Путин толық тізе бүкті
Ресей билігі әр компанияға тең көлемде қысқарту жасауға квота бөліп берген. Басқа амал жоқ. Оқшауланып, онсыз да шатқаяқтап тұрған экономикасына Батыс салған санкциялардың салмағы аса ауыр. Осындай жағдайда Сауд Арабиясымен текетіреске түсу – Кремль үшін өліммен тең. Осыған көзі жетіп, Эр-Риядтың алдында Мәскеу ақ жалау көтеруге мәжбүр болды.
Ресей Сауд Арабиясымен әлемдік мұнай өндірісін 10%-ға қысқартуға келісім жасап жатыр. Алдын ала тараған мәліметтерге қарағанда, бұл келісім бойынша, ОПЕК+ елдерінің әрқайсысы өндірісті 22%-ға қысқартуы тиіс. Бұл тәулігіне өндірісті 10 млн. баррельге төмендетуге мүмкіндік береді. Ресей мен Сауд Арабиясы тәулігіне 2,4 млн. баррельге азырақ мұнай өндіреді. Қағаз жүзінде сандар бірдей. Бірақ бұл – Мәскеу үшін өндірістің барынша құлдырағаны. Ал Эр-Рияд болса, наурыздағы деңгейінен сәл ғана түсіреді.
Мәскеу осыны місе тұтып отыр. Саудиялықтардың дегеніне көнбеске лаж жоқ. Путиннің тарихтан сабақ алғаны көрінеді. Өйткені, аузын айға білеген КСРО-ның өзінің шаңырағын ортасына түсірген осал жау емес, бұл. Саудия королі Путиннің жанды жерінен ұстағаны анық. «Егер АҚШ қатысса ғана, Ресей мұнай өндіруді қысқартады» деп кергіп келген Мәскеудің ресми ұстанымы жайында қалатын түрі бар. Әлемде ең ірі өндіруші ел АҚШ бұл мәмілеге мүлде қатыспайтын болды. Сонда да Мәскеу барынша қысқартуды өз мойнына алып отыр.
Десе де, дипломаттардың мұнай бағасын көтеруге ұмтылысын нарық назарға алар емес. Мұнай бағасы одан әрі құлдырап барады.
Ресейлік «Коммерсантъ» басылымының жазуынша, ОПЕК+ елдері тарихта бірінші рет мұнай өндіруді ірі көлемде қысқартуға келісім жасауға жақын тұр. Бірақ бұл мәміле әлі ресми түрде жария болмаған. Мәміле талаптарымен келіспей отырған елдер де бар. Соның бірі – Мексика. Дейтұрғанмен, Иранның энергетика министрі Бижан Зангане оның негізгі шарттарын ресми түрде жария еткен. Сөзіне қарағанда, қазір күніне 10 млн. баррельге дейін қысқарту жөнінде талқыланып жатыр. Бұл – әлемдегі мұнай өндірісінің бақандай 10 пайызы.
Ортақ келісімге келсе, ОПЕК+ елдерінің әрқайсысы өндірісті 22 пайызға дейін қысқатуға мәжбүр болады. Сосын, жоспарға сәйкес, оны 2020 жылдың соңына дейін тәулігіне 8 млн-ға дейін қысқартпақ. 2021 сәуірге дейін 6 млн-ға дейін қысқарту ұсынылып отыр. Осылайша, жаңа мәміле нарықтағы жағдайды ұзақ уақыт тұрақтандыруды көздейді. Қазір карантиннің кесірінен сұраныс күрт түсіп кеткен. Бұл шара соның әсерін жұмсартып қана қоймай, қоймаларда қордаланған орасан зор мұнай қорын қысқартуға да мүмкіндік бермек.
Сарапшылардың бағалауынша, нарықты тұрақтандыруға бағытталған осы шаралардың тиімділігіне қатысты күмән басым. Мәселен, Ресейдің энергетика министрі Александр Новактың пікірінше, сұраныс тәулігіне 10-15 млн. баррельге дейін азайған. Жақын күндері бұдан да құлдырап кетуі ғажап емес. Халықаралық энергетикалық агенттіктік басшысы Фатих Бирольдің айтуынша, нарықтағы артық мұнайдың көлемі тәулігіне 25 млн баррельге дейін жетіп отыр. Ресейдің тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирил Дмитриевтің пайымдауынша, бұл мәмілесіз мұнай бағасы барреліне 10 АҚШ долларына дейін құлдырап, жағдай мүлде мүшкіл күйге түспек.
«Расымен де, Ресейдің мұнай өндірісін барынша қысқартуына тура келіп отыр. Техникалық жағынан бұған кем дегенде екі апта керек. Мұның әсері болады. Тіпті, баға құлдырап жатса да. Бұл мәміле болмаса, жағдай бұдан да қиындайды. Нарықтағы баға барреліне 30-40 АҚШ доллары болып тұрақтаса, бұл – үлкен жеңіс!» – дейді Fitch өкілі Дмитрий Маринченко.