Тасмағамбетовті тергеуге не үшін шақыртқаны белгілі болды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық кіріс департаментінің басшысы «пара алды» деген күдікке ілінгенін хабарлады.
Жемқорлықпен күресуші орган таратқан мәлімдемеде былай делінген: «Ол облыстық кіріс департаменті жанама салықтар әкімшілігі басқармасының басшысынан талап еткен 10 мың доллар параның 3 мың долларын алған деген күдікке ілінді. Қызметте өсіруге, қолдап жүруге уәде еткен».
- Тақырыпқа орай: Тасмағамбетовті тергеуге шақыртты
Біз бұған дейін былай деп жазғанбыз: «Ақпарат көзінің хабарлауынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жедел-тергеу тобы Атырау облыстық мемлекеттік кіріс департаменті басшысының орынбасары Ғ.Досмағамбетовті және кіріс департаменті аудит басқармасының басшысы А.Абдрахмановты ұстаған. Олардың мекен-жайына, жұмыс орнына тінту жүргізген. Бұған қоса, Атырау облыстық кіріс департаменті басшысының орынбасары Құрманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовті тергеуге әкелген. Қазір жедел-тергеу шаралары әлі жүріп жатыр. Жемқорлық бойынша қылмыстық іс қозғалғаны да белгілі болды. Иманғали Тасмағамбетовтің туған бауырына қатысты басқа дерек әзірге қолымызда жоқ. Егер оны тергеушінің кабинетіне әкелген болса, ол қылмыстық іс бойынша «қорғануға құқығы бар куәгер» болуы мүмкін. Бұл не деген сөз? Қорғануға құқығы бар куәгер мен күдіктінің арасы – бір-ақ қадам».
Егер кіріс департаментінің басшысы «пара алды» деген күдікпен ұсталса, басшының орынбасары Құрманғали Тасмағамбетовті де осы іс бойынша куәгер ретінде шақыртуы әбден мүмкін. Ендігі мәселе оның қандай куәгер екенінде. Біздің елде кездейсоқтықтың болмайтынын ескерсек, бұл істің Иманғали Тасмағамбетовтің қызметтен кетуімен тұспа-тұс келуінен-ақ бір қайырып болжам жасауға әбден болады.