19 Ақпан 21:19
...

Жанболат Мамайдың артында кім тұр?

Фото:
Өткен президенттік сайлаудан кейін азаматтық қоғамның белсенділігі артқаны даусыз. Реформаларға, өзгерістерге мұрындық болатын саяси күш – саяси партиялар екені мәлім. Қолданыстағы заңымыз бойынша, парламенттік, мәслихат сайлауларына тек партиялар ғана қатыса алады. Мұның өзі олардың жауыннан кейінгі саңырау құлақтай қаптауына түрткі болды. Мәжіліс сайлауының исі шыға бастағанда

Тоғжан Қожалиеваның Хақ партиясы, Бэлла Орынбетованың Республикалық партиясы, Жанболат Мамайдың Демократиялық партиясы құрылатыны жарияланды.

Десе де, су жаңа партиялардың арасында жанбай жатып сөнгендер де жоқ емес. Мәселен, қолда бар ақпараттарға қарағанда, Бэлла Орынбетова партия құру жоспарынан әзірге бас тартқан көрінеді. Жақтастарымен ағартушылыққа бет бұруды жөн көріпті. Белсенділік танытып жүргені – әзірге Тоғжан Қожалиева мен Жанболат Мамай

Бастапқыда әйелдердің мәселесімен айналысқан Тоғжан Қожалиева Nege.kz тілшісіне не үшін жаңа партия құруға бел шешіп кіріскенін айтып берді. Ол барлық мәселенің жүйелі екеніне көз жеткізіп, партия құруға шешім қабылдапты. Көздеген мақсаттары – мәслихатқа өту. Өйткені бүкіл жоспарлар сонда қабылданады және әкімдерге сенімсіздік білдіруге мүмкіндік алады. «Мәжіліс түпкі мақсат емес, өйткені ол ештеңе шеше алмайды», – дейді ХАҚ көшбасшысы.

Тоғжан Қожалиева

«Өзгеріс болуы үшін билікке өзіміз келуіміз керек деп ойладық. Партия құрудың алдында «алдымен жұмысымызды көрсетейік, бізге адамдар сенім артса, партия құрайық» деп ұйғарған едік. Бұл бастамамызды наурызға қарай жариялаймыз деген жоспарымыз болған. Мәжіліс сайлауы мезгілінен бұрын болады деп болжап, шешімімізді ертерек жариялап қойдық», – дейді Тоғжан Қожалиева.

Марат Шибұтов жаңа партиялардың құрылуының себебін былайша тарқатады: билік транзитінен, яғни президент сайлауынан кейін, саяси үдерістерді либерализациялау қондырғысы байқала бастаған, сондықтан саяси партиялар құру өзектілігі өткірлене түскен.

Марат Шибұтов

«Президент сайлауы көрсеткендей, қазіргі саяси жүйе халықтың мүдделерін толық қамтымайды. Көп адамдар қолдайтындай, өз көзқарастарына сәйкес келетіндей партияларды көре алмады. Сондықтан адамдар осы үдеден көрінетін партия құрғысы келді. Жалпы, бұл жақсы бастама, дұрыс ниет», – дейді сарапшы.

Әрине, қоғамда түрлі көзқарас бар, түрлі пікір бар. Ортақ көзқарастағы адамдар бас қосып, ел дамуына үлес қосып жатса, несі айып? Сонда, жаңа партиялар қандай аудиторияны өздеріне тартпақ? Сайлауларда қай көзқарастағы адамдардың көңілінен шығуға ұмтылмақ?

«Біз – либералдық партия құрамыз. Мамаймен электоратымыз екі түрлі. Оныкі қазақи, ауылдан шыққан, ұлттық ұранды кісілер. Біздікі – көбінесе қалалық, либералдық көзқарастағы адамдар»,  – дейді Тоғжан Қожалиева.

Саясаттанушылар да жаңа партияларға дайын аудиториялар бар екенін жоққа шығармайды. Және олардың қарасы да аз емес. «Бірі демократиялық көзқарастағы жас, қала тұрғындарына иек артады. Және Қосановқа дауыс берген 2 миллионға жуық адам бар. Қосанов өзі партия құрмаған соң, оған дауыс берген миллиондаған адамды пайдалануға болады. Бұл – үлкен мақсатты аудитория», – дейді Марат Шибұтов. 

Сондықтан да, Жанболат Мамайдың ҚДП-сы қарсылықты электоратқа иек артатыны айқын. Мұны ҚДП партиясының қолдаушысы, «Дат» газетінің бас оқырманы Ермұрат Бапи да растап отыр. «Жанболат Мамайдың Демократиялық партиясы билікпен бәсекелес болатынын мәлімдеді. Осы партия оппозициялық партия болады деуге толық негіз бар», – дейді ол.

Ермұрат Бапи

Бір қызығы, оппозиция қосындағы екі топ – Әбіләзовтің тіркелмеген ҚДТ партиясы мен Мамайдың ҚДП-сының қарым-қатынасы Ресей мен Украина арасындағы жағдайды еске түсіреді. «Нағыз оппозиция» атағы үшін бақталастық тақталасынан кем соғып жатқан жоқ.

Айта кетерлік жайт, Қазақстанның жаңа тарихында таза демократиялық тұрғыдан құрылған партия болған емес. Барлық партиялар көсемдік үлгіде. Басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрған билік партиясы «Нұр Отанды» айтпағанда, ҚРХП партиясын – Қажыгелдин, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын «жас түркілер» құрды. Одан кейін «Алғаның» артында Әбілязов тұрса, ҚХКП Косырьевтің, «Ақ жол» Перуашовтың төңірегінде топтасқан. Осы үрдіс бойынша, қалтасы қалың, саяси салмағы бар ірі тұлғалар байқалмаған соң, «жаңа партиялардың артында кім тұр?» деген сауал бірінші болып қылаң беретіні сөзсіз. Ермұрат Бапи «Жанболат Мамайдың партиясының артында олигархиялық топтар тұр деп айта алмаймын», – деген пікір айтты. Бұл пікірді сарапшылар да қолдайтындай.

«Партияның жұмысы тіркелгеннен кейін ғана басталады. Бірақ олардың ешқайсысы әлі тіркеуден өткен жоқ. Сондықтан олардың артында әлі ешкім тұрған жоқ. Тіркеліп алған соң ғана ол жөнінде ойлануға болады. Әзірге бұлар әлі жұмыс істемей тұрған жай ғана жобалар», – дейді Марат Шибұтов.

Десе де, жоба бар болса, оны жазып-сызғандардың да бар екені күдік тудырмаса керек. Әзірге авторлардың «аватаркасы» бос тұр. ХАҚ партиясы да өзін оппозициялық партия деп санайды. «Бәріміздің мақсатымыз бір. «Нұр Отаннан» басқа партиялардың бәрі – оппозиция емес пе? Біз Қазақстанның жаңа адамдарының партиясымыз. Жалпы, оппозициялық партиялардың мүмкіндігі бірдей. Меніңше, біздің партияларымызды тіркемейді» – дейді Тоғжан Қожалиева.

Жаңа партиялардың тіркеуден өте қоюы екіталай екенін саяси жауырыншылар да жоққа шығармайды.

«Тіпті, жаңа заңнама қабылданса да, мүшелері 20 мыңнан асуы керек. Бұл құрылып жатқан партиялардың ешқайсысы да бұған қол жеткізе алмайды. Өйткені, өте қомақты қаражатты талап етеді. Өте үлкен ресурс керек», – дейді Марат Шибутов.

Тегтер: