24 Сәуір 13:14
...

Ақтөбеде қызғалдақпен фотоға түскен ауыл әкімі жауапқа тартылады

Ақтөбе әкімі
Фото: әлеуметтік желіден

Ақтөбеде қызғалдақ ұстап фотоға түскен ауыл әкімі әкімшілік жазаға тартылады. 

Алматы, NEGE. Мұғалжар ауданы Құдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округ әкімі Ләззат Бердібаеваға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтарын және (немесе) мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамау» бабы бойынша хаттама толтырылды. Кодекске сүйенсек, әкім 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Бұл дегеніміз 39 320 теңге.

«Әлеуметтік желілерде жарияланған Мұғалжар ауданы тұрғынының гүл шоқтарымен түскен суреті бойынша ақпаратқа тексеру жүргізілді. Тексеру барысында аталған тұрғын гүлдерді кәмелетке толмаған балаларының жұлғанын айтты. Нәтижесінде кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және күтіп-бағу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшінің осы әрекетін Әдеп жөніндегі кеңесте қарау үшін аудан әкімдігіне ұсыныс жолданды», – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.