22 Қаңтар 18:23
...

Зеленскийдің айлығы шайлығына жетпейді. Қазақстан президенті қанша алады?

Фото:

Украинаның президенті Владимир Зеленский елдегі ең төмен жалақы алатын мемлекеттік шенеунік екен.

Алматы, NEGE. Украинаның Мемлекеттік істер басқармасының дерегінше, украин басшысының ресми еңбекақысы 22,5 мың гривна (348 798 теңге).  Қазіргі валюта бағамымен АҚШ долларына шаққанда Зеленскийдің айлығы 100 долларға да жетпейді, небәрі 929 доллар. Маусым айынан бері Зеленскийдің есепшотына ай сайын 28 мың гривна (434 060 теңге) аударылып отырған. Бұл сомаға қызметтік еңбекақысы кіргенімен, қосымша, сыйақы кірмеген.Салық пен өзге төлем түрлерін төлеген соң, президент ай сайын қолына 22,500 гривна алып келген. Жалпы президентттік қызметіне кіріскен 2019 жылдың 20 мамырынан бері В.Зеленский жыл аяғына дейін президент лауазымында 208,7 мың гривна табыс тауыпты. Салықты алып тастағанда украин басшысының 7 айда үйіне апарған жалақысы 7 мың доллардың шамасында.

Басқа президенттер қанша табады?

Дональд Трамп, АҚШ президенті

Жылына 1 АҚШ доллары

Дональд Трамп ресми түрде президентке төленетін 33 мың доллар айлықтан бас тартып, айлығын жылына 1 доллар көлемінде белгілеген. 3 миллиард доллары бар Трамптың тегін жұмыс істегенін қалтасы көтереді. Дегенмен ол еңбегіне ақы сұрамаған тұңғыш АҚШ президенті емес, оған дейін Герберт Гувер мен Джон Кеннеди де жалақыларынан бас тартқан.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы

Жылына 20 500 доллар

Көлемі бойынша әлемнің екінші экономикасына айналған  алпауыт Қытайдың басшысы Си Цзиньпин 2015 жылы айлығын 62%-ға көтергеннен бері ай сайын небәрі 1 716 доллар еңбекақы алады. Қытайдың басшысы мен оның отбасы ресми түрде бизнеспен айналыспайды, дегенмен оның жақын туыстарының байлығы 376 млн доллар деген мәлімет бар.  

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті

Жылына 151 000 доллар

Владимир Путин ай сайын 12 586 доллар жалақы алады. Бейресми дерекке сенсек, көлеңкелі бизнес есебінен Путин әлемдегі бай адамдардың бірі саналады. Бірнеше жыл бұрын америкалық-британдық қаржыгер, инвестор Уильям Браудер АҚШ Сенатында жасаған баяндамасында В.Путиннің байлығын 200 млрд долларға бағалаған еді.  

Ангела Меркель, Германия канцлері

Жылына 263 000 доллар

Ангела Меркель канцлерлік қызметі үшін айына 22 000 доллар еңбекақы алады. Еуропаның ең бақуатты елінің канцлері қызметтік пәтерден бас тартып, күйеуімен бірге Берлиннің орталығындағы 5 қабатты үйдегі пәтерде тұрады.

Қазақстан президентінің табысы қанша?

Өзге әріптестерімен салыстырғанда Қазақстан президентінің жалақысы қанша екені туралы ресми дерек жоқ. Ал министрлердің қанша айлық алатыны жайлы сұраққа бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы министрлік лауазымы үшін 980 мың теңге алдым деп жауап берген еді. 

Жалақысын ресми түрде жария еткендердің қатарында білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова бар. Өзінің айтуынша, ол айына 600 мың теңге алатын көрінеді. Өзге вице-министрлердің де жалақысы осы шамалас.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жалақысы 950 мың теңге екенін, түрлі салықты алып тастағанда қолына 700-750 мың теңге тиетінін мәлімдеген. Әкімнің айтуынша, жалақы көлемі бір айда неше күн жұмыс істегеніңе байланысты көрінеді.

Ал Қазақстан Парламентінің депутаттары ай сайын шамамен 700 мың теңге алады. Бұл сома айына 6 824 еуро табыс табатын Еуропарламенттегі әріптестерінен әлдеқайда төмен болғанымен, есесіне біздің депутаттар Қазақстандағы ең төменгі жалақы алатын отандасының табысынан 16 есе көп айлыққа ие.        

Әділ Ұзақбай

Тегтер: