12 Желтоқсан 10:41

«Мұндай көп ақша НАЗАРБАЕВТЫҢ өзінде және оның ЖАҚЫНДАРЫНДА ғана бар» – Экономист

Фото:
Лакши МИТТАЛ Қазақстаннан «ың-шыңсыз» кетті.

ArcelorMittal Temirtau қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьевтің қолына өтті. Кейбір деректерге қарағанда, бұл компанияның шахталары мен басқа да мекемелерінде жүздеген адам көз жұмыпты. Ең көп құрбандық соңғы жарылыс кезінде болды. Бас-аяғы – 43 адам. Шетелдік миллиардерді елден кетуіне себеп болған осы қайғылы оқиға ма, әлде, бұл қаңтар оқиғасынан кейін жарияланған олигаполияға қарсы күрестің жалғасы ма?

Экономист Айдар ӘЛІБАЕВ NEGE-ге берген сұхбатында осы сауалдың астарына үңілді.

А.Әлібаев. Фото: ғаламтордан

– Британдық миллиардер Лакши Миттал ArcelorMittal Temirtau компаниясын қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьевке арзанға сатты. Қазақ билігіне өкпесі жоқ екенін де айтыпты. Сарапшылар мұны саяси мәміле деп баға беріп отыр. Бұл пікірмен келісесіз бе?

Әрине! Бірақ біз толыққанды қорытынды жасай алмаймыз. Өйткені, бұл мәміленің егжей-тегжейінен бейхабармыз. Бәрі де жасырын өтті. Олардың қалай келісім жасағанын, бағаны қалай анықтағанын да білмейміз. Бұл – таза өзара келісім. Шарттарын жария болмады.

– Бұл мәміле еліміз үшін ың-шыңсыз жасалған секілді. Әдеттегідей, шетелдік сотқа жүгінбейтін, «ақпараттық соғысқа» ұласпайтын түрі бар. Мұның сыры неде? Кейбір пайымдауларға қарағанда, Лакшми Миттал компанияның шын қожайыны емес. Сондықтан ұрыссыз берілген. Сіздің ше, солай ма?

Кәміл сеніммен айта алмасам да, мұның рас болуы әбден мүмкін. Компания акциясының 50 пайызының (немесе одан көп бөлігі) иесі тұңғыш президентке қатысы бар адам Қазақстан азаматы немесе Назарбаевтың өзі де болуы ықтимал. Лакшми Митталмен қандай да бір шарттармен, келісім арқылы иелік етуі ғажап емес. Бірақ егжей-тегжейін тағы да білмейміз. Өйткені, бәрі құпия, жасырын жасалды.

Л.Миттал мен Н.Назарбаев. Фото: Ақорда

– Алып әрі бай компания үшін 286 млн доллар аса көп ақша емес. Өзіңіз айтып өткендей, мәміле жабық жүрді. Кейбір сарапшылардың ойынша, Андрей Лаврентьев аралық тұлға болуы ықтимал. Біраз уақыт өткен соң компанияның жаңа қожайындары пайда болмақ. Ресей олигархтарының бірінің есімі аталып қалуы ғажап емес екен. Бұл нұсқа шындыққа жанаса ма?

Лаврентьевтің мұндай кәсіпорынды сатып ала алатындай ақшасының жоқ екені, бір жарым миллиард қаржыны бірден салып, бір жарым миллиардты бір жылдан кейін құя алатындай қаражаты жоқ екені, ешқашан болмағаны түсінікті жайт. Оның артында біреудің тұрғаны анық. Бірақ кімнің тұрғанын нақты білмейміз.

Ал Қазақстанда мұндай ақша кімде бар? Бұл сұраққа жауап бергенде кімнің тұрғанын шамалай аламыз. Мұндай көп қаражат Назарбаевтың өзінде және оның төңірегіндегі адамдарда ғана бар. Демек, солардың бірі.

Ал «ресейліктер үлеске кіре ме?» деген сұраққа жауап бере алмаймын. Ол жағын уақыт көрсетер. 

– Қазір «Қазақмысты» мемлекет меншігіне қайтару мәселесі көтеріліп жатыр. Мәселен, таяуда ұлытаулық бір топ ардагер үкіметке осындай талап қойып, хат жазды. Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев заңсыз жолмен алынған активтерді қайтару туралы заң шығаруға бастама көтерді. Олигаполияға қарсы күресетінін байқатты. Бұдан басқа қандай активтер елге оралуы мүмкін?

–  Қай активтердің қайтатыны туралы дөп басып айту қиын. Дейтұрғанмен, «Қазақмысты» міндетті түрде қайтару қажет. Kazzinc-тің де мемлекет меншігіне қайтқаны абзал. Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі, Богатырь разъезін, жалпы айтқанда МАШКЕВИЧ, ШОДИЕВ және ИБРАГИМОВ үштігінің аузында кеткен мүліктердің бәрін қайтарған жөн.

А.Машкевич. Фото: ғаламтордан

Мәселен, Алматы әуежайын алайық. Тимур ҚҰЛЫБАЕВТЫҢ оны қандай жолмен иеленгені түсініксіз. Мемлекет оны ың-шыңсыз қайтарып алуы керек. Түріктердің шығынын Құлыбаевтың өзі қайтарсын! Өйткені, интернетте жарияланған ақпараттарға сүйенсем, мұны заңсыз деп есептеймін.

Бұл стратегиялық нысанды жекешелендіріп алуға оның құқығы да жоқ. Себебі, бұл нысан Қазақстанның қауіпсіздік жүйесіне жатады.

Мұндай нысандар аз емес. Соның бірі – Қазақ-британ техникалық университетінің ғимараты. Оның да иесі – Құлыбаевтардың отбасы. Кеңес дәуірінде республиканың үкіметі отырған мұндай тарихи ғимарат қандай негізде сатылған? Неге бұл жерге жекеменшік университет жайғасқан?  

Түбін қаза берсек, елге қайтарылатын мыңдаған нысандар, инфрақұрылымдар, жылжымайтын мүлік және басқа да дүниелер жетерлік. Сондықтан бұл мәселеге байыпты әрі мұқият қарау керек.

Д,Назарбаева, Т.Құлыбаев. Фото: Азаттық

– Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев соңғы кездері позицияларын жоғалта бастады. Квазимемлекеттік сектордағы бірнеше лауазымды қызметтерден шеттетілді. Сіздіңше, бұл нені көрсетеді?

Мен оның барлық позициясын тезірек жоғалтқанын қалар едім. Мен ғана емес, бүкіл халық солай есептейді. Өйткені, осыншама уақыт ішінде заңсыз жолмен көп мүлікті басып қалды. Егер оған ақырындап жақындай бастаса, мұны дұрыс деп ойлаймын. Әділ нәрсе. Заңсыз жолмен иемденіп алған дүниелерді алып қою керек. Онсыз ол Алматы әуежайын сатып жібергендей, бәрін саудаға шығарады.

Митталмен астыртын жүрген келіссөздер Машкевичтермен де жүріп жатуы мүмкін бе?

– Әрине! Машкевич, Шодиев және Ибрагимов үштігінің қолына нысандар мен құрылымдардың қалай түскенін анық білмейміз. Өз басым оларға тиесілі активтердің тізімін де толық білмейді екенмін. Келісімдердің қандай шарттармен қол қойылғанын, оларға қанша ақша төлегенін, қазір қанша төлеп жатқанын жұрт білмейді. Бәрі жабық болса, онда бұл – Қазақстан заңдарын бұза отырып жасалған мәміле деген сөз.

Тегтер: