Ахметжан Пірімқұлов: Экологиялық басты мәселенің бірі – қоқыс

Қазақстан аумағындағы 3 мыңнан астам қоқыс полигонының 18 пайызы ғана санитарлық және экологиялық нормаларға сәйкес келеді. Осы және өзге де экологиялық мәселелер жөнінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ахметжан Пірімқұлов Nege.kz тілшісіне айтып берді.
– Тіршілік бар кез келген қоғам қоқыс мәселесіне кезігеді. Оның Қазақстандағы өзектілігі қай деңгейде?
– Министрлік бұл тақырыпты айналып өткен емес. Тұрмыстық қалдықтар – ауа сапасымен қатар жүретін басты екі мәселенің бірі. Бүгінгі күні республика көлемінде 8,5 мың заңсыз қоқыс үйінділері бар. Ғарыш сапары жыл сайын суретке түсіріп, осындай мәліметтерді мониторинг арқылы бізге беріп отыр. Министрлік жергілікті атқарушы органдармен, ІІМ-мен бірлесіп аталған мәселемен күресіп келеді.
– Мәселені шешу үшін қандай істер атқарылуда?
– 2021 жылы 1 шілдеде қалдықтарды кәдеге жарату мәселелерін шешуге бағытталған жаңа Экологиялық кодекс күшіне енеді. Жаңа экологиялық кодексте бірнеше норма көрсетілген. Ол жерде ең бірінші қалдықтарды шығарушы компанияларды реттеу. Олар міндетті түрде бізге мәлімет беру керек. Бүгінгі таңда қолымызда ондай мәлімет жоқ. Негізінде республикада қалдықтарды шығаратын компаниялардың рұқсат қағаздары жоқ. Осыған орай қалдықтарды өңдеу мәселелері бойынша лицензияларды кіргізіп жатырмыз. Бұдан былай республикада қандай компаниялар осы бағытта жұмыс істеп жатқанын білетін боламыз.
– Заңсыз қоқыс үйінділерінен бөлек арнайы қоқыс полигондары бар. Олар барлық талапқа сай ма?
– Рұқсат қағазы бар компаниялар экология басқармасына алдын-ала құжат тапсырады. Ол құжатта «полигон барлық экологиялық-санитарлық талап шеңберінде жұмыс істейді» делінеді. Бірақ, полигондардың дені ешқандай санитарлық-гигиеналық нормаларға сай емес. Бұл мәселе бойынша экология басқармасы арнайы шара қолдануды бастап кетті.
– Нақтырақ қандай шара қолданылатынын айта кетсеңіз.
– Біз жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін күшейтіп жатырмыз. Полигон иелері бұл салада әрмен қарай жұмыс істегісі келсе, лицензия алу міндетті. Осындай талап қойып отырмыз. Ал қазір олар жер иеленіп, бірнеше құжатты жиып алып қоқыс жинап отыр. Егер лицензия алатын болса экологиялық, санитарлық, гигиеналық талаптар қатаң бақылауға алынады. Көрсетілген шеңберден шығып кетсе компанияларды лицензиясынан айырамыз.
– Экология басқармасынан осы күнге дейін қанша компания арнайы рұқсат алды? Статистика бар ма?
– Республика көлемінде 3 мыңнан астам қоқыс полигоны бар. Оның 18 пайызы ғана санитарлық-экологиялық нормаларға сәйкес келеді деген мәлімет бар.
– Қашан 100 пайызға жетеді?
– Жоғарыда айтқанымдай арнайы лицензиялар беріледі. Сосын шетелдік компаниялардың технологиясын қолданып экологиялық мәселенің алдын алу жоспарда бар.
– Соңғы жылдары үлкен қалалар мен мегаполистерде қоқысты сорттап тастау тәжірибесі қолданылып келеді. Ол айтарлықтай нәтиже берді ме?
– Қазақстанда қоқыс қалдықтарын жинап, өңдеп, жаңа өнім шығаратын 300-ге жуық компания бар. Бүгінгі таңда қағазға, шыныға, пластикке сұраныс өте көп. Сондықтан қоқыс жинаудың бұл түрі бизнеске айналып келеді. Осы айдың басында Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында арнайы фандоматтар қойдық. Оның бір артықшылығы пластикалық бөтелкелерді өткізгендерге ақы төлейді. Бұл алдағы уақытта тұрғындар тарапынан қолдау табатынына сенемін.
– Бала кезде біз де осылай шыны, пластикалық бөтелгелерді жинап қаладан келген қабылдаушы адамға өткізетін едік. Қазіргі ауыл балаларына осыны айтсаң сенбейді. Фандоматтар кімнің бастамасы? Алдағы уақытта шалғайдағы елді мекендерге де орнатыла ма?
– Фандомат – бизнес. Министрліктің қолдауымен жеке кәсіпкерлер бастамасымен іске асып жатқан жоба. Негізі мұндай орталықтар қала мен аудан орталықтарында болуы керек. Тек пластик, шыны ғана емес, тіпті, қағаз қалдықтарын да қабылдайтын орындар ашылғаны дұрыс.
– Өңірлер жайлы айтылып қалды. Министрліктің негізгі күші ірі қалаларға жұмсалып шалғай ауылдар назардан тыс қалып қоймады ма? Ол жақтағы экологиялық ахуал қалай?
– Ауылдарға болмаса да аудан орталықтарына қоқыс қабылдайтын полигондар салынады. Бірақ, ол кезде халық саны ескерілмек. Кейбір аудандарда аз халық болғасын үлкен полигон салу экономикалық тұрғыда тиімсіз. Сондықтан, өңірлерде кіші полигондар болады.
– Полигон салыну үшін халық саны шамамен қанша болу керек? Министрлік бекіткен жоба, жоспар бар ма?
– Бұл мәселенің бәрі жергілікті атқарушы органның құзіретінде. Ол кісілер жоспарды дайындап, сметалық құжатты бізге өткізеді. Біз арқылы республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді.
– Жаңа экологиялық кодекс қабылданды. Ол экологиялық мәселелерді шешуде қаншалықты тиімді?
– Кодесте жаңа норма бар. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап эмиссия төлемдері өңірдегі экологиялық проблемаларды шешуге бағытталады.
Эмиссия дегеніміз – әр мекеме өз шығындары мен қалдықтарына арнайы салық төлейді. Ол жергілікті атқарушы органның бюджетіне келіп түседі. Жиналған қаржы экологиялық мәселелердің алдын алмақ. Бұл заң жобасы жаңа эколгиялық кодекспен бірге қабылданды. Салық кодексіне де өзгеріс енгіздік. бюджет, салық кодексі 2022 жылдың 1 қаңтарынан, экологиялық кодекс осы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді.