29 Қазан 12:14
...

Қайрат Жәлелұлы: Қазақ жылқысын әлем мойындайтын халге жеткізуіміз керек

Фото:

(Жалғасы)

Жылқы малы бүгінгідей қазы мен қымыз емес, ертеректе көлік ретінде де ерекше бағаланды. Қазақта «жақсы атын мақтайды» деген тәмсіл бар. Қазір әлемді автокөлік жаулап алса да, қазақ жылқысының бір ерекшелігі бар. Ол – төзімділік. Франция іргесіндегі Ле-Ман қаласында жыл сайын үздік автокөлік өндірушілер жиналып, қай көлік төзімді әрі жылдам екенін анықтайды. Ережеге сай автомобиль трассада 24 сағат тоқтаусыз жүруі керек. Жарыс атауы да – «24 сағат Ле-Манда». Қазақ жылқысы да тәулік бойы тоқтамайтын төзімді деген-ді бұрынғылардан еститін едік. Қазіргі қазақ жылқылары да төзімді ме? Оны Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, жылқытанушы ғалым Қайрат Жәлелұлынан сұрадық. 

– Жылқының төзімділігі сынға түссе қазіргі қазақ жылқылары топты жарып шыға ала ма? Тәулік бойы тоқтамай шаба алатын жыр-аңыздардағы аттар осы күні бар ма?

– Бабаларымыз қазақ жылқысының төзімділігін жан-жақты сынаған. Таңнан қас қарайғанға дейін, тіпті күнбе-күн шаба беретін жылқылар болған. «Ал қазір ше?» дегенге жауап беру өте қиын. Себебі ұлттық бәйгеге қатысып, бәйге алып жатқан жылқылар қазақ жылқысы емес. Тағы да сол – шетелдік жылқылар. Осыған тосқауыл қою мүмкіндігі болмай тұр.

2019 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында 130 шақырымдық бәйге ұйымдастырылды. Ол жақтағы атбегілердің көрсеткісі келгені – қазақ жылқысының төзімділігі. Расында да олар шетелдің жылқыларының ұзаққа шаба алмайтынын, төзбейтінін дәлелдеп, қазақ жылқысын мойындатты.

Сол бәйгеден оза шауып келген «Тарпаң» лақап атындағы сәйгүлік 6 сағат 40 минутта 130 шақырымды шауып өтті. Онымен қоймай қазақ жігітінің ат үстінде 6 сағат бойы шаба алатынын дәлелдеді. Бұны басқа бәйгелермен шатыстырмау керек. Бұл – төзімділікке арналған, ұшқырлыққа емес.

Қазір біздің ипподромдарда 1 шақырымнан 3 шақырымға дейінгі ұшқыр бәйгелер бар. Сонымен қатар, 25 шақырымға шабуға арналған ұлттық бәйгелер ұйымдастырылады. Ұлттық бәйгені 25 шақырым деп есептегенмен, бұл туралы біраз архив құжаттарын, ғалымдардың ғылыми жұмыстарын іздеп көріп едік, ешқандай мәлімет таба алмадық. «25 шақырымдық ұлттық бәйге қай кезде басталды, ол неге 25 шақырым?» деген сауалға жауап таба алмадық. Өйткені біздің жырауларымыз, ата-бабадан жеткен ауыз әдебиеттерді күнбе-күн шапқан дейді. Менің ойымша, дәл осы 25 шақырым дегеннің өзін кеңестік өкімет ойлап тауып, бізге енгізіп жіберсе керек. Олай дейтінім жылқының өзінің қалыпты жағдайдағы физиологиялық процесі болады. Физиология дегеніміз, жүрек қағысы, тыныс алуы мен ас қорыту жүйелері негізінен үш мың метрге есептелінеді негізінен. 130 шақырым да өте ауыр. Бірақ, соның өзін біздің жігіттер дәлелдеді.  

– Осы ұзақ шақырымдық бәйгелерді неге жиі жасамасқа?

– Ондай бәйгелер болып жүр. Жуырда Алматы облысында Ертілеу Сатыбалды деген атбегі әкесінің асына үлкен бәйге ұйымдастырды. Бәйге қыркүйек айында өтті. Жылқылар 80 шақырым шауып өтуі керек. Бірақ, 80 шақырымды қазіргі классикалық кәсіби бәйгеге келтіріп, жылқы 15 шақырым шауып келгеннен кейін оны тоқтатады, жылқы 20 минут демалады. Сол кезде жылқының жүрек қағысы, тыныс жиілігі, дене қызуы қалыпқа келуі керек. Физиологиялық көрсеткіш бойынша қалыпқа келетін болса ғана бәйгені жалғастырады. Бұны енді қазір «пробег» деп жүр.

2011-2012 жылдары бүкілодақтық жылқы шаруашылығы жоғарыдағыдай бәйге ұйымдастырған. Маңғыстау облысының «Аққанат» деген сәйгүлігі Ресейде өткен осы бәйгеде топ жарды. Сонда елдің бәрі бұл қандай тұқым деп сұраған. Қазақ жылқы тұқымы деп айтылып, төлқұжатын қараса, куәлік қана болған. Міне, осы жерден бастап заңдастыру, тұқымның ерекшелігі, құжаттандыру деген мәселелер туады.

Қазір әлем дамыған цифрландыруға көшіп жатқанда малдың бәрі электронды жүйеге тіркелу керек. Айғырдың әке-шешесі кім деп жобалап отырмау керек. Оның құжаты болу керек және кез-келген жерде көріну керек. Сол арқылы қазақ жылқысының бар екенін әлемге мойындата аламыз. Сол үшін кеңестік үкіметтен қалып кеткен «біздің жылқы тек өнімді бағытқа арналған» дегеннен ертерек арылсақ дұрыс. 

– Қазақ жылқысын таныту үшін ғалымдар қандай жұмыстар атқарып жатыр?

– Қазір үлкен ғылыми жобалар дайындалуда. Онда жылқыны генетикасымен анықтау, тану назарға алынған. 300 жылдық тарихы бар, таза текті ағылшын жылқысының генетикасы әлдеқашан анықталып қойған. Ол жүйелі түрде арнайы базаға еніп, әр жылқыға төлқұжат жасалады. Төлқұжатты Чехиядағы арнайы лаборатория береді. Тура сол  сияқты қазақ жеріндегі жылқылардың генетикасын зерттеуіміз керек. Деректерді жүйелі түрде бір лабораторияға топтастырып, батыс, шығыс, оңтүстік пен солтүстіктің жылқысының генетикасы мынау деп анықталуы керек. Ол үшін ғалымдар жұмыс істеуде. Өкінішке қарай жұмыс процессі өте баяу. Өйткені, ғылыми жобаларды ұтқан кезде аз уақыт аралығында және белгілі ғалымдардың ғана қатысуымен өтеді. Не де болса, жұмыс басталып кетті.

Бұрын біз жылқыны тек фенотипімен ғана анықтайтын болсақ, қазір сонымен қоса жылқылардың генін анықтау жұмысы қосымша берілген. Сонда біз осы генді анықтап алатын болсақ, қазақ жылқысын әлемдік түсінікке енгіземіз. Содан кейін барып міністі жылқыны, етті-сүттісін бөлек, жорғаны бөлек зерттеуге болар еді. Жорға осы күні зерттеулерден кеш қалып барады.   

– Қазақ даласы кең болғаннан кейін табиғат ерекшеліктері де бір-біріне ұқсамай жатады. Жылқыны өмір сүріп жатқан аймаққа қарап та бөлуге бола ма?

– Мен енді іссапармен қазақ даласының біраз бөлігін араладым. Мысалы ШҚО-ның Марқакөл ауданындағы азаматтар жылқыны мынадай құндылығына қарап бағалайды. Мәселен, тауды асып өтіп, Марқакөлден балық аулап, соны өңгеріп қайта тауды асып өтуі керек. 5 сағат ішінде соның бәріне үлгеру керек. Сондай атты ол жақта «белді ат» екен дейді. Басқа аттар ол жерлермен жүре алмайды. Немесе тағы сол Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында жалқыларды арбаға жегіп, шөп тасиды. Сондайда «арбаны тарта алатын ат» дейді. Ал Маңғыстау облысында қуаңшылыққа, суға төзімді екен деп бағалап жатады. Оңтүстікте будан жылқыларды арнайы көкпар үшін дайындайды. Ол көкпарды жарып кіру керек, немесе қорықпау керек, жүректі болу керек дейді. Ат қорықпау үшін бір таза қаннан тумайды. Ол үшін бірнеше қан араласуы шарт. Байқап қарасақ, Қазақстанның әр өңірінде әрқалай. 

– Осы салада маман дайындау тұралап қалмады ма? Жылқытанушыларға қандай жағдай жасалып жатыр?

– Өкінішке қарай, біз кеңестік үкіметтен қанша алшақтап кетсек те, соны еске аламыз. Бұл сұрақ – өте орынды. Қазір жылқы шаруашылығын дайындайтын мамандық жоқ. Қазіргі мамандықтың аты «Мал өнімдерін өндіру технологиясы» деп аталады. Сол мамандыққа түскен студенттер соңғы курста дипломдық жұмыс жазады. Жылқыға қызыққан болса бір ұстазды тауып сонымен жұмыс істейді. Ал кезінде біраз институтта «жылқы шаруашылығы кафедрасы» болды. Егер біз жылқыны дамытамыз десек, кафедра керек. Себебі, Қытай ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істегенде көргеніміз, Қытайда бір мемлекеттік университетте жылқы шаруашылығы мамандығын 4 жыл оқытады екен. Соған куә болдым. Қытай осындай қадамға барса, бұл бізге де керек деген сөз. Себебі, біздің елде жылқыны зерттеп отырған ғылыми кандидаттық, ғылыми дессертация қорғаған ғалымдардың саны ары кетсе отызға жуық қана. Оның жартысы зейнет жасында. Енді бір он жыл өткен соң жылқыны зерттеуші ғалымдарымыз болмағандықтан, Қытайдың мамандарын шақыруымыз мүмкін. Өйткені, олар 4 жыл бойы соны зерттеп, жылқының бар қыр-сырын меңгерген. Былай қарасақ, күлкілі дүние, әрі болмайтын сияқты. Бірақ, жаңағы айтқан 15 ғалым жылқы сапасын арттырмақ түгілі, оның басқа да жұмыстарымен айналысуға жетпейді. Ел ішінде жылқыны өсіріп, сонымен айналысып жатқан азаматтар көп-ақ. Олар санын көбейткенімен, сапасын арттыра алмайды. Біз қазақ даласындағы бар жылқы тұқымдарын зерттеу, асылдандыруды кешеуілдетпегеніміз жөн. Қазақ жылқысын әлем мойындайтын халге жеткізуіміз керек. Біз көбіне өткен шақпен мақтанамыз. Болаша пен бүгінгі күн жайында ештеңе айта алмаймыз. «Гинетикасын зерттеп бастадыңыздар ма? деп сұрап жатырсыз, әзірге жоқ. Ол үшін ауызбіршілік керек, ол күнге де жетеміз. Мысалы, Абылай ханның қасында жүрген қазақтың хас батыры Абылай ханның таза салмағы жүз алпыс келі болған екен. Бұл қытай деректерінен табылған ақпарат. Сауыт-сайманын асынса жүз сексен келі шығады. Батыр бабамыздың бойының қанша екенін білмедім, десе де «бүгінгі таңда дәл осы салмақты көтеретін қазанат бар ма? Көтерсе де шаба ала ма?» деп тағы өткенді еске алып, Қабанбай атамыздың осындай жылқысы болғанын айтып мақтанамыз. Бүгінгі таңда, көкпарға түсіп жүрген атымыздың деңгейі қандай? Мықты аттар болса неге асылдандырып, әрмен қарай тұқым алып қалмасқа? Айналып келгенде бұл тақырып жеке бастың мүдесі емес, мемлекеттің араласуымен ғана жүзеге асады. Айтпағым, мемлекет субсидия бермей жатыр дегенді қайталай беру демеңіз, басқа түлікке беріліп жатқаннан кейін оны да назардан тыс қалдырмау керек. 

Қазақ жылқысын жүйелі түрде дамыту керек. Себебі, соңғы жылдары Қостанай жылқы зауыты тұралап қалды. Тұралағаны сонша Қостанай тұқымды бие 25 бас қалды деген ақпараттар тарап кетті. Ол жерді Айгүл деген қарындасымыз қайта қолға алды. Екі ғасырлық тарихы бар дайын зауытты неге дамытпасқа? Тұқымдық бағыты өзгерген шығар, бірақ тұқымды сақтап қалу керек. Бір тұқым шығару үшін алдымен аталық із пайда болады, аталық із пайда болу үшін 15-20 жыл уақыт кетеді. Бірнеше аталық із бірігіп тип пайда болады. Ол үшін тағы 15-20 жыл уақыт керек. Ал, тұқым шығару үшін бірнеше тип бірігуі керек. Оған да 30-40 жыл уақыт қажет. Сонда бір тұқым шығару үшін бір ғасыр керек. Оған бір адамның ғұмыры жете бермейді. 

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Тегтер: