13 Сәуір 19:49
...

Қытай стратегтері «гибридті соғыс» жүргізуді үйреніп жатыр

Фото:

Ресейдің Қырымды тартып алуы халықаралық қауымдастық тарапынан сын тезіне ұшырағанымен, Қытайдың әскери мамандары мұны «мінсіз операция» ретінде бағалап отыр. Путин Қырымды Қаһарлы Иван секілді қылыштың күшімен емес, бір оқ шығармай алды. Қалай десек те, бұл – заманауи әскери операция өткізудің озық үлгісі болып қала бермек. Сондықтан да Қытайдың әскери стратегтері орыстар қолданған айла-тәсілді, гибридтік соғыстың ұңғыл-шұңғылын  мұқият зерттеп, жіті талдап, терең зерделеп жатқан тәрізді. Өйткені, мүддесінің жағрапиялық аумағы кеңейіп, әлемдік үстемдікке ұмтылуға ниеттеніп отырған аспан асты еліне болашақта бұл әдістер ауадай қажет болатыны сөзсіз.

Мәселен, Қытайдың «Жұңғо Зүңван» басылымы «Қырым – ресейлік «гибридтік соғыстың» көрінісі» деген тақырыппен Қырым операциясына егжей-тегжейлі тоқталыпты. Мақаладан журналистің емес, әскери маманның қолтаңбасы анық көрінеді. Путин өткізген операцияға таңдай қаққан таңқалыс байқалады. Астарынан «үйренетін нәрсе екен» деген пиғыл да аңғарылады.

Бастапқыда Ресей түбекте үгіт-насихат машинасын іске қосып, жергілікті тұрғындар арасында ресейшіл көңіл-күйді қоздырғаны белгілі. Сосын арнайы жасақ Қырым жағалауына түсіп, артынша ірі әскери бөлімдер де басып кірді. Ресей барлау қызметі украинаның командалық жүйесін бұзып, Ресей әскері Қырымның стратегиялық маңызды бекеттерін алды. Бұдан кейін Ресей бірнеше күннің ішінде «референдум» өткізіп, дауыс беру нәтижесінде «Қырым Ресей Федерациясының құрамына кірді» деп жария етілгені мәлім.

«2014 жылы 24 ақпаннан 21 наурызға дейін Ресей Қырымды ә дегеннен-ақ қосып алу үшін түрлі амалдарды пайдаланды. Бұл НАТО-ны қатты есеңгіретіп тастады. Ресей Батыс енгізген гибридті соғыс теориясын іс жүзіне асырды. Қырымды қосып алуға осы теорияны қолданғаны мысал бола алады», – деп жазады «Жұңғо Зүңван» басылымы.

Қытайлық мамандардың айтуынша, Ресей әскерден бөлек, психологиялық соғыс, ақпараттық соғыс, құқықтық соғыс секілді түрлі амал-айла да қолданған. Батысты тоқтатып, араласуына бөгет болу үшін ядролық күшті алға тартқан. «Ол кезде Владимир Путин «Ресейдің ядролық қаруды оп-оңай қолдануға әзір» екенін мәлімдеді. 4 наурызда НАТО-мен текетірес күшейген тұста, Ресей құрлықаралық баллистикалық зымыранды сынақтан өткізіп, соғыс болса, ештеңеден тайынбайтынын көрсетті. Сондықтан Батыс араласа алмай қалды», – дейді қытайлық басылым.

Мәтіннен аңғарғанымыз, Ресей әскері қолданған «Герасимов доктринасы», негізі, Батыста пайда болған. Оған көп орыс элементтері қосылған. Бұл Қырымды алуда маңызды рөл атқарыпты. «Бұл қажетті нәрсені басқалардан алып, соғыста жеңіске жету үшін оны басшылыққа алуға болатынын көрсетті. Өз қателіктеріңді түзеу үшін басқаның тәжірибесін шеберлікпен пайдалану қажет. Өзіңнің ахуалыңа сәйкес инновация енгізу ләзім», – деп тұжырым жасайды басылым.

Қытайдың көзқарасы бойынша, дәстүрлі стратегияны жаңаша пайдалану да артықтық етпейді. Озық технологиялар оқиғаны басқа қырынан көруге мүмкіндік береді. Бірақ ол жауыңның ниетін дер кезінде анықтауға кепіл бола алмайды. НАТО-ның жіті бақылауында болған Қырымды Ресей әскері қалай бақылауға алды? Қытай сарапшылары оның кем дегенде үш себебіне тоқталады. Енді осы себептерді тарқатып көрейік.

Біріншіден, Ресейдің бас қолбасшысы мен бас штабы қолайлы сәтті дұрыс пайдалана білді. Арктикада әскери-жаттығу өткіземіз деген сылтаумен көп әскерді шоғырландырды. Сансыз әскери эшелондарды Оралдың арғы жағына өткізіп, НАТО барлаушыларын алдап соқты. Осылайша, Қырымға әскер кіргізу ниетін бүркемелеп қойды.

Екіншіден, сол кездегі Украина үкіметі Қырымдағы әскеріне оқ атуға бұйрық берген кезде, бұл елдің Қорғаныс министрлігіне кірген ресей барлаушылары түбектегі украин әскеріне мүлде басқа бұйрық беріп отырған. Тіпті, жергілікті әскербасыны мүлде хабар-ошарсыз қалдырған. Сондықтан ол уақыт жоғалтып, дер кезінде қарсы шабуылға шығуға кешіккен. Ақыры шегінуге мәжбүр болған.

Үшіншіден, орыс әскері өз операцияларында тәртіп пен ұйымшылдықты қатаң сақтайды. Ресей офицерлерінің әрқайсысының қолында мобильді телефон болғанына қарамастан, НАТО-ның арнайы қызметі тың тыңдап, ресейліктердің Қырымда операция жасайтыны туралы ешқандай ақпарат ала алмаған.

«Осылайша, барлау технологиялары дамыған ақпарат ғасырында да әскери әрекет театрын күні бұрын анықтау қиын екенін байқап отырмыз. Күтпеген жерден ұрыс салу күрделене түсті. Дәстүрлі стратегиялар үлкен кедергілерге тап келіп отыр. Кейбірі қолданыстан шығып қалды. Десе де, дұрыс қолдана білсе, кейбір дәстүрлі стратегиялар да тиімділігін жоғалтпайды. Мәселен, Ресей әскерінің жалған стратегиялық маневрі мен радио тыныштықты қатаң сақтауы қарсыласты қапы қалдырып отыр. Ғылым мен техниканың дамуы дәстүрлі стратегияны қолдану аясын байыта түсті», – деп түйіндейді басылым.

Әскери белгілерін алып тастаған «жасыл адамдардың» стратегиялық нысандарды бірінен кейін бірін оп-оңай алғанына қытайлық әскерилерді  таңдандырып отырғанға ұқсайды. Ресей әскерінің психологиялық және ақпараттық соғысты ұтымды қолданғаны соншалықты, қарсыластарын берілуге көндірген. Украина армиясының бөлімшелерін Ресей жағына өтуге үгіттеп, олардан жаңа әсери құрылым жасақтады. Мұның бәрі украина әскерінің рухын әлсіреткен.

«Асимметриялық соғыста маңыздысы – тиімді стратегиялық орынды алып, стратегиялық бастаманы іске асыру. Оңтайлы стратегиялық орын алу күштік тәсілдерге байланысты емес. Әртүрлі күш көрсетуге жатпайтын амалдар жасауға болады. Өйткені, олар күш көрсетуден әлдеқайда тиімді болып шығады. Бұл Го ойынын еске түсіреді. Егер қарсыластың бір салада артықшылығы болса, сол саланы қоршаудың қажеті жоқ. Ахуалға басқа қырынан қарап, әрекет жасау тиімді», – деп жазады қытай басылымы.

Қытайлық сарапшылардың пікірінше, Қырымды алу кезінде Батыстың араласуы және Украина әскерінің қарсылық көрсетуі секілді жасырын қауіптер болған. Ресей әскері ресейшіл күштерді украин әскерімен күресте қолдап қана қоймай, әскери әрекет алаңының сыртында да қауырт жұмыс жүргізіп, түрлі маневрлер мен амалдарды шұғыл орындаған. Соның арқасында батыстың араласуын тоқтатып, украина әскерінің жауынгерлік мүмкіндігін әлсіреткен. Осылайша, Ресей Қырымды қан төкпей қосып алған.

Тегтер: