10 Шілде 15:47
...

«Гендерлік теңдік жоқ жерде даму да, тұрақтылық та болмайды» – Аружан Абсатар

гендерлік теңдік
Фото: жеке мұрағатынан

Гендерлік саясат, әйел құқығы және медиадағы стереотиптер туралы қоғамда әлі де жан-жақты әрі терең талқылау жетіспейтіні рас. Аружан Абсатар – гендерлік саясат, әйел құқықтары мен құқықтық мәдениет саласында қоғамдық пікір қалыптастырып жүрген белсенді жастардың бірі. Осы бағытта 2025 жылы дипломдық жоба қорғаған ол гендерлік теңдік пен медианың ықпалы, құқықтық нормалар мен қоғамдық стереотиптер туралы NEGE тілшісіне сұхбат берген еді.

– Аружан, қазір «гендерлік теңдік», «әйел құқығы» деген тіркестер көп айтылып жүр. Бұл ұғымдар несімен маңызды, оны неге адам құқығының ажырамас бөлігі деп қарау керек?

– Гендерлік теңдік деген жалаң ұран емес, адамның еркін өмір сүруіне, таңдау жасауына, өзін қауіпсіз сезінуіне тікелей қатысты нәрсе. Егер қоғамда бір жынысқа артықшылық берілсе, екіншісінің құқығы шектелсе, бұл – әділетсіздік. Ал әділет жоқ жерде даму да, тұрақтылық та болмайды. БҰҰ-ның 1948 жылы қабылдаған Адам құқықтары декларациясы осыны нақты айтып тұр: барлық адам тең және олардың ар-намысы тапталмауы керек. Қазақстан да бұл қағиданы мойындаған, яғни, біз заң жүзінде теңбіз. Бірақ, өкінішке қарай, іс жүзінде жағдай басқа.

– Әйелдердің құқығын қорғауда медиа қаншалықты рөл ойнайды?

– Медиа – мықты құрал. Қоғамның санасын қалыптастыратын негізгі факторлардың бірі. Телеарналар, интернет, жарнама, тіпті балаларға арналған мультфильмдер – бәрі адамның дүниетанымына әсер етеді. Егер ақпарат құралдары әйелді тек үй шаруасындағы, әлсіз кейіпкер ретінде көрсете берсе, қоғам соған сене бастайды. Ал егер медиа теңдік, құқық, таңдау еркіндігі туралы ашық айта бастаса, көзқарас өзгереді. Сол себепті медиада гендерлік тақырыпты ашық әрі сауатты көтеру – өте маңызды.

– Гендерлік зорлық-зомбылық мәселесі қазір неге өзекті болып тұр?

– Бұл тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің барлық елдерінде бас ауыртар проблемаға айналды. Статистикаға қарасаңыз, шошисыз. Әлемде әрбір үшінші әйел өмірінде кем дегенде бір рет зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Жақын адамы тарапынан қысым көрген 640 миллион әйел бар. 2023 жылы 51 мыңнан астам әйел өз серіктесінің қолынан қаза тапқан. Күніне шамамен 140 әйел фемицид құрбаны болады. Бұл – жай сандар емес, тірі адамның тағдыры. Мұның бәрі заң мен сана арасындағы алшақтықты көрсетеді. Тіпті, кей елдерде қыз баланың 18-ге толмай тұрмысқа шығуына заң тыйым салмайды. Бұл – алаңдататын жағдай.

гендерлік теңдік
Фото: pinterest

– Гендерлік теңдік тек әйелдерге қатысты ма?

– Жоқ. Бұл – жалпы қоғамның мәселесі. Ер адамдар да стереотиптің құрбаны болады. Мысалы, «еркек жыламауы керек», «мықты болуға міндетті», «еркектің үйде отырғаны масқара» деген түсініктер ер адамның да таңдау еркіндігін шектейді. Гендерлік теңдік – бір жынысты жоғары қою емес, баршаға тең мүмкіндік беру. Бұл – әділеттілік.

– Бұл теңдікке қалай қол жеткіземіз? Неден бастау керек?

– Бәрі білімнен, тәрбиеден басталады. Балабақша мен мектепте ұл мен қызға тең мүмкіндік беру керек. Жарнамада, медиада «қыз – тек ана болу үшін жаралған» деген түсініктен арылуымыз қажет. Заңның өзі жұмыс істеуі үшін сана өзгеруі тиіс.

– Тәрбие мен білім туралы айтып өттің. Осыны тарқатып берші, гендерлік теңдік деген ұғым сана-сезімнен бастау алмай ма? 

– Оны мына бір күнделікті қарапайым мысалдан-ақ түсінуге болады. Мәселен, қыз балаға кішкентайынан көбіне ас үйге, тазалыққа байланысты ойыншықтар берілсе, ал ұлға техника, қару-жарақ сыйға тартылады. Осыдан-ақ «қыз үйде отырсын», «ұл көшеде жүрсін» деген көзқарас қалыптасады. Бұл – баланың кім болғысы келетінін, өзіне деген сенімін қалыптастыратын алғашқы шектеу. Яғни, теңсіздік әу бастан-ақ ойыншықтан басталады. Сондықтан алдымен тәрбиені өзгертуіміз керек.

Мәселен, Энтони Гидденс, Сандра Бем, Кэрол Гиллиган, Жан Пиаже және Лоуренс Колберг сияқты ғалымдар балалардың қалай дамитынын және гендерлік рөлдердің (яғни, қыздар мен ұлдарға қатысты қоғамдағы әдеттегі стереотиптердің) олардың тұлғасына қалай әсер ететінін зерттеген. Олардың айтуынша, балалар ойыншықтар, мультфильмдер және ертегілер арқылы «қыздар былай болуы керек», «ұлдар былай болуы керек» деген идеяны үйренеді. Мысалы, қыздарға қуыршақ, ас үйге арналған ойыншықтар беріледі. Бұл қамқорлық пен үй шаруасына үйретеді. Ал ұлдарға әскери техника мен көлік сияқты ойыншықтар беріледі. Бұл күш пен билікке бағыттайды.

Отбасы мен білім ордасы балаларға гендерлік рөлдерді үйретуде маңызды рөл атқарады. Мысалы, ата-аналардың өздері ұстанатын әдеттері мен мұғалімдердің көзқарасы баланың дүниетанымына әсер етеді. Кэрол Гиллиган қыздар мен ұлдардың ойлау және сезіну тәсілі әртүрлі екенін айтады. Қыздар көбіне қарым-қатынас пен қамқорлыққа мән берсе, ұлдар ережелер мен әділдікке көбірек назар аударады. Сондықтан ғалымдар балалардың тең әрі еркін өсуі үшін заңдармен бірге тәрбиеде де теңдік керек деп есептейді. Жалпылама айтқанда, балаларға берілетін ойыншықтар мен оларды қоршаған орта олардың мінез-құлқы мен сенімін қалыптастырады. Сондықтан барлық балаларға тең мүмкіндік беру өте маңызды.

гендерлік теңдік
Фото: pinterest

– Сонда мектептер мен балабақшаларда балаларға гендерлік теңдік туралы арнайы білім беру керек пе?

– Мектеп – балалардың дүниетанымының қалыптасатын негізгі орны. Ерте жастан бастап теңдік пен құрметке үйрету керек. Гендерлік теңдік туралы арнайы сабақтар балалар арасындағы стереотиптер мен кемсітушіліктерді азайтып, өздерін еркін сезінуге көмектеседі.

Қазіргі таңда кейбір отбасыларда және қоғамда әлі де ескі көзқарастар бар. Мысалы қыз бала «үстелдің арғы жағында отыруы тиіс», ал ұл бала «көшеде жүріп, мықты болуы керек» деген сияқты. Мектепте осындай көзқарастарды өзгертуге болады. Мұғалімдер мен тәрбиешілер балаларға теңдік пен әділеттіліктің маңыздылығын түсіндіріп, бір-біріне құрметпен қарауды үйретсе, бұл балалардың болашақтағы мінез-құлқына оң әсер етеді.

Сонымен қатар, гендерлік білім беру балалардың жеке қабілетін, мүдделерін еркін дамытып, таңдау жасауға көмектеседі. Мысалы, ұл балаларға «жігіттер тек спортпен айналысуы керек» деген стереотиптен арылу үшін, оларды өнер, музыка немесе басқа да салаларға ынталандыру қажет. Сол сияқты қыз балаларға да «тек ана болу немесе үй шаруасымен айналысу керек» деген шектеулерді жою маңызды. Гендерлік теңдік туралы білім беру сондай-ақ балалардың эмоционалдық сауаттылығын арттырады. Еркектер де өз сезімдерін еркін білдіре алатынын, ал әйелдер де өз пікірін батыл айтуға құқылы екенін түсінеді.

Осылайша, мектептегі арнайы сабақтар болашақ қоғамның әділетті, теңдікке құрметпен қарайтын орнына алғашқы қадамы саналады. Егер бұл іске мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінсе, нәтиже әлдеқайда тиімді болады.

– Соңғы жылдары қоғамда гендерлік теңдік мәселесі бойынша оң өзгерістер байқалады ма?

– Соңғы жылдары халықтың түсінігі айтарлықтай өзгерді. Гендерлік білім беру, теңдікке шақыру бойынша шаралар көбейді. Медиа мен кино саласында да әйелдің рөлі артып келеді. Әйелдердің кәсіби саладағы үлесі артып, көшбасшылық позицияларды иелену мысалдары көбейді. Бірақ бұл өзгерістер әлі толыққанды емес, әрі оларды тұрақты ету үшін қоғамның барлық деңгейінде жұмыс істеу керек.