Қыжыртпа. «Nur Otan» НЕГЕ жау шақырып жүр?
Биыл жұрттың тіліне іліккен су жаңа екі сөз болса, соның бірі – коронавирус та, екіншісі – праймериз. Алғашқысы тым қатты келді. Бірақ ешкімді алалаған жоқ. Сондықтан одан бай мен кедей тең қорықты. Праймериз алашапқыны да дәл сондай «әділ» болмағанымен, біршама әдемі келе жатыр.
Әдемі болатыны, прайлатып-сырнайлатып жүрген жұртқа қарасаңыз, құрамында қырық түрлі кәсіптің өкілдері жүр. Тақ бір ертең парламентке баратындай, әрқайсысы бір-бірден бағдарлама жасап алған. Қанша дегенмен, депутаттардан көргендері бар ғой, кәдімгідей «жапырамыз», «қатырамыз» деседі.
Енді олардың саны қанша? «Nur Otan» партиясы праймеризінің алғашқы кезеңі аяқталып, екі аптадай уақытқа созылған тіркеу кезеңінде еліміз бойынша 10 990 үміткердің есімі қағазға түртіліпті. Неге 10 мың немесе 11 мың болмағанын бір құдай біледі. Тұп-тура 10 990 адам! Бұл санды талдауды сәл кейінге қалдырып, ары қарай жылжиық.
Үміткерлердің 36,9 пайызы – әйелдер екен. 29,6 пайызы – 35 жасқа дейінгілер. Яғни, «жасына жетпей» Мәжілістен дәметкендер. Құйысқаны көтерілген қыз-келіншектер мен қиядағыны көксеген «балаларды» қосып жіберсеңіз, үміткер біткеннің 66,5 пайызына тең.
Бұл енді демократиялық жолға «қадам басқан» жас Қазақстанның саяси әлпетін әдемі суреттейтін цифрлар. Түркістан облысы 1144 үміткермен республика бойынша оза шауыпты. Түркі әлемінің орталығы әрі жаңа құрылған облыс болған соң, Түркістанға бұл жетістігі жүдә жарасып тұр.
Дегенмен бұл ырду-дырдуда біз жете түсініңкіремеген бір мәселе бар. Қараңыз, «Nur Otan» партиясының праймеризін өткізу ЕРЕЖЕСІНДЕ былай делінген.
«Алдын ала партияішілік іріктеу – праймериз (бұдан әрі - праймериз) барлық деңгейдегі мәслихаттарға және Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне сайлау болып табылмайды және партияның барлық деңгейдегі мәслихаттарға және Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну рәсімі болып табылмайды».
Сонда бұл не болып табылады? Бұл қандай рәсім өзі? Партия ішіндегі жәй ғана іріктеу. Партияішілік іріктеу болған соң, «Nur Otan» партиясы бұл шараны «оңаша жерде» отырып-ақ шеше салса, болғандай екен. Өйткені праймеризде атойлап жүргендер Мәжіліс түгілі мәслихаттан да дәметпей-ақ қойсын, «иектерің қышымасын» дегенді осы рәсімнің ережесі анық меңзеп тұр.
Алайда оны ұғып жатқан үміткерлер жоқ. Үміткерлердің өзін қойшы, әрқайсысының артындағы жұртты айтсаңызшы. «Еее, әйтеуір біздің ауылдан да бір жігіт шықты-ау» деп өрекпіген жұрт сол жігітті ертең парламенттен көретіндей далақтап жүр қазір.
Ал ертең не болады? Не болатынын түсіндіруге 10 990 деген үміткер санын пайдаланып көрейік. Сіз 10 990 үміткерді үтіктеуге әкелген шәйі орамал деп есептеңіз. Қызған үтікті басып-басып, қыртысын жазғаннан кейін «орамалдың» бас-аяғы «тұжырылады». 10 990 санының бас-аяғын біріктірсеңіз, 100 деген сан шығатынын білесіз. «Жүздіктің» алды Мәжіліске, арты мәслихатқа барады. «Олардың орыны баяғыдан белгіленіп қойған» деген әңгіме саяси сауаты бар адамдарға Арқаның желімен жетіп жатыр. Ал ортадағылар не болады? Не болушы еді, 99 болады да!
Бұл салыстырудың сәл ыңғайсыздау бір тұсы – барлық үміткердің кемінде тоқсан пайызы 99-дар санатына іліккелі тұр. Көрдіңіз бе, мәселе қайда?
Міне, праймериздің ең қызық жері осы кезде болатын тәрізді. Өйткені «салпыауыз» үміткерлер коронавирус пен праймериздің айырмашылығын сол тұста бір-ақ ұққалы тұр. Бірақ кеш болады. Кеш екен деп қоя салса, жақсы ғой, бүгін «Nur Otan-ның» жырын жырлаған праймеризшілер ертең бұл партияға аттандап қарсы шығуы мүмкін ғой. «Іріктеу әділетсіз өтті! Өз мүшелерін алалаған бүйткен партияңның!..» деп тепсініп тұрса ше? Онда елдегі бас партия үміткерлерді іріктеймін деп жүріп өзіне қарсы жау шақырған болып шықпай ма?
Партия төрағасының «шетел көрген» бірінші орынбасары бұл жайлы бас қатырмаған секілді. Себебі мұндай жағдай туа қалса, қандай «рәсім» орындалатыны туралы праймериз ЕРЕЖЕСІНДЕ ештең айтылмапты.
Айтпақшы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше ғана «Праймериз» жүйесінде авторизация жасады. Бұл туралы баспасөз хатшысы Айдос Үкібай хабарлады. Енді Елбасы кандидаттардың бас-аяғын түгендеп, дауыс беруге қатысады. Мақтаулы праймериз партияға кері әсерін тигізетін болса, төраға ең алдымен бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті бұрышқа тұрғызатыны анық енді...