Мұхит АСАНБАЕВ: Түріктер ТҰРАҚТЫЛЫҚ үшін дауыс берді
Түркияда өткен президент сайлауында Режеп Тайып Ердоған жеңіске жетті. Сайлаудың нәтижесі екінші турда анықталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесі Ердоғанды құттықтап та үлгерді.
Бір қызығы, Түркияда өткен сайлаудың нәтижесі қазақстандықтарды да қуантып отыр. Әлеуметтік желілерде Ердоғанға деген ыстық лебіздер жиі кездеседі.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Мұхит АСАНБАЕВ Түркияда өткен сайлаудың қызығы мен шыжығы жайында NEGE-ге сұхбат берді.
М.Асанбаев.Фото: ҚСЗИ
«Ердоғанның харизмасы мықты»
– Түркия – Қазақстан үшін өте маңызды елдердің бірі. Түркияда өткен сайлауда «кім жеңеді» деген сауал біздің қоғамды да қатты қызықтырды. Ережеп Тайып Ердоған аз ғана басымдықпен жеңіске жетті. Бұл сайлаудағы бәсекелестіктің күшті болғанын байқатады. Ердоғанды жеңіске жеткізген не болды деп ойлайсыз?
– Ердоған үшін бұл сайлау қиын саяси күрес болды. Ол жиырма жылдан бері Түркия билігінің тізгінін ұстап келеді. Енді тағы да бес жылға мерзімін созды. Осы сайлаудың маңызы ол үшін өте зор. Тіпті, жеңіліп қалу қаупі болды. Өйткені, елде саяси-экономикалық ахуал нашарлап кетті. Мұны Ердоғанның өзі де мойындады. Түркиядағы алапат жер сілкінісі болды. Көп адам қаза тапты. Халық ішінде шаршаңқы көңіл-күй бар.
Бірақ Ердоғанның харизмасы мықты. Сайлаудағы басты бәсекелесімен салыстырғанда, Ердоған түрімен де, сөзімен де көп ерекшеленеді. Ал Кемал Қылышдароғлы біріккен оппозицияның балама кандидаты болып сайлауға түскенімен қарсыласынан асып түсе алмады.
Бірінші турда Ердоған 49 пайыз дауыс алды. Бір пайыз ғана дауыс жетпей қалды. Екінші тур – демократиялық үрдістің айғағы. Сайлауға халық сенбесе, мұндай нәтиже болмас еді.
К.Қылышдароғлы. Фото: Getty
– Кейбір сарапшылар түрік халқының саяси белсенділігі жоғары екенін айтады. Дауыс берушілердің қатысуы көп адамды таңқалдырып жүр. «Ердоған ұтылады» деп болжам айтқандар да болды. Оппозиция ортақ кандидаты не үшін жеңілді?
– Түрік халқының саяси белсенділігі өте жоғары. Бір үйде әртүрлі партияны жақтайтын адамдар жиі кездеседі. Оппозиция ұсынған ортақ тұлға болғанымен, Кемаль Қылыштароғлының саяси салмағы жоқ. Ол бұған дейін де бірнеше сайлауға қатысқан. Ұдайы ұтылып жүр. Рас, осы жолы түрік оппозициясы жеңеміз деп көп үміттенді. Бірақ үміті ақталмады.
«Түркияның халқы біртекті емес»
– Ердоғанға наразылар да аз болған жоқ қой?
– Ердоған босқындарды көп қабылдады. Түріктер бұған наразы. Жұмыс орындарына ортақтасатын босқындардың елден кеткенін қалайды. Түркияда қазір кім тұрмайды? Релоканттар көп. Үйдің бағасы аспандап кетті. Түріктер ипотека алудан қалды. Экономикада қиындықтар туындады. Түрік лирі құнын қатты жоғалтты.
Түркия парламентінде АК партия (Әділет және даму партиясы – ред.) көпшілік орынды иемденген. «Қылыштароғлы жеңсе де, парламентте Ердоғанның жақтастары отыр. Мұның арты бітпейтін текетіреске айналады. Мәселені бір ауыздан шеше алмай, мұын арты саяси дағдарысқа соқтыруы мүмкін. Одан да Ердоғанға дауыс берейік», – деген пікір басым болды. Яғни, түріктер тұрақтылық үшін дауыс берді.
Фото: АР/ТАСС
Ердоған сайлауда сауатты науқан жүргізді. Стратегиясын ұтымды пайдалана білді. Ұзын сөздің қысқасы, өзіне сеніп шықты. Синан Оған деген саясаткер екінші турға өтсе де, жақтастарын Ердоғанды қолдауға шақырып, сайлауға түсуден бас тартты. Түркияда миллиетшілдік (ұлтшылдық), діншілдік өте күшті.
Түркияның халқы біртекті емес. Күрділердің саны өсіп жатыр. Сириядан келген 4 миллионға жуық босқын бар. Қоғамда «оппозиция билікке келсе, Түркия түріктік келбетін жоғалтып ала ма?» деген секем болды. Сондықтан ұлтшыл саясаткердің бразы Ердоған жағына өтті.
Дегенмен, Ердоғанның саяси тәжірибесі мол. Жиырма жылдың ішінде көп жұмыс атқарды. Рас, билікте транформация жүрді. Бұрын Түркия парламенттік республика болса, 2014 жылдан бастап президенттік басқару формасына өтті.
Батыс елдері Ердоғанға қарсы екенін мәлімдеп жатыр. Түріктерге осы жайт ұнамайды. АҚШ пен Еуропа елдері бір үміткерді ашық қолдамаса да, райын білдірді. Ердоған сияқты тұлғалар Еуродақ елдеріне көп ұнай бермейді.
Түркия – саяси және әскери тұрғыдан мықты мемлекет. НАТО-ға мүше. Бірақ оның айтқанымен жүріп-тұрмайды. Өз саясатын жүргізеді. Ердоған Украинаны қолдайды, бірақ Ресеймен де қарым-қатынасы жақсы. Әрине, бұл Батысқа ұнамайды.
«Түркі елдері үшін Ердоған қолайлы»
– Қазақстан үшін Ердоғанның жеңісі не береді?
– Түркі тілдес мемлекеттер үшін жақсы болар. Ердоған – орта дәліз арқылы Түркі мемлекеттерінің басын қосуға ұмтылып жүрген тұлға. Әзірбайжанға Қарабағын қайтарып та берген – осы кісі. Түркия әскери жағынан қолдамаса, заманауи қару-жарағын бермесе, Әзербайжан жеңе алмас еді.
Түркия Ливияға да араласып жатыр. Таяу Шығыста да өз орнын айқындап отыр. Сириядағы рөлі де маңызды. Украина мен Ресей арасындағы жанжалда делдал болып отыр. Африка елдері Украина мен Ресейдің бидайына тәуелді. Астық мәмілесі Түркия арқылы жүзеге асырылады. Басқа бірде-бір мемлекет Түркияның орнын баса алмай отыр.
Шынын айту керек, Қылышдароғының риторикасы жақсы болды. Парламенттік республиканы қайтару, Еуропамен жақындасу мәселелерін көтерді. Бірақ түркі одағы туралы көп нәрсе айтпады.
Фото: ВВС
– Ердоғанның жеңіске жетуіне діндарлар көп ықпал етті деген сөзді жиі естіп жатырмыз. Бұл туралы не айтар едіңіз? Кемалистер мен Ердоғанның жақтастары арасындағы қайшылық бұл сайлауда көрініс берді ме?
– Ердоғанның жеңісіне үлесін қосқан күш діндарлар емес, түрік ұлтшылдары болды. Түркияда екі мықты күш бар. Бірі – діни көзқарастағы электорат, екіншісі – ұлтшылдық. Әсіреұлтшылдар да бар.
Ердоғанның жеңісі – осы екі күштің тепе-теңдігі. Десе де, Түркияның түріктік бейнесін сақтап қалуды көздейтін саяси күштердің ықпалы күшті болды. Тек қана діни күшті айту орынсыз.
Ердоғанның электораты – ірі шаҺарлар емес. Консервативтік көзқарастағы ауыл тұрғындары, аймақтар. Жер сілкінген аймақтарда да Ердоғанның электораты тұрады. Ердоғанға наразылық үлкен қалаларда болған. Сайлау нәтижесіне қарағанда, қарапайым түріктер оны көшбасшы ретінде мойындап отыр.
Оның қарсыластары да осал емес екені осы сайлауда әупірімдеп жеңгенінен көрінді.
– Түркияда ұлтшылдық неге мықты күшке айналды?
– Ұлтшылдық әр мемлекетте бар. Өзін-өзі сыйлайтын мемлекеттердің бәрінде бұл қасиет кездеседі. Ұлттық сана-сезімдегі, ұлттық көзқарастағы азаматтар Түркияда аз емес. Ататүріктің өзі осының іргетасын қалап кеткен.
Түркия – Таяу Шығыстың, Еуропа мен Азияның ортасында тұрған мемлекет. Оңтүстігінде араб, ислам мәдениеті, Солтүстігінде Еуропа елдері, Ресей тұр. Өркениеттердің түйісіндегі стратегиялық маңызды жерде орналасқан. Қазір Түркия үшін түрік ұлтын сақтап қалу маңызды мәселеге айналады. Өйткені, бұл елде басқа халықтардың саны өсіп жатыр.
– Түркі мемлекеттері одағының болашағы жайлы не дер едіңіз?
– Түркі елдерінің ынтымақтастығы үшін Ердоғанның үміткерлігі қолайлы болып тұр. Өйткені, Қылышдароғылының сайлауалды бағдарламалық құжатында түркі халықтарымен байланыс ашық көрсетілмеген. Онда батыс елдерімен қарым-қатынасқа ерекше мән берілген.