Іле Алатауы ұлттық паркінде 625 көшет бой тіктеді

Бүгін Алматының күні шайдай жарқырап, Алатау бөктері ерекше сұлуланып тұрды. Себебі, биіктен маңғаздана қараған тау сілемдері баурайына нағыз табиғат жанашырларының асығып келе жатқанын сезгендей.
Көкжайлау шатқалына бас-аяғы 700-ге жуық адам жиналды. Оның қатарындағы Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері, еріктілер, студенттер мен оқушылар және тілші қауымы «Halyk орманы» жобасының ауқымды экологиялық акциясына қатысты. Жобаны «Halyk» қоры Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп іске қосты.
Биыл республика деңгейінде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» іс-шарасын қолдау мақсатында қолға алынған жоба алдымен Шығыс Қазақстандағы «Семей орманы» аумағында басталды. Мұндағы жүздеген гектар өртенген аймаққа алғашқы 800 көшет егілді. Енді кезек – Іле Алатауына жетіп, бес жыл ішінде 5 гектар аумаққа 14 мың шренк шыршасы отырғызылатын болады. Айта кету керек, бес жылға есептелген жобаға 1 миллиард теңге бөлінген. Осы уақыт ішінде елдің үш өңірінде 4 миллионнан аса ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Бүгін соның 625 түп ағашы Көкжайлау шатқалын көгалдандыруға ғана емес, жаңа тыныс беруге үлес қосты.

Экологиялық акция ортасынан табылған Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрбек Шәрбиев қоршаған ортаны қорғау, сақтауға қатысты шараның маңыздылығына тоқталды.
«Биыл «Таза Қазақстан» акциясы аясында республика аумағында 2,5 миллионға жуық көшет отырғызылып, 600 тонна қоқыс тазаланды. Табиғатты қорғау – бір реттік іс-шара емес, экологиялық мәдениетті қалыптастырады. Біз табиғатқа жанашырлық танытпайынша, экономикалық өсім де ұзаққа бармайды. «Halyk орманы» жобасы мұрындық болған акция – экологиялық мәдениетті өміріміздің табиғи бөлігіне айналдыру жолындағы негізгі қадам», – деді вице-министр Нұрбек Шәрбиев.

Ал Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры Мейрам Бегентаев бұл жоба есеп емес, болашақ ұрпақ үшін керек екенін жеткізді.
«Әр отырғызылған ағаш – қаланың тынысына, адамның санасына салынған инвестиция. Ағаш отырғызу бір минуттың шаруасы десек те, оның түпкі астарында үлкен мән-мағына жатыр. «Halyk орманы» – табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыратын мектеп. Бұл – бізден кейін де ел есінде қалатын іс», – деді.

Ауқымды экологиялық бастаманың Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне тиесілі аумақта жүзеге асқанын ескерсек, шараның басы-қасында жүрген ұлттық парк қызметкерлері ағаш отырғызу қағидасын көрсетіп берді.
Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Елнұр Ахметов: «Бастама «Halyk» қоры, Экология және табиғи ресурстар министрлігі және Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің келісімі бойынша жүзеге асты. 500-ден астам адам қатысқан «Halyk орманы» жобасы аясында 1 гектар жерге 625 шырша отырғызылды. Бұл Алматы қаласы Іле Алатауы бөктеріне, Тянь-Шань тау сілемдеріне бұрыннан жерсініп кеткен шренк шыршасы», – деді.

Сондай-ақ, Елнұр Мұхамеджанұлы Іле Алатауы ұлттық паркінің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық іс-шарасына қосқан үлесі туралы да ақпаратпен бөлісті.
«Биыл ұлттық парк аумағында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын іске асыру бойынша 97 600 адамды қамтыған 249 іс-шара өткізілді. Іс-шара нәтижесінде 8 200 түп ағаш отырғызылып, 11,5 тонна қоқыс жиналды. Одан бөлек қоршаған ортаны қорғау және қалдықтарды басқару бойынша 2025 жылдың 9 айында парк аумағынан 886 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылса, қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау үшін 32 жабық алаңға қоқыс жинауға арналған 365 контейнер орнатылды. Оның ішінде құрғақ фракцияға арналған – 295 дана, дымқыл фракцияға арналған – 70 дана. Қоқысты шығару үшін заманауи 2 Iveco және 1 JAC арнайы техникасы сатып алынды», – деді Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Елнұр Ахметов.

Дәл осындай бастама – қоғамның әрбір мүшесін экологиялық мәдениет қалыптастыруға үндейтіні сөзсіз. Ол үшін әр адамның бойынша қоршаған ортаға деген махаббат, экологияны қорғауға деген талпыныс, табиғатты аялап ұстауға деген ұмтылыс болса жеткілікті.