Саясаттанушы: Оппозиция билікке келуі мүмкін

Грузияның «Бірыңғай ұлттық қозғалыс» оппозициялық партиясы 7 қарашада халықты жаппай митингіге шақырды. Себебі саясаткер Михаил Саакашвилидің жақтастары Грузияның 20 қаласында өткен сайлаудың 19-ында жеңілген болатын. Грузиядағы сайлау әділетті өтті ме және оппозиция қамауда жатқан Михаил Саакашивилиді құтқара ала ма?
Nege.kz тілшісі осы және өзге де сұрақтарды саясаттанушы Санжар Боқаевқа қойды.
– Михаил Саакашвилидің жақтастары халықты алаңға шығуға шақырып жатыр. Бұдан қандай да бір нәтиже шыға ма?
– Біріншіден, оппозицияның бірігіп консолидацияланудың негізгі факторы болатын тек қана Саакашвилидің өзі емес, ол – бүгінгі билік. Неге десеңіз, соңғы жылдары билік тағы да жемқорлыққа батып қалғаны белгілі болды.
Мысалы қазіргі қоғам Саакашвилидің кезіндегі алға қойған реформалардың дұрыс екеніне көзі жетті. Саакашвилидің сонша жыл елге келмей, дәл осы уақытта келгені де жайдан-жай емес. Ол өзін құрбан ретінде ғана емес, триггер ретінде көрсеткісі келді.
Қазіргі сайлаудың нәтижесі оппозиция өкілдерін қанағаттандырған жоқ. Мәселен, биліктің айтуынша, олар Грузияның 20 қаласының 19-да жеңіске жеткен көрінеді. Ал оппозиция өздерінің 6 қалада жеңіске жеткенін айтып отыр. Сайлаудағы осы жағдай негізгі себеп болатындай саяси катаклизмге алып келуі мүмкін. Сондықтан да оппозиция осы айқаста оңайлықпен жеңіле салмайды. Менің ойымша, Грузияның жаңа кезеңі басталды деп айтуға болады. Нақтырақ айтсам, осы оппозиция билікке келуі мүмкін.
Фото: ТАСС
– Оппозиция өкілдері айтқандай, сайлауда бұрмалаушылық болды ма?
– Мен сайлауға бақылаушы ретінде қатысқан жоқпын. Бірақ менің ойымша, сайлауда бұрмалаушылық болуы мүмкім. Неге десеңіз, билік дәл осы сайлауда өз жеңісін көрсеткісі келді. Сол үшін олар сайлау нәтижесін бұрмалаған тәрізді. Әйтпесе, билік 20 қаланың 19-ында жеңіске жеткен жоқ. Мұндай жағдай Грузияның сайлау тарихында болған емес. Қызу қанды грузин халқы бір ғана саяси күшті қолдап отырмайды. Сондықтан да оппозицияның айтып отырған дерегі шындыққа сай келетін секілді. Мен Грузияда талай рет болып, саясаттанушыларымен сөйлестім. Менің ойымша, билік «дәл қазір халық Саакашвили үшін көтеріліп кетпесін» деп сайлауда толықтай жеңгенін көрсету үшін бұрмалауға барған секілді.
– Кейбір сарапшылар «Саакашвилидің ұсталуына Ресей ықпал етіп отыр» деген сөзді айтады. Қазіргі Грузияның саяси элитасы ресейшіл ме?
– Иә, Грузияның қазіргі саяси элитасы Ресейге тәуелді болып тұр. Соңғы жылдары Мәскеу Тбилисиді толықтай бақылауға алды деп айтпасақ та, ішнара өз бақылауында ұстағаны белгілі. Сондықтан Саакашвилидің үстінен қозғалған істен саяси астар табуға болады.
– Қазір халық жаппай митингке шығып жатыр. Оппозиция мен халық Саакашвилиді түрмеден құтқара ала ма?
– Құтқара алады. Грузия халқы мен оппозициясының әлеуетін ескерсек, Саакашвилиді құтқарып ала алады. Грузия Қазақстан немесе басқа да мемлекет емес. Ол жақта халықтың ауыз бірлігі мықты. Халықтың кемінде 60-70 пайызы Саакашвилиді қолдап жатыр. Сондықтан да мен Грузиядағы саяси таласта оппозиция жеңіп шыға алады деп ойлаймын.
Бірақ та Ресей қазіргі билікті сақтап қалу үшін саяси технологтарын жұмылдырып, қаржы жағынан көмектесіп жібіре ме деген қауіп бар.
Фото: РИА Новости
– Саакашвилиге әлем елдері тамсанып, құрметпен қарайды. Неге Грузия халқы оның іс-әрекетін кезінде бағаламады?
– 2008 жылғы Грузия-Ресей қақтығысынан кейін халықтың саясаткерге деген көзқарасы өзгерді. Себебі халық «Ресеймен ешқандай соғыс ашпауымыз керек еді» деп ойлады. Бұл – негізінен алғанда дұрыс пайым. Халық «Саакашвили соғысты ашып жіберді» деп, сол үшін оған өкпеледі.
Әйтпесе саяси реформа мен жемқорлықты жою секілді Грузияның бүгінгі қол жеткізіп отырған жетістіктеріне байланысты оны қолдайды. Себебі халық «жемқорлыққа қатысы бар» дегенге сенбейді. Сондай-ақ қозғалып отырған қылмыстық істер бойынша да саясатткерге тағар салмақты дәлел жоқ.
– Қазақстан Грузиядан қандай үлгі алуы керек? Неге елімізден Саакашвили секілді тұлғалар шықпады?
– Біріншіден, біздің ескі саяси жүйеміз жаңадан көтеріліп келе жатқан саяси буынды толықтай тұншықтырып, ешқандай мүмкіндік беріп отырған жоқ. Әйтпесе біздің елде де мықты-мықты азаматтар бар. Солардың ішінде марқұм Нұрлан Қаппаровтың есімін ерекше айтып өтер едім. Неге мұны қазір айтып отырмын? Себебі ол кісі бұл өмірде болмаған соң оған ешқандай қауіп жоқ.
Нұрлан Қаппаровтан басқа да 50 жастың ар-жақ бер жағындағы азаматтарымыз бар. Бірақ олар қорқақтап, өзіне саяси шешім қабылдау жауапкершілігін алып, билікке қарсы әрекет жасай алмай отыр. Бұл – бір.
Екіншіден, біздің қоғамымыз мүлде бөлек. Біздің азаматтық қоғамымыз әлі толықтай қалыптасып үлгерген жоқ. Саяси мәдениетіміз қалыптаспаған соң бүгінгі болып жатқан саяси жағдайларға халық жөнді көңіл бөлмейді. Қазір халық инстаграм жұлдыздары мен блогерлердің жазғандарына көп көңіл бөледі. Қоғамнан қолдау болып, қызығушылық танытатын болса, бізден де Саакашвили секілді адамдар шығады деп ойлаймын.
– Нұрлан Қаппаровтың Қытайда беймәлім жағдайда қайтыс болғанын жақсы білеміз. Мықты азамат еді. Бірақ ол билікке қарсы болған жоқ қой...
– Иә, Нұрлан Қаппаров билікке қарсы шыққан жоқ. Бірақ мәселе билікке қарсы шыққанда емес. Мәселен Михаилдың өзі де соңына дейін билікке қарсы шыққан жоқ. Тек ол президенттік сайлау жақындаған 2002 жылдан бастап қана өзінің билікке қарсылығын білдіріп, белсенді бола бастады. Әйтпесе ол кезінде биліктің қоластында жұмыс істеген жігіт болатын.
– Мәселен Ғалымжан Жақиянов Саакашвили секілді елге келсе, оның артынан халық ере ме?
– Жоқ, ермейді. Неге десеңіз, Ғалымжан Жақиянов бірнеше рет өз позициясын өзгертіп, мемлекеттен қашып кетті. Ал Саакашвили болса, ешқашан өз позициясын өзгертпеген адам. Ол өзінің реформасын айтты ма, соны соңына дейін жеткізуге тырсатын саясаткер. Ол «Жемқорлықты жеңемін» деп уәде берді ме, соңына дейін күресетін азамат.
Ал Жақиянов мемлекеттік билікте жұмыс істегеннен кейін билікке тәуелді болып, сол жүйені қолдады. Оның үстіне ол елден қашып кеткеннен кейін мүлдем саяси аренадан алшақтап кетті. Егер халықтың алдына шықпай кетсе, тез-ақ ұмытылады. Сондықтан да ол елге қайтып келіп, билікке қарсылығын білдірген күнде де, халық оны қолдамайды.
Менің ойымша, Қазақстаннан шығатын Саакашивли тап қазіргі қоғамнан қашпай, ортамыздан шығуы керек. Ол өзінің айтқан сөзінен таймай, қоғамның мүддесін қорғайтындай батыл азамат болуы керек.
Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.