19 Шілде 18:21

Дильмира Блац, Lider еріктілер қозғалысының үйлестірушісі: Жоғалған адам жақынымен қауышса, содан адреналин аламын

Фото:

Жоғалған адамдарды іздейтін Lider.kz еріктілер қозғалысы қоғамдық бірлестігінің барын біреу білсе, біреу білмес. Еріктілерден құралған топ қаншама отбасын жақынымен қайта табыстырды. Олар бұл жұмысы үшін бір тиын да алмайды. Біз Lider еріктілер қозғалысы жөнінде кеңірек білу үшін үйлестірушісі Дильмира Блацпен әңгімелестік. 

– Lider.kz еріктілердің қоғамдық бірлестігі қашан құрылды? Бүгінде еліміздің қанша өңірінде филиалдары бар және қанша адам жұмыс істейді?   

– Lider.kz деген атаудың пайда болғанына 2 жыл болды. 2019 жылдың 17 қаңтарында 20 қаладағы үйлестірушілері Rina_KZ еріктілер қозғалысынан бөлініп шығып, өзіміздің іздеу ұйымын құруға шешім қабылдадық. 2020 жылдың 20 қаңтарында Lider.kz ресми мәртебеге ие болып, еріктілер қозғалысы қоғамдық бірлестігі ретінде тіркеуден өтті.

Бүгінде Lider.kz қоғамдық бірлестігі еліміздің 50 қаласы мен елді мекендерінің арасын жақындатты. Мұнда 3 мың ерікті жұмыс істейді. Алматы қаласы және Алматы облысындағы жұмыс командасында 100 шақты адам бар, оның 40-ы – кәнігі тәжірибелі іздеушілер. Волонтерлерге тәуліктің кез келген уақытында хабарласуға болады. Іздеу жұмыстары 30 градус ыстықта та, суықта та тоқтамайды. Біздің мақсат – жоғалған адамды тезірек және міндетті түрде тірі күйінде табу.

Әрине, біз жоғалған адамдарды өзіміз ғана іздеп таба алмаймыз. Мемлекеттік құрылымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Әрі біздің іздеу жұмысымыз да жоғалған адамның туыстарының полицияға ресми арыз түсірген күнінен басталады. Полиция қызметкерлері де қолынан келгенше көмектесуге дайын. Атап айтқанда, Алматы полиция департаменті, Алматы қаласы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті және облыс аудандары, Республикалық жедел құтқару отряды, тағы басқа мекемелермен әріптестік байланыста жұмыс істеу жөнінде меморандумға қол қойылған. Бұл мекемелер де біздің еріктілерді бірлескен іс-шараларға шақырып тұрады. Сондықтан бізге қолұшын беріп, қолдайтындардың бәріне алғыс айтамыз.

Жоғалғандарды іздеу ұйымы құрылғалы бері қанша адамның жақынымен қауышуына себепкер болдыңыздар? Іздеу шарасының басы-қасында жүрген маман ретінде айтыңызшы, адамдар бір-бірінен неге көз жазып қалады?

– Lider.kz қоғамдық бірлестігі жұмыс істегелі бері 4 мыңнан астам арыз түсті. Оның 2500-ден астамы аман-есен табылды. Жыл сайын шамамен 300-400 арыз түседі. Былтыр 263 адамды тірі күйінде тапқанымызға қуандық. Ал осы жылдың алты айында 115 адам туғанымен қайта қауышты.

Олар не үшін жоғалып кетеді? Отбасында түрлі мәселе, кикілжің туындап жатады. Бұл отбасы мүшелері үшін кәдімгідей психологиялық қысым. Реніштің соңы қолын бір сілтеп, үйден шығып кетуге әкелуі мүмкін. Мәселен, балалар көбінесе жазда, ал ата-әжелер көктем мен күзде жоғалып кетеді екен. Әрқайсысының өз себебі бар. Қарт кісілер ауырып, жадын жоғалтып алады. Мұндай сәтте туған-туыстары эмоциясын түсінбей, басқаша қарым-қатынаста болады. Сосын масыл болғысы келмей, бүкіл ренішін арқалап шығып кетеді.

Ал жасөспірімдер отбасында өзара түсіністік болмаған соң осындай шешімге барады. Себебі, жастық максимализм мен жеке көзқарас бәрінен жоғары тұрады. Жұмысбасты, күйбең тірлікпен өмір сүретін ересектер басқаны тұрмақ, өз баласын да түсіне бермейді. Адамды іздеу, табу қашан да қиын. Сол себептен бізге өтініш айтқан туыстарынан толыққанды және шынайы ақпарат беруін сұраймыз. Бізге жоғалған адам туралы мәліметтің көп болғаны тиімді. Неге қызығады, немен айналысады, нені жақсы көреді, қайда барғанды ұнатады, қайда жұмыс істеді, кімдермен араласты, бәрі-бәрі іздеу жұмысы үшін ауадай қажет. Кей жағдайда туыстары біз үшін маңызды жайттарды жасырып қалуға тырысады. Бұл дұрыс емес.

– Сіздер жоғалған адамның жеке басына қатысты ақпаратты құпия сақтайсыздар ғой...

– Әрине, жоғалған адамдардың жеке басына қатысты мәліметтер құпия күйінде қалады. Оны тек белгілі тұлғаларға ғана айта аламыз. Яғни, олардың жеке өмірі туралы ақпаратты үшінші адамға немесе бұқаралық ақпарат құралдарына шығармаймыз. Сондықтан жоғалған адам туралы портреттік суреттеме беруге де болмайды. Біз мұны қатаң сақтаймыз.   

– 2020 жыл – еріктілер жылы болып жарияланғаны белгілі. Бұл жылы мемлекет тарапынан қандай да бір қолдауға ие болдыңыздар ма?

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілердің еңбегін елеп, 2020 жылды – еріктілер жылы деп жариялады. Ерікті болғысы келетіндерге мемлекет тарапынан қолдау жасалып отырғандығы қуантады. Өйткені еліміздің болашағы үшін тұрғындарды жауапкершілікке шақыруда, адамдардың бір-біріне қамқорлықпен қарауына волонтерлік қозғалыстан үйренетін тұстары көп.

– Ерікті болу оңай ма?

– Негізі мамандығым – жеңіл өнеркәсіп саласында инженер-технолог. Волонтер болу үшін шешімді бес жыл бұрын қабылдадым.

Неге ерікті болғым келді? Біздің жұмыс басқа адамға көмек пен үміт сыйлайды. Әсіресе, жоғалған адам табылған кезде ерекше қуанышқа бөленесің. Өз миссияңды адал атқарғаныңа көз жеткізсең тағы да күш-қуатты еселей түседі. Әркім өз ісін сүю керек. Оған бар жаныңды салсаң, нәтижесін көресің.

Менің командамдағылар жоғалған адамның туысымен бірге қайғырады, бірге мұңаяды. Олар жай еріккеннен жүрген жоқ. Бәрі де шын жүректен, шын ниетпен еңбек етіп жүр. Ерікті болу – әр адамның жеке басының таңдауы. Адам баласы жақсылық істеуге ұмтылуы керек. «Жақсылық атаулының қайсыбірін істесеңдер де, Алла тағала оны міндетті түрде біледі» немесе «Кімде-кім мысқалдай (тозаңның салмағындай) жақсылық жасаса, соның қарымын алады» деген тәмсіл дәл тауып айтылса керек.

Әлемді ізгілік пен мейірімділікке бөлеп тұрған – қайырымдылық. Осы тұрғыда жастардың біз үшін қолынан келген көмегін аямауы, қоғамдағы әр азаматты қолдап, сыйлауы әлемді нұрландырады. Бұл іспен айналысу, кем дегенде бір пайдалы жұмыс істеп, нәтижесінде өзіңнің ғажап сезімге бөленуің дер едім. Еріктілер жұмысы адамзаттың әлемге, қауіпсіздікке, еркіндікке, әділдікке және барлық адамға көмек көрсетуге деген мәртебелі қасиеттерінің пісіп жетілуіне ықпал етіп, адам бойындағы ізгі қасиеттерді дамытады.

Жоғалған адамды іздеу барысында үміт пен күдік қатар жүреді. Дегенмен, қайсысы басым болады?

– Кейде бір адамды іздеу шарасы ұзаққа созылуы мүмкін. Мысалы, 2019 жылы жоғалған бір адам туралы әртүрлі ақпаратқа тап боламыз. Еріктілер мен полицейлер Алматы облысы, Іле ауданына қарасты шаруа қожалықтарының бәрін тексерді. Ақпан айында тағы шолып шықтық. Алайда, жоғалған адам шаруа қожалықтарының бірінде жалданып жұмыс істейді деген мәлімет түсті. Сондықтан біз қайта-қайта қараудан шаршамаймыз. Ол адамды тауып, туыстарымен кездестіреміз деген үміт сөнбейді.   

Бір айта кетерлігі, жасөспірімдердің үйден кетіп қалатыны жиі кездеседі. Біз кейде оларды «жасырынбақ және қуаласпақтағы шексіз ойын» деп атаймыз. Тіпті, «қашқындар» деуге де тура келеді. Неге екені белгісіз, іздеудегі жасөспірімдердің дені ауқатты отбасынан шыққан. Біздің жұмыс тобымыз Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Гүлдала елді мекенінде тұратын жасөспірім қызға іздеу салды. Еріктілер 6 сағатта баруы мүмкін мекенжайдың бәрін қарап, ақыры сауда үйінің бірінен тапты.

Біздің қоғамда мұндай мәселеге бейжай қарамайтын адамдар аз емес. Мына оқиға есіме түсіп отыр: Бірде түнде психикасы жағынан ауыратын жасөспірімді іздеп жүргенбіз. Мұны естіген такси қызметінің жүргізушісі де еріктілерге қосылды. Таңғы 5-ке дейін бізді әрі-бері тасыды. Әлгі жасөспірім аман-есен табылды. Сол қызметі үшін бір тиын да алған жоқ.

Бұл бір жағдай ғана емес. Өз еркімен көмектескісі келіп тұратын жандар баршылық. Мемлекеттік құрылым өкілдері олардың ісі басқаларға үлгі болу үшін әлеуметтік желіге жазып, алғыс білдіреді.

– Әрине, жоғалған адамның бәрі табылса – үлкен қуаныш. Кейде қайғылы жағдаймен аяқталатын кездер болатын шығар...

– Ол рас. Әр іздеу шарасының соңы не қуанышты, не қайғылы жағдаймен бітеді. Кез келген іздеу жұмысы – трагедия. Себебі, ең жақын адамың жоғалды. Оның қайда екені, тірі ме, өлі ме, белгісіз. Адамның басында шырмалатын осы ойдың өзі қорқынышты. Кейде жоғалған адам өлі күйінде табылса, туыстарының қиналған сәтін, мұңлы жүзін көруге дәтің шыдамайды. Бұл – өмір. Бұл – тағдыр. Басқа амалың жоқ.

Ал жоғы табылып, бір-бірімен құшақтасып, қауышып жатқан сәтте алатын әсер бөлек. Сол кездегі қуаныштан балбұл жанған ананың жанарын, баланың жүзін ұмыту мүмкін емес. Бұл сезімді сөзбен жеткізе алмайсың. Оны әркім басынан өткізу керек. Бұл – кәдімгі адреналин сияқты. 

Тегтер: