31 Қазан 15:12

«Аңсардың» тәжірибесін АҚШ пен Францияның мамандары алып жатыр

Фото:

Ақтөбе облыстық дін істері басқармасы «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының басшысы Нұрсұлтан Жаншиннен тілшіміз сұхбат алып, діни экстремизм мен терроризмге қатысты пікірін білді.

– Нұрсұлтан Берікұлы терроризм, экстремизм тақырыбы қозғалса, «Аңсар» орталығы еске түсетін болды. Әңгімемізді «Аңсардың» алға қойған мақсат-міндеттері және жоспарынан бастасақ...

– «Аңсар» ақпараттық талдау орталығы 2014 жылы Ақтөбе облысы әкімінің қаулысына сәйкес құрылған болатын. Мекеменің басты мақсаты – Ақтөбе облысындағы діни-ахуалды тұрақтандыру аясында әртүрлі іс-шараларды ұйымдастыру. Мәселен халық арасында діни экстремизм, терроризм көріністерін алдын алу болды. Біздің орталықтың міндеті – халыққа дұрыс ақпарат беріп, діни сауаттылығын жетілдіру және де деструктивті діни ағымдарға қарсы  иммунитет қалыптастыру.

Осы мақсат-міндеттерді орындау барысында халықтың мақсатты топтарының арасында арнайы деструктивті діни ағымның иделогиясына кетіп қалу ықтималдығы бар 10 категорияны белгілеп алдық. Нақтырақ айтсам, жалғызбасты ана, көпбалалы отбасылар, қандастар көп шоғырланған аймақ, маргинал жастар секілді категория бойынша жұмыс жүргізудеміз.

Бір сөзбен айтқанда, деструктивті діни көзқарастағы азаматтарды оңалту жұмыстарын атқарамыз.

Бірінші – ақпараттық түсіндіру, екінші – оңалту және үшінші – әлеуметтік желідегі топтармен жұмыс жүргіземіз. Өйткені түрлі діни ағымдардың жетегінде кететін адамдардың 80 пайызы әлеуметтік желі арқылы алданып қалып жатыр.  Сол себепті интернеттегі жұмыстарымызды күшейтіп жатырмыз.

Осыған байланысты «Аңсар» орталығының ресми сайты мен ютубта арнайы каналы бар. Сондай-ақ Ақтөбе облысында әлеуметтік желіде ақпараттық түсіндірме жұмыстарымен айналысатын 51 аккаунт бар. Нақтырақ айтсам 15 – facebook, 15 – ВКонтакте, 15 – Instagram және ютубта арнайы каналдар жұмыс істейді. Осы әлеуметтік желідегі топтар «Аңсар» орталығы тарапынан қадағаланып, реттеледі және оларға бағыт-бағдар береміз.

Бұдан бөлек орталық деструктивті діни көзақарастағы азаматтардың қызығушылығы әртүрі екенін ескеріп, жұмыс жүргізуде. Мәселен біреуі кітап оқуға, екіншісі спортқа және үшінші бір топ шығармашылыққа бейім болуы мүмкін. Азаматтардың жағдайына икемделіп, деструктивті діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыруға күш салып жатырмыз.

– Бірінші сұрағымның жалғасы ретінде мына сауалды қойсам деп едім: «Аңсардың» танымал болуы өзіңіз басқаратын орталықтың белсенді жұмыс істеп жатқандығынан ба, жоқ әлде Ақтөбеде теріс діни көзқарастағы азаматтар көп пе?  

– «Аңсардың» танымал болуы маған байланысты деп айту әбестік болар. Себебі бұған дейін орталықты Төлеген Өмірзақұлы мен Жандәулет Отарбайұлы секілді білікті-білімді азаматтар басқарды. Бұдан бөлек, «Аңсарда» тәжірибелі теолог мамандардан бастап өз ісіне берілген азаматтар жұмыс істейді. Оның үстіне орталықтың жұмыс істеу стилі ерекшілігінің арқасында «Аңсар» республикада танымал болып тұр. Мәселен былтыр Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Дін істері комитеті төрағасының арнайы номинациясымен марапатталдық. Еліміз бойынша біздің орталыққа ғана осындай марапат берілді.

