31 Тамыз 14:02

Асылы Осман: Тіл тұғырына қонсын десек, сұраныс пен қажеттілікті күшейту керек

Фото:
Елімізде тіл саясатын дамыту, қазақ тілін реформалау ісі қалай жүзеге асуы керек? Латын қарпі негізіндегі қазақтың төл әліпбиіне көшу мәселесі қашан жүзеге асады? Бұл түйткіл жыл сайынғы жолдауда да тілге тиек етіледі. Алайда, сөз бен іс қабыса ма? 

NEGE тілшісіне қоғам қайраткері Асылы Осман мемлекеттік тіл төңірегінде толғанысын айтып берді.

Бұл топырақтың иесі де, киесі де – қазақ

 Өз басым тілді саясатқа жатқызбаймын. Әрине, тілді мемлекеттік тұрғыдан қарау – саясат. Тіл – ұлттың жаны, рухани үні, ең құнды дүниесінің алтын қоймасы. Адам баласы тіл арқылы қарым-қатынасқа түседі. Менің түсінігімде, тас мұқалып құм болады, темір тозады, адам өмірден озады. Әдебиетті де, мәдениетті де, тарихты да әрі қарай жеткізетін көмейдегі сөз бен таңдайдағы тіл ғана. Ендеше тіл – ұлттың жаны болса, тіл арқылы ұлттың бойына рух қалыптасады. Тілдің жаны – сөз. Қазір кейбіреулер «тілді үйрету керек» дейді. Біз тілді емес, әуелі сөз үйретуіміз керек. Сөзді білсе, тіл де шығады.

Ал Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Өйткені, мына топырақтың иесі де, киесі де – қазақ. Мемлекеттік тіл – қазақтың байтақ даласының топырағын басып, ауасын жұтып, суын ішкен адамның бәріне ортақ болуы тиіс. Біз бірақ соны сезінбейміз. Бізден сұрап жатқан да, талап қойып жатқан да адам жоқ.

Мемлекеттің тіл өз дәрежесінде, өз тұғырында болуы үшін не керек? Ол үшін күрделі ештеңенің керегі жоқ. Ең әуелі тілге деген қажеттілікті арттыру қажет. Оны үйренуге, сол тілде сөйлеуге талап қою керек. Ал бастысы сұраныс, содан кейін адамда ниет пен ықылас болу керек. «Қазақстан – менің елім, менің Отаным» деген адамда жерге деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезім болғаны абзал.

Сіз балаңызды шетелге оқуға жібердіңіз делік. Ол бір жылдың ішінде әлемдегі ең қиын тіл хинди мен қытай тілін меңгереді. Неге? Себебі, қажеттілік туып отыр. Егер шетелде оқитын студент сол тілде сөйлеуді үйренбесе, оқи да алмайды, жұмыс істеуге мүмкіндігі азаяды. Сол себептен оқытушы қатаң талап қояды, сұрайды. Яғни, тілді білу үшін қажеттілікті арттырып, сұранысты күшейтіп, талап қою қажет.

Алайда, Қазақстан үкіметі осы үшеуін сұрап отыр ма? Қызметке тұратын маманнан мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуін талап ете ме?  Одан әуелі қазақ тілін емес, орыс тілі мен ағылшын тілін қаншалықты білетінін сұрайды. Негізгі үш талапты сұрамаған соң ештеңе де өзгермейді.

Конституцияның бірінші тармағы неге жүзеге аспайды?

– Не бізде Ата заң орындалып жатқан жоқ. Мәселен, Конституцияның 7-бабының 1-тармағында «Мемлекеттік тілі – қазақ тілі» делінген. Екінші тармағында «орыс тілі – ресми тіл» десе, үшінші тармағында «өзге ұлт өкілдерінің тіліне еркіндік беріп, дамытайық» деді. Екінші және үшінші тармағы орындалады да, бірінші тармағы неге жүзеге аспайды? Яғни, үкімет тілді дамыту саясатына шындап кіріссе, қатаң талап қойылса, қазақ тілін өмірдің барлық саласына енгізуге болар еді. Ешкім «бас жарып, көз шығар» деп жатқан жоқ. Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына – 30 жыл болды.

Отыз жылдың ішінде қазақ тілін орыс тілінен асырмаса да, мемлекеттік тіл ретінде қолданыс аясын кеңейтуге болар еді ғой. Біз олай етпедік. Мемлекеттің тілі,  әр ұлттың өз ана тілі бар. Ана тілі әркімге өзі үшін керек. Өз әдет-ғұрпын, тілі мен ділін сақтау үшін. Ал мемлекеттің тілі – бәріне ортақ. Тіл – ұйыстырушы фактор. Осы елдің топырағын басып, ауасын жұтып жүргендер мемлекеттің тілін білсе, сонда ғана бірлікте боламыз. Тіл ортақ болмай қоғам топтаспайды. Осы тақырыппен мақала да жаздым.

Ана тілі – жалпы ұғым. Қазақ тілі – жалқы есім, ана тілі – жалпы есім. Әркімнің өз ана тілі бар. Бірақ мемлекеттің тілі – біреу. Қазақстанның мемлекеттік тілі басқа елде қолданылмайды. Өз басым осыны айтып, түсіндіре алмай-ақ қойдым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келген күннен бастап тіл мәселесі туралы айтып жүр. Бірақ неге айтқан күйде қалады?

Мемлекеттік тілге қатысты көп түйткіл жап-жақсы айтылады, алайда оны іске асыру жағы көңіл көншітпейді. Дегенмен, ілгері жылжу бар. Бұрын қазақша сөйлесек, «говорите на понятном языке» дейтіндер өре түрегелетін. Бірақ кейінгі кезде сондайлар қайта пайда болып жатқанын айта кеткен жөн. Мысалы, Алматы облысы, Қарасай ауданына келген оралмандар қазақша сөйлесе, «орысша сөйлеңдер» дейтіндер бар екен. Олай айтуға қандай қақысы бар? Кейбіреулер қазақ тілін білсе де сөйлегісі келмейді. Бұған өзге ұлт қана емес, өзіміз де кінәліміз. Өз ана тілімізде сөйлеуге неге жериміз? Отбасында баланы неге ана тілінде тәрбиелейміз?

Әкем «далаға шыққанда қазақша сөйле» дейтін

– Анам өмірден ерте кетті. Әкем бізді бағып-қағам деп үйленген жоқ. Бізге «далаға шыққанда қазақша, үйге келгенде әзірбайжанша сөйлеңдер. Өйткені, келімді-кетімді адамдардан ұят болады. Өз тілдеріңді білмесеңдер, баласына дұрыс тәрбие бермеді деп мені кінәлайды» деп айтатын. Қазақтар өз елінде, өз жерінде тұрып неге осыны ойламайды? Алла қазақтың тілін зор етті, бірақ оны менсінбейтіндер қор етіп отырған жоқ па?  

Тіл ғалымы Ахмет Байтұрсынов «Байтақ жер де, бай тіл де – қазақтыкі» деді. Сонда қазақ неге өз тіліне ие болмай тұр? Билік басында отырғандар мен қара халық екі түрлі. Біз қазақша, олар орысша сөйлейді. Бұдан кейін қалай және қайтіп оңамыз? Қазақстанда қазақ тіліне орын жоқ па, әлде өзіміз орын бермейміз бе? Бұл тіл қолданысқа жарамай ма, әлде біз жаратпаймыз ба?

Өзге ұлт өкілдеріне «ана тіліңде сөйлеме!» деп жатқан жоқпыз ғой. Құдайға шүкір, Қазақстандағы басқа ұлт өкілдеріне өз ана тілінде оқуға жағдай жасап, мемлекет қаржыландырып отыр ғой. Бірақ Ассамблея қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге неге мұрындық болмайды? Осыны айтсам, ешкімге жақпаймын.

Өзге ұлт өкілдері осыны білмей ме? Ассамблея аясында «Қазақтану» деген жоба бар. Олар қазақты қалай танып жатыр? Қазақтың тілін білмесе, қазақты қалай таниды? Тілді білген адам ғана сол ұлттын жандүниесін ұғады, түсінеді, болмысына бойлай алады. Әдет-ғұрпы, салт-дәстүрінен, тарихы мен мәдениетінен хабардар болады. Мемлекетті мемлекет етіп көрсететін – тарих пен мәдениет. Ұлтты ұлт етіп көрсететін – тілі мен ділі. Алайда, осының өз дәрежесінде емес екендігіне қарным ашады.

Қазақ халқын ешбір ұлтпен салыстыра алмаймын. Дарқандығы даласындай кең, тектілігі бабасынан дарыған. Қазақ пейілінің кеңдігі, дарқандығы, ешкімді жатсынбайтын қасиетінің арқасында қаншама ұлт өкілін сыйғызды ғой. Қазақ ақ сезім, адал тілекті, пәк жүректі, тумысынан таза, арамдықтан ада, қиянаттан шет, ешкімді жатсынбады, бөлмеді, жармады, баршаның баласын бауырына басты. Ал сол қазақты неге қадірлемейміз?

Жастармен кездескен сайын «Сендер «Мен қазақпын!» деп мақтаныңдар. Ал мен «қазақстандық әзірбайжанмын» деп мақтанайын деймін. Бізде осы патриоттық сезім жетіспей тұр. Ол үшін білім – әлемдік, тәрбие – ұлттық болуы керек.

Түркі елдерінің ортақ әліпбиі болса...

– Латын қарпі негізіндегі қазақ төл әліпбиін қазақ тілінің табиғатына сай етіп жасау керек. Маған салса, барлық түркі тілдес елдердің ортақ әліпбиі болса деймін. Өйткені, біз бір-біріміздің жандүниемізді түсінер едік. Әр мемлекет өз тілінің ерекшелігін сақтай отырып, ортақ әліпби енгізсе жақсы емес пе? Кезінде орыс тілі де ортақ болды, бірақ әр мемлекет әліпбиді өзіне негіздеп алды. Сондықтан латын қарпі негізінде ортақ әліпби жасауға әбден болады. 

«Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп Ахмет Байтұрсынов не үшін айтты? Өйткені, тілдің жаны – сөз. Біз тілден ажырасақ не боламыз? Бір ұлтты екінші ұлттан айыратын – тілі ғана. «Өрге шықсаң өңірді көресің, елге шықсаң өмірді көресің» дейді қазақ.

Билік халық үнін тыңдау керек. «Көкте Құдай, Құдайдан бір жас кіші – халық». Қазақ «қар кетеді – жер қалады, хан кетеді – ел қалады» демей ме? Елдің жайын, ұлттық мүддені ойлайтын уақыт жетті. Өзімізді тонап жатқандар да тілді білмейтіндер. Мемлекеттік тілді білмеген адам ұлттың жанын түсінбейді.

Қазақ тілінің мәселесі талай жолдауда айтылды. Бірақ іс жүзінде орындалып жатқан жоқ. Конфуцийден шәкірттері «Сіз мемлекет басына келсеңіз жұмысты неден бастар едіңіз?» деп сұрағанда, «мен алдымен сол елдің тілін жөндер едім. Тілі тұғырына қонбаған ел мемлекет болмайды. Тілі бұзылған елдің өзі де бұзылады» деп жауап беріпті. Дұрыс айтылған пікір. Тәуелсіз мемлекет ретінде талап қойсақ, кім кедергі бола алады?

Махамбеттің тілін қылыш ету үшін, Абайдың, Ахметтің, Мұхтардың, Мағжанның тілін ырыс ету үшін үйрендім. Құдайға шүкір, реті келгенде Махамбетше тілді қылыш етіп пайдаланамын. Ал қазақтың тілі маған ырыс болды. Осы үшін де қазақ мені өз перзентіндей көреді. Мен осы елді, жерді сыйлауым керек. Тұтас болсын байтақ қазақ даласы, аман болсын әрбір қазақ баласы, тыныш болсын өмір сүрген заманы, сәтті болсын, құтты болсын әрбір басқан қадамы. 

Тегтер: