«Мықты көріпкел» коронавирустың қашан кететінін айтты

Қазір не көп, болашақты болжағыш көріпкел көп. Бірақ оның бәрі нақты болжай ма? Жұртты мазалап жүрген бір сауал – коронавирустың арамыздан қашан кететіні кім-кімді де мазалайтыны анық. Тілшіміз көріпкел, экстрасенс, емші Омар Балтабаевтан осыны және 2021 жылы не күтіп тұрғанын сұрады.
– Омар, еліміздің ғана емес, бүкіл әлемнің коронавирус індетімен алысқалы бір жылдан асты. Бұл вирус арамыздан қашан кетеді өзі?
– Қазір өзін көріпкел, емші дейтіндер көбейді. Бәрі интернет сайттарына шығып «Пәлен күні келеді, мына күні кетеді» деп жатыр. Маған да журналистер бұл сұрақты талай рет қойды. Әркім өз орнын білу керек, мен де өз орнымды білемін. Жалпы айтқанда, жоғары билікте отырған ағаларымыздың бәрі «көріпкел» ғой. Олар коронавирус қашан келіп, қашан карантин болатынына дейін айтты. «Біріншісі кетіп, екінші толқыны болады» деді, одан кейін «үшінші толқыны келе жатыр» деп алдын ала болжап қойды. Солардан сұрау керек шығар.
О.Балтабаев
– Көріпкел ретінде сізге де көктен ақпарат келе ме? Халық та індеттен әбден шаршады дегендей. Көңіл қуантарлық жаңалығыңыз жоқ па?
– Әрине, ақпарат келеді. Бірақ неге екенін білмеймін, осыған араласпай-ақ қояйын деген едім. Нақты айтар болсам, індет келер жылдың наурызына дейін созылады. Оған дейін ауыратын адам ауырып болады. Көктемнен кейін жаймен бәрі қалыпқа түсе бастайды.
– 2020 жыл да аяқталып қалды. Бұл жыл «індет жылы» ретінде тарихта қалатыны анық. 2021 жылдан не күтеміз?
– Көктемде коронавирус індеті басылып, Қазақстанның экономикасында едәуір қиындық болады. Жұмыссыздық көбейіп, қымбатшылық жайлайды. Азық-түлік, тұрғын үй бағасы биылғыдан да шарықтайды. Теңгенің құны түсе береді. Індеттен кейін экономиканың қайтадан бір ізге түсуі біршама уақытты талап етеді. Бұл вирус біздің елді ғана емес, әлемнің экономикалық ахуалын күрт төмендетіп жіберді.
Сиыр жылы қай елге де оңай болмайды. Бірақ 2021 жылдың жазына таман Қазақстан экономикасы біртіндеп көтеріле бастайды. Оған дейін халық еңсесін тіктей алмай, біраз қаржылық дағдарысқа тап болады.
Қазірдің өзінде экономика құлдырап кеткені құпия емес. Өзіміз өнім өндірмейміз. Импорт арқылы тауар да келіп жатқан жоқ. Сондықтан бар заттың құны өсетіні заңдылық. Оның үстіне карантин де күнделікті тұрмысқа қажетті дүниенің бағасын аспандатып жіберді. Доллар әлі көтеріле береді, тұрғын үй бағасы да шарықтайды.
– Былтыр Тышқан жылына болжам жасап па едіңіз?
– Жалпы, мен – мықты көріпкелдердің бірімін. Одан бөлек емшілігім бір төбе. Екі жыл бұрын болжам жасаумен айналыстым. Кейін мұны қойып кеттім. Бірақ айтылатын әңгіме көп еді. Былтыр «Індет келеді, карантин болады» дегенді айтқан көріпкелдер болды. Оны халық алдына шығып айтуға ешкімнің көңіл қошы болған жоқ. Бүкіл әлемде карантин болатынын ең бірінші Үндістандағы көріпкел жігіт айтқан еді. Одан кейін Ресейде бір көріпкел де болжаған.
– Сіз мұны білген жоқсыз ба?
– Күндіз-түні адам қарап, науқастарды емдеп жүрген адаммын. Бос уақытым болмады. Бірақ жаңағы көріпкелдердің айтқан болжамына құлақ астым. Адамда тылсым дүние деген болады. «Бәрін білем» десек те, бәрі бір Алланың қолында. Болашақты 70 пайыз болжай аласың, ал 30 пайызында қателесуің мүмкін. Сондықтан «мен білемін» деп елдің алдына шығып айтсаң, ол ертеңгі күні қате болуы мүмкін. Сезіп, біліп, ойлап жүрдім. Оның қашан болатынын, қанша уақытқа созылатынын айтуға нақты кепілдік болмады.
– Алда саяси науқан – Парламент сайлауы келе жатыр. Бұл тұрғыда не айтасыз?
– Шынымды айтсам, саясатқа араласқым келмейді. Неге десеңіз, бәрі белгілі ғой. Мұны болжаудың да қажеті жоқ.
– Халықты емдеумен қашаннан бері айналысып келесіз?
– Қазақтың әр пендесі тегін емес. Жеті атаның біреуі ілімді, иманды адам болады. Түс көріп, болжайтын да адам көп. Бірақ оны ұстайтын иманы әлсіз. Өзім Тараз қаласының тумасымын. 2015 жылы Алматыда халықты емдеумен айналыстым. 2017 жылы көріпкел ретінде жоғалған адамдарды іздеуге бет бұрдым. 2018 жылы емші болып, адам қабылдадым. Бірнеше телеарна бағдарламасына қатыстым. Нұр-Сұлтан, Маңғыстауға да барып, ем жүргіздім.
Нақты ел алдында жүргеніме 3 жыл, ал осы жолға түскеніме 5 жыл болды. Осы бес жылдың ішінде суретке қарап, 80-90 отбасыны, яғни 200-дей адамды тазаладым. Тіпті, Түркия, Оңтүстік Кореядағы қазақ бауырларымыз шығып жатыр. Бір мысал – дәрігерлер өледі деген екі баланың суретіне қарап, аман алып қалғаным бар.
Сол балалардың туған күніне «өкіл әке» ретінде шақырғанда тілшілер танып, хабарға шақырды. Болашақты бір Алла біледі, бірақ қарғыс, дуа бар ма, үйден неге береке қашты, сол жағын нақты айтамын.
– Сіздің қызметіңіз қанша тұрады?
– Осы сұрақты жиі қояды. Алдыма сәби келсе, ақша алмаймын. Нақты науқас адам келсе, бір тиын сұрамаймын. Ал қарғыс, дуа, жын-жыбырды алып тастау үшін аламын. Оны тазалап, жаман энергиясын өзіме сіңіремін. Онлайн отырып алып, адамдарды сорлатып, ақша соратындар көп. Әр нәрсенің өз құны бар. Суретке қарап тазалау – 30-40 мыңнан аспайды. Себебі, 21 күн оқып, тазалаймын. Шынын айтқанда, бәрін емдеп, сауықтырып жіберем дей алмаймын. Ол келген адамның өзіне байланысты. Бірі «Бүгін келе салайыншы, ертең келмеймін ғой» десе, келесі біреу шын ниеттенеді. Бәрі ықылас пен ниеттен. Сосын алла шипасын береді. 70-80 пайызына ем қонады. Бүгінгі адамдардың көңілін табу қиын. Қазір бағамды төмендетіп, халықтың қарапайым емшісі ретінде көмектесіп жатқан жайым бар.