Ал енді «Ақтөбеде теріс діни көзақарастағы азаматтар көп пе?» деген сұраққа келетін болсақ, республика бойынша батыс аймақта, оның ішінде Ақтөбеде адасқан азаматтар аз деп айта алмаймыз. Өйткені деструктивті діни ағымдардың жетегінде кеткен адамдардың саны бойынша, өкінішке қарай, біздің облыс жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр.

Бірақ теріс діни көзақарастағы азаматтармен белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Жеке сұхбаттардан бөлек, шығармашылық бағытта өзара сенім қалыптасып келеді. 

– Қазіргі таңда «Аңсар» орталығы жат ағымның жетегінде кетіп, Сирия асқан азаматтармен жұмыс істеп жатырсыздар. Діни көзқарасы әбден радикаланған адаммен жұмыс істеу қаншалықты қиын?

– Шыны керек иделогиялық мәселе болғаннан кейін деструктивті діни ағымдағы азаматтармен жұмыс жүргізу күрделі. Мысалы бір адам 5, тіпті 10 жылдан бері радикалды теріс діни көзқараста жүруі мүмкін. 10-15 жыл бойы радикалдық бағытта жүрген адамды райынан қайтарып тастау оңай емес. Ең әуелі біз деструктивті діни ағымдағы адамның қай деңгейде яғни жоғары, төмен немесе орта деңгейде раидикалданғанын анықтаймыз. Осыдан кейін теріс діни көзқарастарын бейтараптандырып, қоғамға бейімдеу мақсатында жүйелі жұмыс жүргіземіз. Бұл жерде иделогиялық, психологиялық және әлеуметтік мәселелерін шешу арқылы адамды райынан қайтарып, қоғамға бейімдеуге болады. Бұған бір күн емес, 6 ай немесе 1-2 жыл уақыт кетуі мүмкін. Бұл жерде көп нәрсе деструктивті діни ағым өкілдерінің өзіне байланысты. Егер оның райынан қайтып, қоғамға бейімделуге ниеті болса, оны жылдам жүзеге асыруға болады.

– Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы жүздеген адамды радикалдық райынан қайтарғанын айтып жатады. Шыны керек, бұл маған мемлекеттік мекемедегі өтірік есеп секілді болып көрінеді. Әсіредіншіл көзқарастан адамды райынан қайтару мүмкін бе?

– Жүйелі, жоспарлы жұмыс жүргізілетін болса, радикалданған азаматты райынан қайтаруға болады. Ең біріншіден, ол зайырлы қоғамның талап-тілектеріне бейімделе бастайды. Нақтырақ айтсам, еліміздің Ата заңынан бастап, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі және еліміздің әнұранын мойындайды. Одан кейін ханафи масхабының матруди ахидаларына мойынсұнып, кезең-кезеңімен бейімделеді.

Қазіргі таңда біз теологтан бөлек тәжірибелі имамдардың көмегі арқылы радикалданған азаматтардың бетін бері бұрып жатырмыз. Мәселен, біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысындағы өкілдігі арқылы түзету мекемесіне барып, оңалту жұмыстарын ұйымдастырудамыз.   

– 2000 жылдары Иегова мен Кришна діни өкілдері қоғамға қауіп тудырды. Байқауымызша, қазіргі таңда олардан келетін қауіп азайған сияқты. Жоқ әлде мен қателесемін бе?

– Зайырлы құқықтық мемлекетке өмір сүргеннен кейін бізде ресми түрде 18 діни конфессия тіркелген. Қазіргі таңда біздің қоғамда псевдосалафиттер мен уаһабилік бағыттағы ағымдар бар. Бұдан да бөлек қоғамға қауіпті діни ағымдар кездеседі.

Мәселен 2013 жылы заңмен тыйым салынған Таблиғи жамағат деген діни радикалық ұйым бар. Бұдан бөлек иуғандық бағыттағы және Құрбанәлі Ахмедің псевдосопылық діни ағымдары белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Ал иегова куәгерлері секілді баптистер, авентистер біздің елімізде заңды түрде тіркелген. Діни бірлестік деп айтпай-ақ қояын, бірақ сол дінді ұстанушы азаматтардың арасында мемлекеттік рәміздерді мойындамай, әнұран айтпай, әскерге бармау секілді жағдайлар кездесіп қалып жатады. Бұрын мұндай жағдайлар көп болды. Қазір тиісті құзырлы органдар мен дін істері басқармасының жұмысының нәтижесінде мұндай фактілер азайып келе жатыр.

– Яғни 2000 жылдардағыдай емес, қауіп сейілді ғой...

– Негізі, қоғамда түрлі діни ағымдардың көбейіп кетуіне де бірнеше фактор себеп болды. Тәуелсіздік алған жылдары жастарға діни бағыт-бағдар беретін оқу орындары аз болғаннан кейін көп азаматтарымыз шетелге оқуға кетті. Бахрейн, Пәкістан, Үндістан секілді елде оқығандар аталған елдердің Таблиғи Жамағат секілді діни көзқарасын тарата бастады. Мысалы Мысырда оқып келгендер псевдосалафилік-уахабилік ағымды насихаттауға көшті. Бәріне бірдей топырақ шашпайын, бірақ шетелде оқып келген азаматтардың біразы сол елдің діни иделогиясын елде таратуға күш салды.

Бұл – бірінші фактор. Екінші мәселе – кезінде кейбір ағым өкілдері ғибадат үйлерінен тыс, көшелер мен базарларда тіпті үйлерді аралап діни үгіт- насихат жұмыстарымен айналысып кетті. Сондай-ақ Таблиғи Жамағат 3-7 тіпті 40 күн бойы ауылдарды аралап, үгіт-насихат жүргізді.  

Бұдан бөлек діни әдебиеттердің емін-еркін таратылуы қауіпті болды. Алайда 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестік» туралы заң арқылы мұндай қадамдарға шектеу қойылды. Яғни көшеде үгіт-насихат жүргізгендерге әкімшілік кодекстің 490-бабына сәйкес 50 АЕК көлемінде айыппұл арқалайтын қауіп төнді. Сондай-ақ ғибадатханадан тыс жерде діни әдеби кітап таратқан адамға 50 АЕК көлесінде айыппұл салынатын болды. Осындай заң шеңберінде тосқауыл қойылғаннан кейін бұрынғыдай емін-еркін үгіт-насихат жүргізу тыйылды.  

Алайда айыппұлдан айналып өтуді үйренген діни ағымдар әрі кітап шығарудың қымбатқа түсетінін ескеріп, ғаламторда үгіт-насихат жүргізуді қолға алды. Қазіргі таңда кез келген адам 5-10 минуттың ішінде фейк парақша ашып, оны қолдана беретін болды.

Бұрын журнал немесе кітап шығаратын болсаңыз, ол әбден тексерістен өтіп барып жарық көруші еді ғой. Ал әлеуметтік желіде ешқандай сараптама жасалмай, таратыла береді. Қазіргі таңда біз мониторинг жасап, теріс діни ағымды насихаттайтын топтарды анықтаймыз. Сараптамадан өткеннен кейін оны бұғаттап тастап жатырмыз.

– Шетелден келген діни ағымнан секем алып қалған халық бүгінде исламның ішіндегі ағымдарға сақ қарайтын болды. Осыдан кейін теріс діни ағымға бас-көз жоқ еріп кететін адамдарды азайтатын шығар...

– Мысалы бұрын баласы «Намаз оқимын» десе, ата-ана: «Менің балам иман жолында түсіп, өтірік айтпай, арақ ішпейтін болды» деп қуанатын еді. Ал қазір баласы «Намаз оқимын» десе, ата-ана «Балам сен жассың ғой» деп қорқып, баласына шектеу қоятын болды. Себебі өзінің діни сауаты төмен ата-ана баласына дұрыс бағыт-бағдар бере алмағаннан кейін ең оңай тәсіл тосқауыл қою болып кетті. Бұл ұстаным кейбір жағдайда теріс әсер етуі мүмкін.

Қазіргі таңда жастардың дінге деген көзқарасы ерекше. Мәселен бүгінде мешітке баратын адамның 80-90 пайызы жастар. Дінге қызығушылық танытқан жастарға тосқауыл қойғаннан гөрі оларға дұрыс бағыт-бағдар беру керек.

– «Жусан» опперациясы бойынша жүздеген азамат туған жеріне келді. Кейбір азаматтар «Өз таңдауын жасап, шетелге соғысуға кеткен азаматтарды елге әкелмеу керек еді» деп айтып жатады. Сіз мұндай көзқарастағы азаматтарға не айтасыз?

– Аталған операция бойынша елге келгендердің басым бөлігі –әйелдер мен балалар. Бірең-саран ер азаматтар келгенімен, олар темір торда өз жазасын өтеуде. Олармен түзеу мекемесінде жұмыс жүргізіліп жатыр.

Мынадай мәселе туындайды: қайтып келген балалардың не кәнісі бар? Олардың ішінде сол жақта дүниеге келген немесе кішкентай кезінде кеткен балалар бар. Сондай-ақ әйел адамдарды да түсінуге болады. Себебі исламда ер адамға бойұсынып, отағасына қарсы келмеу деген секілді құндылықтар бар. Көп әйел «Күйеміне қарсы келмейін» деп Сирияға кетіп қалған. Бұл жерде бар жауапкершілік ер азаматтарда болып тұр.

Сондай-ақ шетелге шығатын төлқұжатта «ҚР азаматы мемлекеттің қорғауында болады» деп жазылған. Мемлекет шетелге өз таңдауы бойынша кетсе де, далада қалдырмай, елге қайтарып алды.

Сирияға кеткен адамдарды елге қайтарғаннан пайда бар ма, жоқ па дегенге келсек, қазіргі таңда олармен жан-жақты жұмыс істеп жатырмыз. Олар қалай кетті, не арқылы кетті деген сияқты барлық себеп-салдарын зертеудеміз. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды. Біз Сириядағы отандастарымызды елге әкелуден оң нәтиже көрмесек, кемшілік көрген жоқпыз. Мәселен елге келген әйелдер қоғамға сіңісіп кетіп, өз орнын табуға ерекше талпынып отыр. Мәселен қазір АҚШ пен Франция секілді елдерден әріптестеріміз орталыққа келіп, тәжірибе жинақтап жатыр. Мұның өзі айналып келгенде мемлекеіміздің имидждік саясатына оң әсеретін жағдай деп білемін.

– Қазір Ауғанстан билігі тәліптердің қолына көшті. Осы жағдайға байланысты орталықта алдын ала қандай шаралар жасалып жатыр? Мәселен Ауғанстандағы өзгерістен біздің елдегі радикал көзақарастағы азаматтарға қанат бітпей ма?

– Өздеріз жақсы білесіздер, Талибанға елімізде 2005 жылы экстремистік-террористік ұйым ретінде тыйым салынған. Сондықтан да бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Нақтырақ айтсам, әлеуметтік желі арқылы Талибан ұйымының қателіктері туралы жұмыстарды күшейтудеміз.

Алайда арамызда бір мемлекет болғаннан кейін Талибаннан қандайда бір қатер болады деп ойламаймын. Дейтұрғанмен Ауғанстандағы жағдай еліміздегі радикалды көзқарастағы азаматтарға «Біз неге ислам мемлекеті болмаймыз» деген теріс көзақарас болуы мүмкін. Сол себепті халық арасында түсіндіру жқмыстарын жүргізіп жатырмыз.

–  Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.

Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.

Тегтер: