24 Ақпан 13:54

Сергей Дуванов: Бүгін Путин Гитлерді еске түсірді

Фото:

Бүгін түнде Украина мен Ресей арасындағы дағдарыс шырқау шегіне жетті. Шекарада тұрған екі жүз мыңға жуық ресейлік әскер Украинаға тұс-тұстан басып кіре бастады. Тіпті, ел астанасы Киев те бомбаның астында қалды.

Кремль ақыры рубиконды кесіп өтті. Батыстың қаупі рас болып шықты. Путин: «Украина солдаттары, қаруларыңды тастаңдар, қарсылық көрсетуші болмаңдар! Әйтпесе, оңдырмаймын! Еш аяушылық болмайды!», – деп қатулана мәлімдеме жасады.

Қазақстандық саясаткер Сергей Дуванов Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысты Nege.kz порталына ашық пікір білдірді.

Фото: ТСН.ua

Осы уақытқа дейін сарапшылардың дені: «Ресей Украинаға басып кірмейді. Путин соншалықты ақымақ емес», деп келген болатын. Бүгін жағдай түбегейлі өзгерді. Ресей әскері Украинаға тұс-тұстан шабуыл жасап жатыр. Бұған қандай баға берер едіңіз?

– Путин Украинаны да, Батысты да қорқытып-үркітумен шектеледі деп мен де ойлаған едім. Бұл адамда тежегіш деген нәрсе жоқ екен. «Феноменалды» саясаткер болып шықты. Оның маңдайында «КГБ» деп тайға таңба басқандай жазылған.

Бұл кеңседен шыққан адам жаугершіліктен, жаулап алудан, репрессиядан және саяси қарсыластарының көзін жоюдан іркілмейді. Ол – өте қорқынышты адам.

Қаншалық әділ баға екенін білмеймін, бірақ бүгін Путин маған Гитлерді еске түсіріп отыр.

– Бұдан әрі не болады? Жағдайдың қалай өрбитініне болжам жасай аласыз ба?

– Осы сәттен бастап бұл адамның қандай қадамға баратынына болжам жасауға қатты қорқамын. Өйткені, ол мүлде адекватты емес. Тек қана бомбалаумен шектелер деген үмітім ғана бар. Бәрін қорқытып, НАТО-дан секемі үшін бейбіт халықты да құрбандық шала алатынын көрсеткісі келеді. Бұл – бір.

Фото: Reuters

Екінші нұсқам бойынша, Украинаға толыққанды соғыс ашып, басып алады. Ресей солдатының көмегімен Украинаның даму бағыт басқа бағытқа бұратын өз адамдарын қояды. Басқа нұсқаларды әзірге көріп отырғаным жоқ.

Батыс тарапынан қандай шаралар қолданылуы мүмкін. Ресейдің Украинаны басып алуы үлкен соғысқа ұласып кетпей ме?

– Батыс мұны қаламайды. Тым қорқақ. Бұрынғы қарым-қабілетін жоғалтып алған. Экономикалық санкциялары күлкілі көрінеді. Путиннің оған түкіргені бар. Батыс саясаткерлері «санкция саламыз» дегенді айтады. Бұл – байыпты әрекет емес. Бүкіл Батыс өте әлжуаз көрінеді.

Бұл біздің тарихымызды қайта еске түсіріп отыр. Естеріңізде болса,  олар 1937 жылы да дәл осылай Гитлерге Судет облысын, Чехославакияны басып алуға, Польшаға басып кіруге мүмкіндік берген болатын.

Сосын кейінірек қауіп өздеріне төнгенін анық сезінгеннен кейін ғана қозғала бастады. Батыс саясаткерлері тілімен безектеуді ғана біледі.

АҚШ президенті Джо Байден. Фото: Reuters

– Дәл қазір болмаса да, күндердің бір күнінде Қазақстанға осылай басып кіруі қаншалықты мүмкін?

– Оп-оңай! Қалпақпен ұрып алады. Халықаралық қауымдастық тісін қағып алса ғана, бас тартуы мүмкін. Сонда ғана жан-жағына қарайтын болады.

Украинада тауы шағылмаса, келесі кезекте біздің ел тұр. Бұл үшін себеп іздеп те жатпайды.

Өйткені, еліміздегі тұрғындардың жартысына жуығы Путиннің әрекеттерін қос қолдап қолдап отыр. Оның ішінде тек қана қазақстандық орыстар ғана емес, қазақтар да, басқалары да бар. Империялық қылықтар бәрінде де кездеседі. Бұл адамдарға – «бесінші колоннаға» белгі берсе болды, бәрін жасайды. Арандатушылыққа да барады. Оларды қорғау үшін жарты сағатта ұшып келетін болады.

Фото: shutterstock.com

Сонда, Путин Кеңес одағын немесе Ресей империясын қайта құруды көздеп отыр ма?

– Кеңес одағын қайта құрғысы келеді деп ойламаймын. Жәй ғана Ресейді империя жасағысы келеді. Неоимпериялық амбициясы бар. Ресейліктердің оны неге қолдап отырғанын түсінемін.

Өйткені, олар әрқашан өздерін жердің кіндігі санап келді. Ресейді ең мықты держава деп біледі. Менталитеті тұрғысынан, оларда имперлік сана басым. Сондықтан Украинаға қарсы күштік әрекеттерді 80 пайызы қолдап отыр.

Тек қана орыстар ғана емес, татарлар мен башқұрттар, барлық ресейліктер қолдаған. Үгіт-насихат оларды импершіл етті. Кеңес Одағы тұсында да солай болған. Қазір тым ушығып кетті.

Сонда Путинді ешкім, ештеңе тоқтата алмай ма?

– Бір ғана нәрсе бар. Экономикалық жағдай Путинге қарсы жұмыс істеуі мүмкін. Егер кең көлемде соғыс басталса, украиналықтар тойтарыс береді. Олар соғыса алады. Ресейліктерден кем түспейді. Рухы мығым. Оңайлықпен берілмейді. Ресейдің жауы көбейе түседі. Бұл жағдай ресейліктердің көзін ашып, Путиннің кім екенін, Ресейдің фашизмге қарай бет бұрғанын аңғаруы ықтимал.

Тегтер: