8 Шілде 13:14

Даудың басы... ДИВЕРСИФИКАЦИЯ ма?

Фото:

Әміржан Қосан, арнайы NEGE үшін

Осы күндері баршаға үлгі-өнегедей боп келген Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы белгілі дағдарысқа ұшырағандай: сырт көзге екі ел ұрысып қалғандай көрінеді.

Екі күн бойына ресейлік БАҚ (олардың идеологиялық ұстанымы бесенеден белгілі емес пе?) менен: «Қазақстан мен Ресей арасы шынымен де нашарлап кетті ме? Сіздің ел бізден іргесін аулақ салайын деп жатқан жоқ па?», – деген сыңайдағы «тосын» сұрақтарын жаудыруда. Биліктегілер өз уәждерін өздері айтып жатқан болар, мен болсам, мемлекет жауап беретін сыртқы істерге қатысты азаматтық қоғамның қатардағы бір өкілі ретінде өз жауабымды беруге тырысып бақтым.

Сонымен, даудың басы Дайрабайдың көк сиыры ма? Әлде кеше ғана президент Тоқаев айтқан, Ресейді айналып өтетін транзиттік тасымал бағыттарын диверсификациялау (әртараптандыру) ма? Әлде басқа бір себеп пе?

Меніңше, негізгі себеп біреу (және мен оны ресейлік БАҚ өкілдеріне айтқанмын). Ол – Кремльдің империялық санасының инерциясы! Ол сана өзгере қойған жоқ!

Яғни, бұрынғы орталық кешегі совет республикаларына әлі де болса метрополия ретінде жоғарыдан, менсінбей, іштей олардың жетістіктерін көре алмай, көтере алмай қарайды. Саяси снобизмнің классикалық үлгісі!

Ресей ол мемлекеттер бүгінде тәуелсіз екенін, өз тағдыры өз қолында және де әлемде боп жатқан оқиғаларға өзіндік көзқарасы болатынын, ол ұстаным басқа елдермен, соның ішінде Ресеймен үндес бола бермейтінін әлі де ұға қоймаған сықылды.

Қазіргі Кремльдің ең басты қателігі сол – ол постсоветтік кеңістікте жаңаша болмыс қалыптасқанын, әр мемлекеттің басқалармен (көрші, одақтас, тарихи әріптес ретінде) болуы мүмкін ортақ мүдделерімен бірге, өзіне ғана тиесілі, кейде басқа елдермен қарама-қайшы болатын түпкілікті ұлттық мүддесі бар екенін түсінгісі келмейді. Содан барып осындай оқыс сұрақтар туындайды. Олардың ойынша, Кремльдің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып, ол көтерген кез келген бастаманы басқалар бірауыздан қолдауға міндетті секілді.

Сол кесірлі де кесапат ресми көзқарас бейресми салаға да жұққан сияқты. Ресейлік БАҚ сұрақтарынан ондай пасық пиғыл айқын сезіледі екен.

Және де сыныққа сылтау іздегендей, олардың біразы өз мақалаларында жақында Петербор халықаралық экономикалық форумындағы біздің президенттің ДНР мен ЛНР-ге қатысты айтқан мықты жауаптарын тілге тілек етіп, «Біздің одақтасымыз қалайша осындай аса маңызды мәселе бойынша басқаша позиция ұстанады?», – деп бір жағынан ренжіп, екінші жағынан түсінбеген, үшінші жағынан ашуланған сыңай танытады.

Оның үстіне, Путин артық қыламын деп, тыртық қылуда: Украинаға қарсы ашқан соғысына бүкіл өркениетті дүние қарсы боп шықты. Ортадан аластатылды. Бұрын-соңды болмаған санкциялардың астында қалды. Оның өзі онсыз да ілдәлап тұрған Ресей экономикасына сойқан соққы боп тиіп жатыр.

Ол санкциялар мен тыйымдар Ресеймен шекаралас әрі бір одақ құрамындағы басқа елдерге де өз салқынын тигізіп,, олардың экономикасына бұрын-соңды болмаған кедергілер келтіруде.

Кремль құйтырқы түрдегі қоқан-лоққы жасаудан да кет әрі емес секілді. Айрылар дос ердің артқы қасын сұрайды: Қазақстанның осынау сын сағатта өз мүддесіне сай қимыл-әрекет жасауына тіксіне қарап, соның ішінде, өз аумағы арқылы өтетін КТК мұнай құбырын саяси шантаж құралына айналдырғанының өзі не тұрады?!

Ресейге қарсы санкциялардың бір салдары – басқа елдер, оның ішінде Қазақстан да бар, Ресей арқылы өтетін маршруттардың жабылып қалуы. Тірі адам өз тірлігін жасайды демекші, өзге елдер өз шикізаты мен тауарларын жеткізу үшін ол бағыттарға балама іздеу керек емес пе? Қазақстан басшылығының да айналысып жатқаны сол іс қой.

Кеше ғана президент Тоқаев осы мәселеге арналған жиналыс өткізіп, тиісті тапсырмалар берді. Ол да дұрыс. Тек тым кеш қалып, қолымызды мезгілінен кеш сермегенімізге өкінемін. Әйтпесе, 30 жыл ішінде мұнайымыз бен газымызды тек қана Ресей арқылы тасымалдап, солтүстік көршіге транзиттік тәуелділікті түзген өзіміздің басшылар емес пе?

Фотолар: ғаламтордан

Сол кездерде ағаш белсенділік танытып, түк бітірмеген мұнай мен газ саласының логистикасына жауапты министрлерді ішіңнен бір сыбап аласың осындайда!

Ресейлік лоббизмнің жеңісі енді, міне, бізді сол маршруттарға жіпсіз байлап тастады!

«Басқа маршруттар табу керек!», – деп айту оңай. Бірақ оларды жаңадан түзу – қиынның қиыны. Өйткені, өз аумағы арқылы басқаның мұнай мен газын өткізетін кез келген мемлекеттің де өз талаптары болмақ. Және де ол шарттар тек қана ақшамен өлшенбейді. Кейде геосаяси құрбандықтар мен жаңаша таңдауларды қажет етеді. Ал жаңалықтар басқаларға «тиіп» кетуі мүмкін.

Сондықтан да транзитіміздің тараптарын түрлендіру ісі бір жағынан, сыртқы саясаттағы басымдықтарымызды қайта қарауға мәжбүрлесе, екінші жағынан, бұған дейін транзит саласында монополист боп келген Ресейдің қызғанышы мен ренішін туғызуы да әбден мүмкін.

Қазақстан жаңаша ахуалға дайын болуы тиіс! 

Міне, дәл осы қисынды да орынды бастаманы кейбір ресейлік БАҚ «Қазақстанның Ресейден бөлектеніп, сыртқы саясаттағы басты бір векторды мүлдем мансұқ етуі» деп бағалап, орынсыз байбалам салуда. Сөйтіп, өз аудиториясында біздің елге деген жеккөрінішті сезім қалыптастыруға тырысып бағуда.

Украинамен соғысты моральдық жеңіліске ұшырап жатқан Кремльдің бүгінде мүлдем оғаш әрі оқыс қадамдарға барып жатқанын ескерсек, дәл осы дау осымен шектеле қоймас.

«Жаман айтпай, жақсы жоқ»: жаңаша геосаяси болмыс тұсында Қазақстан іштен және сырттан боп жатқан әрқилы арандатуларға дес бермей, Ресеймен қарым-қатынасына жөнсіз сызат түсірмей, бірақ сонымен бірге, өзінің ұлттық эконономикасының түбегейлі мақсат-мүдделерін басшылыққа алып, XXI ғасырға лайықты терең де тегеурінді дипломатия жүргізуі тиіс деп санаймын.

Және де дәл осы тұста билік қоғамға, оның өне бойындағы ұлттық-демократиялық күштерге арқа сүйесе, жалпыұлттық мүдделерді бірлесе қорғап қалуға болар еді.

Тегтер: