10 Қараша 14:57

Дипломаттың доқ демаршы: Лавров НЕГЕ қазақтарға шүйлікті?

Фото:

Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін

Мұндайды саясаттануда, дипломатияда «демарш» дейді. Яғни, басқа мемлекеттің көзін бақырайтып тұрып, қоқан-лоқы танытып, доқ көрсету! Ресей сыртқы істер министрі Лавровтың «Российская газетаға» берген мақаласын мен дәл осылай бағалаймын.

Ол былай депті, өз тілінде сөзбе-сөз берейік: «К сожалению, в последнее время мы стали свидетелями ряда резонансных проявлений ксенофобии в отношении русскоязычных граждан Казахстана. Отдельные случаи во многом являются продуктом применения извне специальных информационных методик, направленных на культивирование местечкового национализма и дискредитацию сотрудничества с Россией».

Ресми Кремльдің өкілінің осылай жазуының алты себебі бар деп ойлаймын.

РФ Сыртқы істер министрі С.Лавров пен ҚР Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді. Фото: ТАСС

Біріншіден, Лавров, бейнелеп айтсақ, Американы ашып отырған жоқ: неоимпериялық көзқарас, «орыс әлемін» қызғыштай қорғап, сыртқы саясатының доминантасы ету – бүгінгі Ресей басшылығының басты аргументі. Және де «орыстілділердің» мүддесін жалау етіп, басқа мемлекеттердің ішкі ісіне араласу үрдісі бұған дейін де болған. Лавровтың мақаласының пайда болуы – сол ресми ұстануды тағы да бір рет рәсімдеу.

Екіншіден, Қазақастан басшылығы соңғы кезде түркі әлеміне қарай батыл қадамдар жасап жатыр. Осы бағытта бірнеше халықаралық саммит мен форум өтті. Қаны бір ұлттар ұйыса бастады. Ондай жиындарда қабылданған құжаттар да Кремльдің назарынан тыс қалмағаны түсінікті. Постсоветтік кеңістікте үстемдік етіп, кешегі империяны қайта қалпына келтірмесе де, соның жобасына ынталы Кремльге ондай, геосаяси жаңалықтар ұнамайтыны да түсінікті. Осы тұрғыдан алғанда қазақтарға көпе-көрінеу тиісіп жазғаны, «қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деген сыңайдағы бұрынғы совет республикаларына, атап айтқанда, Орталық Азия елдеріне арналған сигнал болуы да ғажап емес.

Үшіншіден, ашығын айту керек, Қазақстанда ұлтшыл-демократиялық күштер ықпалды күшке айналып келеді. Кремльге қанша жалтақса да, Қазақстан өкіметі ол фактормен санасуға мәжбүр. Билік өкілдері де, саяси құрылымдар да ұлтшылдық риториканы меңгеріп алды. Оның электораттық себебі де бар: келесі сайлауларда дауыс беретіндердің дені қазақтар болмақ. Сондықтан кез келген есі дұрыс саяси күш не жеке саясаткер осыны ұғынуы тиіс. Лавровтың «местечковый национализм» деуі кездейсоқ емес, ол да бұл күштің қарқын алып бара жатқанын сезінуде.

«Местечковый» деп тиісуі де артық деп санаймын, өйткені қазақ ұлтшылдығы – теориялық және практикалық жағынан қалыптасқан, интеллектуалдық әлеуеті өте зор құбылыс. Кремль соны көре алмай отыр!

Төртіншіден, Ресейде орны бір төбе тұлғаның осылайша, дипломатиялық этикетті ысырып тастап, біздің елдегі ахуалға деген теріс көзқарасын жаһанға жария етуі Ресей мен Қазақстандағы ескі империяны аңсаушы, сепаратистік күштердің қолтығына су бүрку амалы деп ойлаймын. Кешегі Украинадағы жағдайдан кейін мұндай арандатуларға аса сақ болғанымыз жөн.

Фото: РИА «Новости»

Бесіншіден, Батыс санкцияларының астында қалып, халықаралық қаржы нарығынан айрылып қалған Ресей Орталық Азияға экономикалық экспансия жасамақ ойы бар. Соңғы кезде Қазақстанға АЭС-і мен СБЕР-ін тықпалауы соның бір ғана көрінісі.

Бәлкім, осы күмәнді жобаларға қатысты қоғам наразылығын сезіп отырған Кремль осылайша біздің билікке сес көрсетіп отырған болар.

Алтыншыдан, кешеден бері қоғам, соның ішінде, әлеуметтік желілер Лавровты жерден алып, жерге салып жатыр да, біздің ресми органдар жұмған аузын ашпайды. Құдды бір Кремль олардың аузын алып, дуалап тастаған сияқты. Ең болмаса, «Қазақстанда ксенофобия жоқ» деп сәл болса да, мінез танытып, түзету айтып, «Қазақстанның ішкі істеріне араласпауды сұраймыз» дегендей сұрапыл болмаса да, сыпайы уәж айтуға болады емес пе?! Кремль де біздің биліктің сондай ынжық екенін білгеннен соң, осылайша басынып отыр!

Өкінішке қарай, осындай жөнсіздіктерге ресми түрде жауап беріп, мемлекет пен ұлттың мүддесін қорғап, ұйымдасқан түрде қарсылық таныта алатын заңды саяси партия не козғалыс та жоқ бізде: өзіне жақпайтын оппозциялық саяси алаңды билік баяғыда-ақ тып-типыл етіп тастады емес пе?

Оны да Лавров біліп отыр...

Тегтер: