке айналдырдым.
Қазір ертегі жазатын қаламгерлер өте көп. Зәуре Төрехан, Мира Сембай, Айша Балтахаева, Мейіржан Жылқыбай, Рүстам Сауытбай, Рәзия Ақпар, Алтынай Берік деп кете береді…
– Ертегіңе кейіпкерді қайдан аласың? Бүгінге дейін қанша ертегі жаздың? Балалар басылымдарына жарияланып тұра ма? Кітап болып жарық көргені бар ма?
– Кейіпкерлердің образын ортамнан, айналамнан аламын. Күнделікті өмірде неше түрлі адаммен кездесесің, араласасың. Соларға қарап отырып жазамын. Қазір жүзге жетеғабыл ертегім бар. Көбісін «Ертегілер елінде» журналында, өзімнің Фейсбук, Инстаграм, Тик-Ток парақшаларымда жарияладым, YouTube каналыма шығардым. Ара тұра «Балдырғанға» да шығып тұрамын. «Туған топырақ» деген кітапшам «Аруна» баспасынан, «Тентек Қонжық» деген кітапшам «Таймас» баспасынан, «Бір уыс дән» деген кітапшам «Арман ПВ» баспасынан, «Байлық іздеген бала» деген кітабым «Үш Қиян» баспасынан жарық көрді. Қазір осы ертегілерді Ерлан Ысқақов, Нұржан Түменов деген аудармашылар ағылшын тіліне аударып, Ұлыбританияда тұратын Jamie Brown редакциялап, тағы бір кітап шығаруға дайындап жатырмыз. Суретін белгілі бір суретші салып жатыр.
– Мәселен, балалар арасында көп оқылымға ие болған қандай ертегілеріңді атап өтер едің?
– «Өсімдіктер мен кемпірқосақ» деген ертегімді YouTube каналына көп шығарады. Жалпы, өзімнің ертегілерімді сайттардан, YouTube каналдарынан көп көремін. Бірақ көбісі ертегілерімді аты-жөнімді алып тастап, «халық ертегісі» деп жазып, жариялайды. Кейбіріне хабарласып «Аты-жөнімді жазып қойыңыз, болмаса алып тастаңыз» деп айтамын. Сондай кезде бірі алып тастайды, енді кейбірі қосып қояды. Авторы бар дүниені неге олай салатынын түсінбеймін.
– Балаларды тәрбиелеуде ертегінің рөлі қандай? Мәселен, өз ертегілеріңді балаларыңа оқып беруші ме едің?
– Ертегі арқылы балаға «Олай істеме, бұлай істеме» деп айта алмай жүрген ойыңды жетуізуге тырысасың. Оқып берген соң, әрі қарай баланың өзі ойланып, неше түрлі сұрақ қоя бастайды. Міне, сол кезде жақсылап бір мәрте түсіндірсең болды, ол баланың миында өмір бойы қалып қояды. Ертегі – таптырмайтын тәрбие құралы. Қызымды бала күнінде ертегі оқуға үйреттім, арасында өз ертегілерімді де оқып беретінмін. Ертегі баланың ойын ұшқыр, арманын асқақ етеді. Бұған талай мәрте көз жеткен.
Ауыз әдебиетіндегі фольклордың бұл жанрын оқып өскен баланың жүрегі мейірімге, ізгілікке толы болады деп ойлаймын. Халық прозасының көркемдік жағынан дамыған түрі. Ертегіні тыңдаған адам ғибратты тәрбие алып, өзіндік ой түйеді. Ол үшін ертегінің сюжеті мейлінше қызықты, тартымды әрі идеялық, көркемдік жағынан тұтас болуы тиіс. Ертегінің де шарты сол, бас кейіпкерді дәріптеу немесе одан оқырманды жирендіру. Яғни, ертекшінің міндеті – өмірдегі бар нәрсенің өзін өзгертіп, барынша әсірелеу. Мұны рухани азық қана санамай, идеологиялық, тәрбиелік мәні бар композициялық еңбек деуге болады. Кейіпкердің өмірге келген сәтінен бастап, өсу, кемелдену сатысына дейінгі бастан кешкен өмірі баяндалады. Соңында мақсат-мұратына жетіп, бәрі бақытты өмір сүретін басты кейіпкерге сүйсінумен боласың. Демек, ертегі – сол қоғамның болмысын, наным-сенімін сақтап, бүгінге жеткізген жанр.
– Білуімше, алғашқы ертегілерің бастауыш сынып оқушыларына арналған. Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге, жасөспірімдерге, ересектерге арнап жазу қиын ба? Аудиторияң қаншалықты кеңейіп жатыр?
– Алғашқы кезде ертегілерім 3-4 сынып оқушыларына арналатын. Себебі, көбінде осы жастағы балалар тыңдауға, оқуға ынта білдіретін. Жазған ертегінің жағымды кейіпкері арқылы баланы мейірімділік пен ізгілікке, жақсылық пен адамгершілікке баулысам деймін. Ал жағымсыз кейіпкерді тану арқылы өтірік пен арамдықтың, жамандық пен сатқындықтың күні қараң екенін ұқтырасың. Жалпы, ертегіні қысқа жазуға, ауызекі тілді сақтауға тырысамын. Сондықтан көбінесе мысал ертегі жазамын. Баланы сендіре білу керек. Олар таза парақ сияқты. Қоршаған орта, айналасы қандай түске боялған, дәл солай қабылдайды. Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге арнап та жазамын арасында. Негізі отбасы, балабақша, мектеп – тәрбиенің қайнар көзі. Осы үш таған бірлесе жұмыс істегенде ғана ұрпақтан көп нәрсе күтуге болады.
Бұйырса, әлгінде айтқан он ертегі ағылшын тіліне аударылып жатыр. Атап айтқанда, «Қара қошқар», «Сараң патша», «Сауысқан», «Күлегеш шар», «Сүйкімсіз әуен», «Үкінің үкімі», «Туған топырақ», «Көбелектің жұмбағы», «Айгүл», «Еркіндік». Аудармашылар да, ағылшын тіліндегі редактор да «Бұл ертегілерді балалар да, ересектер де оқуға болады екен» деген пікірін жеткізді.
– Өзің талай жылдан бері «Ертегілер елінде» журналын шығаруға атсалыстың. Мұндай журнал шығару өзін-өзі ақтай ма? 2000 жылдары шығып, арасында жабылып, қайта ашылған журналдың өткені мен болашағы жайында айтсаң. Қандай қиындықтарға тап болды?
– Бұл журнал 2000 жылдары шыға бастады. Осында жұмысқа тұрғаннан кейін арасында ертегі де жазып жүрдім. Содан 2002 жылы «Үш қиян» баспасының директоры Махмұд Қосмамбетов журналдың редакторы болуға ұсыныс жасады. Барлық жауапкершілік өзіңде ғана. Журнал материалдарын дайындау, авторлармен жұмыс істеу, беттеу, шығару дегендей. Біраз уақыт істеп, шығып та кеттім. «Айгөлек» журналында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған соң журналды шығаруды жалғастыруға дайын екенімді жеткіздім. Содан не керек, 2013 жылы «Ертегілер елінде» журналы қайта жарық көріп, бұрынғыдан да қызықты етіп шығаруға атсалыстық. Ертегі жазуға ниеті бар балалар мен оқушылардың туындысын «Жаңа ертегі» атты айдармен жариялап отырдық.
«Ертегілер елінде» журналының бағасы өте арзан. Балалар оқитын болған соң қымбаттата алмаймыз. Өзін-өзі толық ақтамайды, журналға ақшаны «Үш қиян» баспасы бөледі. Журнал 7 000 тиражға дейін жетіп еді, карантиннен кейін саны азайып қалды. Бірақ соған қарамастан жарық көріп келеміз. Шын мәнінде, журнал өзінің мазмұнының тереңдігімен шығып келе жатыр. Балалар іздеп жүріп оқитын басылымға айналды десем, қателеспеймін.
– Салыстырмалы түрде айтқанда, балаларға арналған қазақ тілінде әдебиет өте аз. Тіпті, баласының тілі енді шыққан ата-ана «қазақша кітап таппаймыз» деп мұңын шағады. Есесіне, кітап дүкендерінде суреті, безендірілуі тамаша ресейлік кітаптар көздің жауын алады. Бұған не себеп?
– Бір ертегіні мың түрлендіруге болады. Буынға бөліп бір кітапша, оны боямақ қылып екінші кітапша, есте сақтау қабілетін дамыту үшін ертегінің белгілі бір бөлігін алып тастап, үшінші кітапша етіп шығарып, осылай ойната беруге болады. Қазір балалар тіл үйренгісі келеді, бір кітапшаны қазақша-ағалшынша берсе, оның қазақ-ағылшын тіліндегі QR кодын қойса болады. Жаңағы дайындап жатқан он ертегіден тұратын кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасы болады. Сол кітапшаны осы айтқандай түрлендіргіміз келеді. Оған да қаражат табу керек. Егер материалдық жағынан қолдайтындар табылып жатса, кітапты балалар қиналмай сатып алатындай арзан бағаға қояр едік.
– Балалар әдебиетінің өкілдері жаңа есімдер, жаңа шығармалар туу үшін байқаулардың маңызы зор дегенді айтады. Өзің де талай бәйгеден оқ бойы озық шыққаныңды білеміз. Ынталандыру бар жерде, өнімділік те бола ма? Сенің пікірің қандай?
– Әрине, бұл сөздің жаны бар. Өзің қатысқанда орын алып бір марқайып қаласың, қаламақысы қолға тигенде тағы қуанасың. Бірақ маған кейбір байқаулардың берілген уақыты аз көрінеді. Егер жазып жүрген жанрыңа сай байқауды көрсең, қатысқың келіп алдын ала дайындаласың ғой. Бұл жаңа бір шығарманың өмірге келуіне көмектеседі.
– Өзің жазу шеберлігін үлгі тұтатын, жол көрсетіп, бағыт сілтеген аға буын жазушылардан кімдерді айтар едің?
– Қазақ жазушыларының кез келген дүниесінен алатын нәрсе көп. Әр қаламгердің шығармасынан өзіңе керектіні табасың, аласың. Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Маған көбі ұнайды.
– Әңгімеңе рақмет!