24 Қараша 15:15

Агломерация: Қай қала әкімі сырттан қарыз ала алады?

Фото:

Мәжілісте «Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасы қаралды. Бұған себеп – ірі қалалардағы халық санының артуына байланысты инфрақұрылымға жүктеме көбейіп, әлеуметтік нысандарға тапшылықтың байқалуы. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бұл мәселені шешу үшін орталық қала мен оның маңындағы елді мекендер арасындағы қызметтерді заңнамалық тұрғыдан бөлу керектігін айтты.

Ал агломерация статусына әзірге Алматы, Астана, Түркістан және Ақтөбе облыстары ие болмақ. Мәжіліс отырысында депутаттар министрден бұл шешім шалғайдағы шағын аудандардың мәселесін қаншалықты шеше алатынын сұрады. Әлібек Қуантыров «аталған заң жобасы оны толықтай шешпесе де, шешуге көмектеседі» деп жауап берді. Отырыстан соң NEGE тілшісі Экономика министріне: «Агломерациядағы ауыл-аудандардың мәселесін толықтай шешу үшін не кедергі?» деген сауал жолдаған еді.

     – Толықтай шешу үшін әр өңір өздерінің бюджеттік мүмкіндеріне қарау керек. Әрине, тиісті қажеттілігі бар. Бюджеттен бір деңгейлі трансферттерді жіберуге болады. Мысалы Астана қаласы Ақмола облысына агломерация мәселелерін шешу үшін, яғни инфрақұрылымдық, әлеуметтік объектілерді салу үшін қаржыландыруға мүмкіндік береді. Себебі Астананың бюджеті Ақмола облысының бюджетінен артық. Өйткені ол республикалық бюджетте донор саналады. Бұл – мәселені шешудің қосымша тетігі, – деп жауап берді Қуантыров.

Экономика министрі Ә.Қуантыров inform.kz

Артық қаржы орталықтан облысқа берілетіні түсінікті болды. Осы тұста «Облыс орталығына кіретін шағын ауылдарға қаражаттың нақты жету, жетпеуі қалай тексеріледі?» деген саңды сұрақ туындайды. Бұған берген министр жауабы былай болды:

 – Ол – бюджеттік рәсімдер. Мысалы, елорда бюджетінен қаражат алған Ақмола облысы ол трансфертті тиісті ауданға жібереді. Ал аудандық бюджетті жоспарлау бөлімі сол ақшамен нақты объектілерді қаржыландырады.

Экономика министрінің сөзінше, бұл бюджеттің тиімді жұмсалуын қадағалайтын әр агломерацияда өңірлік кеңестер құрылады. Егер олар 2 жыл көлемінде сол өңірдің мәселесін шеше алмаған жағдайда Үкімет жанынан құрылған кеңеске келіп жүгінеді. Бұған қатысты депутат Елнұр Бейсенбаев жоғарғы жақтан тағы бір кеңес құру «демократияға жол алған «Жаңа Қазақстанды» қайтадан бюракратияға бет бұрғызып жібермей ме?» деген күдігін білдірді. Тілшіміз қатарынан құрылғалы жатқан «кеңестер» туралы білмекке осы заң жобасына қатысты баяндама жасаған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Зәкіржан Күзиевті сөзге тартты. Депутаттың сөзінше, агломерацияның мәселесі Үкімет жанындағы кеңеске жетпеуі үшін өңірдің ішінде шешілуі қажет екен.

  – Агломерацияларда кеңестер құрылады. Ол кеңеске сол жерде тұратын , жұмыс істейтін қарапайым адамдар мүше болады. Мәселенің барлығы сол жерде шешілуі керек. Бір нәрсе жасау үшін сол топ 100 пайыз қол көтеріп, қолдауы керек. Ал олай болмаса, шешім қабылданбайды. Заң жобасында да айттық, егер 2 рет жиналып, шешілмесе, республикалық деңгейге шығады. Республикалық кеңесте қай қала, аудан, ауылдар агломерацияға кіреді, соларды жіктейді.

Депутат З.Күзиев nege.kz

Сондай-ақ Зәкіржан Күзиев бұл кеңестер жаңадан құрыла ма әлде бұрынғы кеңестердің негізінде жасала ма, әзірге белгісіз екенін айтты. Белгілісі, қазір Алматы облысы ғана 2030 жылға дейін қалай жұмыс істейтіні туралы агломерацияның концепциясын жасап, ұсынған. Экономика министрі Қуантыровтың сөзінше, осы заң бойынша тек Алматы қаласына берілген айрықша құқық бар. Ол – агломерация аумағында инфрақұрылымдық жобаларды дамыту үшін қала әкімдігінің сырттан қарыз алуы.

Айта кетсек, «Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасы Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі тапсырмаларын орындау үшін әзірленген. 14 баптан тұратын заң жобасы 8 айдың көлемінде дайындалыпты.

Тегтер: