28 Сәуір 08:47

Хасен Қожа-Ахмет: Назарбаевтың тарихи рөлі болса, оны Конституцияға емес, тарих оқулығына жазсын

Фото:
Елді отыз жыл билеген Нұрсұлтан Назарбаевтың мәрте

бесін Конституцияға бекіту көптің көңілінен шығып отырған жоқ. Солардың бірі – танымал диссидент Хасен Қожа-Ахмет.

Nege.kz тілшісіне берген сұхбатында ешбір елдің Конституциясында жеке адамның мәртебесі көрсетілмегенін алға тартып отыр.

Хасен Қожа-Ахмет – «Қазақстан Кеңес одағының құрамынан шығып, бөлек ел болуы тиіс» деп алғаш ұран көтеріп, тәуелсіздік үшін ашық күрескен, 1970-1990 жылдар аралығында үш мәрте бас бостандығынан айырылған, 1977 жылы Хельсинкидегі Дүниежүзілік саяси тұтқындар тізіміне енген тұлға. Саясаткер, композитор, журналист, жазушы әрі тарихшы.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесін Конституцияда бекітілгелі отыр. Бұл туралы  Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Ермек Әбдірәсілов мәлімдеді. Бұған не пікір айтар едіңіз?

– Назарбаев жаман адам болсын, жақсы адам болсын, әлем бойынша ешқандай елдің конституциясында кісінің аты-жөні жазылып көрген жоқ. Қазақ халқының артта қалғанын дәлелдеп, әлемді тағы да бір таңқалдырғысы келіп отырған шығар. Бұл – бір.

Екіншіден, бірнеше жыл бұрын ғана Қазақ хандығының 550 жылдығын дүркіретіп тұрып тойлаған жоқ па едік? Керей мен Жәнібек оғландардың Әбілқайырдың Өзбек ордасынан бөлініп, Қазақ ордасын құрғаны қайда қалды?

Қазақ халқы – бұрыннан бар халық. Мемлекет құрған халық. Қай ел отар болмады? Көп ел отарлық қамытын киіп, тәуелсіздігін алған соң, елдігін қайта жалғастырған. Орыс отарлағанға дейінгі төрт жүз жыл тарихты, қазақтың елдігін, мемлекеттілігін қайда лақтырып тастамақ?

Сондықтан, мұның бәрі – сандырақ! Ұят нәрсе! 

– Соңғы кездері «Мемлекет іргесін бекітудегі тұңғыш президенттің тарихи рөлі» туралы жиі сөз болып жүр. Бұған не түрткі болып жатыр деп ойлайсыз?

– Назарбаевтың тарихи рөлі болса, онысын Конституцияға емес, тарих оқулығына жазсын.

«Тұңғыш президент» деп жүр. Бұл да – қате пікір! Шынтуайтында, ол – Мәскеудің отырғызып кеткен адамы. 1989 жылдан бері Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы болды. Сол кездегі Парламент халықтың сайлауынсыз Президент деген ат берген.

Мұны азсынып, «бүкіл халықтық сайлау жасаймын» деп 1991 жылы 1 желтоқсанда жалғыз өзі сайлау өткізді.  Бұл – кеңес кезі еді.

Сегіз күннен кейін Беловежская пущада Одақ тарады.

Одақ тараған соң, оған дейінгі сайлаулардың күші жойылып, президенттер қызметінен кетуі тиіс еді. Назарбаев кетпеді. Сол кездегі сайлаудың күшін соза берді. Ақырында отыз жылға дейін созып келді. Оған да қазақ шыдады.

Өткенде ғана «кеттім» деді. «Қатардағы зейнеткердің бірімін» деп айтты. Енді кетсе, біржола кетпей ме?

«Жеті сынып бітірген. Одан кейін ПТУ тәмамдаған», – деп Олжас аға (Сүлейменов – ред.) жазыпты ғой. Назарбаевтың өзінің білімі жетпейтін де шығар, бәлкім. Бірақ жоғары білімі бар депутаттар отыр емес пе? Конституцияға мұндай өзгеріс енгізіп, әлем алдында тағы да масқара етпек пе?

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары сіз Назарбаевтың басты қарсыластарының бірі болдыңыз. Сайлауға түсетін құжаттарыңызды алып кетті деген сөз бар...

1991 жылғы президенттік сайлау. Ортада Х.Қожа-Ахмет.

– Бірі емес, жалғыз қарсыласы мен болдым. 1991 жылы президенттік сайлауға түсуге ұмтылдым. Орталық сайлау комиссиясы бізге қол жинауға мұрсат берді. Бірақ сайлау заңын бұзды. «Бір ай қол жинауға мерзім беріледі» деп жария етті де, сол күні «қол жинау 31 қазанда аяқталады» деп жаңа қаулы шығарды. Яғни тек 9 күн ғана берді.

Өзі тақта отырған адам, оған  телефон арқылы былай-ақ қол жинап берді. Ал біз үлгере алмай қалдық.

Алматыдағы штаб ретінде тіккен екі киіз үйімізді талқандап, жақтастарымды тұтқындап, 64 мың адамның қолы жиналған құжаттарымызды алып кетті. Сөйтіп, мені сайлауға қатыстырмай қойған.

Демек, тұңғыш президенттің рөлін Конституцияда көрсетуге қарсысыз ғой?

– Әрине, қарсымын! Бүкіл әлем «Бәріне көне беретін бұл қазақ деген ез халық екен» деп күлмей ме?! Масқара боламыз!

– Қоғамдық пікір ескерілуі мүмкін бе?

– Ақорда отыз жыл оппозицияда жүрген азаматтардың біреуіне де хабарласқан жоқ. Менің шығармаларым мен кітаптарыма Назарбаевтың кезінде қалай жол жабық болса, әлі де солай жабық.

Тегтер: