25 Ақпан 15:31

Қазақстан соғысқа қатысты ұстанымын НЕГЕ жарияламай отыр? Депутаттың пікірі

Фото:

Ресей мен Украина арасындағы соғысқа байланысты Қазақстан өзінің ресми позициясын жариялаған жоқ. Кеше президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасында осы мәселеге байланысты Ақорданың ұстанымын айтуы керек болған еді. Алайда сұхбат бізге белгісіз себептермен тоқтатылды.

Қазақстан екі елдің арасындағы соғыста қандай позиция ұстануы керек? Осы және өзге де сұрақты ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарымға қойған едік.

– Ресей мен Украина арасындағы соғысқа байланысты Қазақстан әлі ресми ұстанымын жариялаған жоқ. Маңызды мәлімдеме жасауды тым кешіктіріп жіберген жоқпыз ба?

– Айтты ғой. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен ҚР Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты.

– Сыртқы істер министрі «Біз мұны Қауіпсізлдік кеңесінің отырысында шешеміз» деген болатын. Кеше президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли телеарнадан осы мәселеге байланысты сұхбат беретін болып, бірақ кейінге қалды. Қазақстанның нақты ресми ұстанымы қашан жарияланады?

Фото: zakon.kz

– Жақын күндері жарияланады. Әлемдік позициялар анықталып, бекітілсін.

Біз енді Ресейдің қасында отырып, Ресейге қарсы айыптау немесе жоққа шығару Қазақстан үшін қиянат болып кетуі мүмкін. Сондықтан біз үшін БҰҰ позициясы өте маңызды.

Мысалы аталған ұйым «Біздің позициямыз осындай» деп айтса, Қазақстан соның аясында пікір білдіргені жөн. Біздің ішкі ұстанымыз, қазақша айтсақ, «келінім сен тыңда, қызым саған айтамын» деген сияқты болуы керектігі түсінікті ғой. Бірақ біз қалай болған күннің өзінде ОБЕСЕ мен БҰҰ позициясынан аспағанымыз дұрыс.

– Ресей біздің БҰҰ-ға сәйкес ұстанымда болғанымызға қалай қарайды? Путин қазір ашулы ғой...

– Ашулы екені ашулы ғой. Бірақ БҰҰ-ның ұстанымын да ескеру керек. БҰҰ мүшесі ретінде Ресейдің кез келген ұстанымды тоқтатып қойып немесе вето қоятын құқығы бар. Яғни БҰҰ шешімі Қытай мен Ресейдің ұстанымын ескертіп отырады. Олай болса, БҰҰ ұстанымы Батыстан өзгешелу болуы немесе аздап жұмсаруы мүмкін. Бірақ ашықтан-ашық бір мемлекетке соғыс ашуды мойындауы екіталай дүние.

Қазір жүріп жатқан үлкен даулардың артын күтейік. Менің ойымша, біздің жағдайда алдыға жүгіріп пікір айтқаннан гөрі, бір-екі апта күте тұрған тиімді сияқты.

Фото: Reuters

– Ресей біздің БҰҰ деңгейінде бейтарап болғанымызға қанағаттана ма?

– Қанағаттанады. Олар бізден Қырым, Осетия немесе Абхазияны мойындауды сұрап жатқан жоқ. Біз қарсы шықпай, өзіміздің бейтарап ұстанымызды жұмсартып айтсақ, Ресейге сол да жеткілікті.  

– Кеше президентің баспасөз хатшысы сұхбатында Қазақстанның ұстанған позициясын айтады деп еді. Алайда аталған сұхбат болмай қалды. Бұл жағдай Ресей премьер-министрінің Қазақстанға келуімен байланысты ма?

– Ресей әккі саясатты жақсы меңгерген әрі дипломатиясына 300-400 жыл болған мықты мемлекет қой. Сол елдің премьер-минисрі елге келіп жатқан кезде үзілді-кесілді баға беріп немесе қарсы шығуымыз басқаша қабылдануы ықтимал еді.

Сондықтан бұл мәселеге байланысты әлем елдері айтатынын айтып алсын, БҰҰ дауласып-дауласып бір ұйғарымға келсін, сол ұйғарымды қолдаймыз деп отыру дәл осындай жағдайда Қазақстан мемлекеті үшін жеткілікті.

Бұл Ресей мен Қытай секілді көршілеріміздің қытығына тимейтін позиция болады деп ойлаймын.  

– Біздің билікке Кремль тарапынан қысым артқан жағдайда Ақорда Кремльдің ығына жығыла салмай ма?

– Мысалы Қытай Украинаға қарсы соғысты аса бір керемет дүние деп есептеп отырған жоқ. Себебі Украинадағы сеператизм мәселесі Қытайда да бар. Түпкілікті тұрғыда қарасаңыз, бізге де келуі мүмкін мәселенің бірі. Сондықтан әр ел өзінің жағдайын ескереді. 

Мұны Ресей де түсініп отыр. Өйткені Шешенстанда болған жағдай өздерінің басынан өткен. Әрине, Ресейдің бүгінгі саясаты басқаша ғой. Бірақ Ресейдің 4-5 жыл сайын мәңгі-бақи соғыс аша беруі де мүмкін емес. Ресейдің ішкі жағдайы да бір мезетте өзгеріп кетуі ықтимал. Сондықтан әліптің артын бағып, жағдайға сай өте мығым және динамикалық позицияда болғанымыз жөн.

Тегтер: