9 Қараша 20:56
...

САЯСАТ һәм ЭКОНОМИКА: ПУТИННІҢ бұл келісі қай келіс?

Фото:
«

Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жұмыс сапарымен келуінің экономикалық ғана емес, саяси да негізі бар» деп есептейді NEGE тілшісіне сұхбат берген сарапшылар.

Саясаттанушы Дос КӨШІМ қазіргі геосаяси ахуал Қазақстанды саясатын өзгертуге мәжбүрлейді деп отыр.

– «Екі ел президенттерінің кездесуі экономикалық сипатта болады» дейді. Бірақ соңғы алты айда Орталық Азия президенттерінің АҚШ президенті Д.Байденмен кездесуінен бастап, көріп отырғанымыздай, Батыс Еуропа мен АҚШ Орталық Азияны Ресей ықпалынан шығарып, бейтарап қылуды немесе өз жағына тартып алуды көздейді. Мұны олар ашықтан-ашық жасап отыр. Сондықтан, Ресей де өз тарапынан әрекетке көшеді.

Менің ойымша, Ресей Қазақстанға «сендер де бір жаққа шығыңдар» деген сияқты қатаң талап қоятын сияқты.

Біз көпвекторлы саясатты әлі де ұстанып келеміз. Осындай кезде президентіміздің дипломат болғаны да жақсы. Бірақ ары қарай «екі жақты ойнай беруге» болмайды, – дейді Дос Көшім.

Бірақ саясаттанушы Толғанай ҮМБЕТӘЛИЕВА Ресей президентінің Қазақстанға талап қоятындай ықпалы жоқ деген пікірде.

– Украинаға шабуылдан кейін халықаралық саяси алаңда Ресейдің беделі түсіп кетті. Сондықтан белгілі бір елге не істеуі керектігін нұсқайтындай Путиннің ықпалы жоқ.

Қазір Путин Украинадағы соғыста өзін қолдамаса да, экономикалық байланысы бар елдермен қандай да бір қарым-қатынасты сақтап қалуға тырысып жатыр.

Әрине ол халықаралық алаңда «ойнауға» күш салады. Өз қарсыластарына, яғни өзі айтқандай «соғысып жатқан коллективті Батыс елдеріне» изоляцияда емес екенін көрсету үшін түрлі елдерге іс сапарға шығып тұрады, – дейді саясаттанушы.

Саясаткер-дипломат Қазыбек БЕЙСЕБАЕВТЫҢ пікірінше, Путиннің Қазақстанға келуінің басты себебі – сауда-экономикалық ынтымақтастық, одан кейін геосаяси мәселелер сөз болуы мүмкін.

– Әрбір саясаттың артында экономикалық мүдде жатады. Біз Ресейден шикізаттан бастап, азық-түлікке дейін сатып алып отырмыз. Бұған 30 жыл бойы өндірісті дамытпаған өзіміз кінәліміз. Енді мұнайдың үстінде отырып, бензинді Ресейден сатып алып жатырмыз, – дейді Қазыбек Бейсебаев.

Кездесуден бір күн бұрын Ресей президенті Владимир ПУТИН «Казахстанская правда» газетіне, ал Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ ресейлік «Известия» басылымына сұхбат берген. Президентер сұхбаттарында екі ел достастығының маңызы, сауда-саттық, экономикалық қарым-қатынасы туралы, Қазақстанның солтүстігі мен шығысын газбен қамтудағы Ресейдің рөлі туралы айтып өтті. Ресей басшысы В.Путин «Росатомның» біздің елге АЭС салуға дайын екенін де жеткізген.

Бізге сұхбат берген сарапшылар екі ел президенттері АЭС салу мәселесін айналып өтпесі анық екенін айтып отыр.

Саясаттанушы Толғанай ҮМБЕТӘЛИЕВА Қазақстан жеріне АЭС-ті кім салатыны саяси шешімдерге байланысты деп есептейді.

– Назарбаев тұсында да АЭС-ті Ресей салуы мүмкін деген әңгімелер болған. Естеріңізде болса, жасыл экономика тақырыбында ЭКСПО көрмесін өткізуге өтініш бергенде де Ресей біздің елдің бірқатар энергетикалық мәселелерін шешу үшін АЭС салуға ұсыныс тастаған. Сондықтан, әрине, Ресей бұл мәселеде белсенділік танытады.

Біздің шенеуніктер бес үміткер бар екенін мәлімдеген. Олар америкалық екі компания және Оңтүстік Кореяның, Францияның, Ресейдің компаниялары. Бірақ Қазақстан қандай шешім қабылдайды?

Бұл жерде дипломатиялық түйіндер өте көп. Әрине, сыртқы саяси жағдайдың ықпалы сөзсіз болады. Сондай-ақ, шешімге техникалық мәселелер де әсер етеді. Бұл жерде бәрі саяси шешімдерге байланысты деп айтпаймын, бірақ негізінен саясаттың ықпалы күшті жүреді, – дейді Толғанай Үмбетәлиева.

Дегенмен саясаткер-дипломат Қазыбек БЕЙСЕБАЕВ «Қазақстанға атом стациясын Ресей салады» деп топшылайды.  

– 2000 жылдардың басында Францияда экологтардың ықпалымен АЭС-терді жабу басталды. Сөйтіп, Франция атом энергетикасы бағдарламасын тоқтатты да, Ресей сияқты басқа мемлекеттерден артта қалып қойды. Оны айтқан мен емес, француз сарапшыларының өздері. Өткен аптада Францияның бұрынғы жауапты министрлерін парламентке шақырып алып, неге сендер атом энергетикасы бағдарламасын тоқтаттыңдар деп сұраққа алды.

Бұрын Франция электр энергиясын сататын мемлекет болса, қазір сатып алатын мемлекетке айналды. Бұл жағдай Францияда бағаны өсіріп, шағын бизнестің көбі жабылды. Ал Ресейді алып қарайтын болсақ, алысқа бармай-ақ қояйық, Түркияда Ресей АЭС салып жатыр, Иранда салып бітті және Белорусьте салды. Сондықтан АЭС салуды Ресейге тапсырады деп ойлаймын, – дейді ол.

Ал саясаттанушы Дос КӨШІМ АЭС салатын компания ашық, әділ жолмен таңдап алынуы керек деп санайды.

– Осыдан 15 жылдай бұрын Ақтауда Еділ Жаңбыршиннің (қазір мәжіліс депутаты – ред.) ұйымдастыруымен үлкен отырыс болды. Жиынға түрлі мамандар келіп қатысты. Сол кезде ресейлік маман сүңгуір реакторын таныстырған. Бірақ ондай реакторды Оңтүстік Корея мен Францияның мамандары да ұсынды.

Ресейден басқаларының барлығы қолайсыз немесе бізге келмейді деу әбестік. Және «кез келген үлкен мәселелерде тендер өткізу керек» деген бізде заң бар. Сондықтан нақты тендер өткізіп, сол тендерден кімдер жеңгенін халық көруі керек.

Бұл жерде біздің туысымыз, жақынымыз, танысымыз немесе осынша шақырым шекарамыз бар көршіміз деген болмауы тиіс. АЭС салатын компания оны қанша қаражатқа салады, салғасын оны ұстап тұруға қанша шығын жұмсалады деген мәселелердің барлығы айтылып, ел назарында болуы қажет, – дейді саясаттанушы.

Тегтер: