Қауіпсіздігіміздің кілті Кремльдің қолында
Кремль ТМД елдері қарулы күштерінің бірлескен байланыс жүйесін құрмақ. Әрине, оның орталығы Мәскеуде орналасады. Қазақ билігінің осы келісімге қосылу ниеті бар. Кеше ҚазТАГ ақпарат агенттігі осындай қаулы жобасын жария етті. Nege.kz осы мәселені оқырманға жіліктеп беруді жөн көрді.
Алайда оған әлі қол қойылмаған. Әзірге бұл – әзірлік үстіндегі жоба. Келісім мәтініне қарағанда, ТМД елдері қарулы күштерінің бірлескен байланыс жүйесі Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің Бас штабының қолында. Соның бір бөлімі үйлестіріп, басқарып отырады. Үкімет осы қаулының жобасын 13 мамырға дейін қоғамдық талқылауға салуға уәде беріп отыр. Айта кетерлік жайт, келісім жобасын Ресей Қарулы күштерінің Бас штабы әзірлеген.
Әрине, Ресей – еліміздің басты экономикалық, әскери одақтасы. Әсіресе, соңғы жылдары Ресейдің түрлі салалардағы ықпалы күн санап күшейіп барады. Әскери саладағы басымдық Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (бұдан әрі – ҰҚШҰ) арқылы бекітілген. Сондықтан кейбір қазақстандық сарапшылар бұдан ешқандай сөкеттік көріп отырған жоқ. Әскери байланыс саласының кілті неліктен Мәскеудің қолында болатынын Nege.kz оқырмандарына Максим Казначеев былай түсіндіреді:
М.Казначеев
– Қалай десек те, ҰҚШҰ шеңберінде осындай іс-шаралар өтуі тиіс. Сондықтан байланыс, ақпарат алмасу жүйесі Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің Бас штабының базасында болатыны түсінікті жайт. Өзге ҰҚШҰ-ға мүше елдердің мұндай техникалық мүмкіндіктері жоқ.
Сөз жоқ, Ресей – әскери қуаты жағынан әлемдегі күшті елдердің бірі. ҰҚШҰ арқылы серіктестеріне түрлі әскери жобаларды ұсынып келеді. Бұдан бірнеше жыл бұрын аталған ұйымдағы елдерді бірыңғай әуе қорғанысы жүйесіне енгізген болатын. Соның ішінде біздің еліміз де бар. Саясаткер Петр Своиктің пікірінше, бұл – осындай кезекті жобалардың бірі ғана.
П.Своик
– Қазақстанның ҰҚШҰ-ға мүше болғанына көп болды. Осы келісімнің аясында бірқатар өзара келісілген әрекеттер жасалады. Соның ішінде байланыс та бар. Егер біз осындай шарттың бар екеніне келісетін болсақ, онда соның аясында осы тақылеттес жобалардың жүзеге асатыны анық. Бұған келіспейтін адамдар болса, Қазақстанның өз бетінше қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етуі керек екенін айтып берсін, – дейді Петр Своик.
Бұл жөнінде егжей-тегжейлі айтып берген адам да табылды. Ол – еліміздің ұлттық қауіпсіздік мәселесін басқа қырынан көретін сарапшы, саясаттанушы Досым Сәтбаев. Ол соңғы жылдары Ресейдің белсенді түрде ҰҚШҰ-ға мүше серіктестерін өзінің әскери-өнеркәсіптік кешендеріне, әуе қорғанысы жүйесіне, бірыңғай қару-жарақ нарығына тартып келе жатқанына тоқталды. Рас, ҰҚШҰ аясында өзге мүше елдер Ресей қаруын жеңілдікпен сатып алып жатқаны да құпия емес.
Д.Сәтбаев
– Бұл да – Ресейдің өзге мемлекеттерге тастаған ілгегінің бірі. Меніңше, бұл Қазақстанға белгілі бір дәрежеде қауіп төндіреді. Себебі, ҰҚШҰ – Ресейдің скрипканы бірінші болып тартатын құрылымы. Өзбекстанның бұрынғы президенті, марқұм Ислам Каримов 2012 жылы ҰҚШҰ-ға кіруден дәл осы себептен бас тартқан болатын. «Бұл ұйым Ресейдің мүддесі мен оның геосаяси амбициясына бола құрылып жатыр», – деп тұжырым жасаған-ды. Қазақстанның әскери салада Ресейге тәуелділігінен қатер көремін», – дейді ол.
Оның себеп-салдарын әрмен қарай былайша тарқатады: Ресей соңғы жылдары агрессивті сыртқы саясат жүргізіп келеді. Әртүрлі жанжалдарға араласып, әскери-саяси авантюраларын қолдауға шақырып, Еуразиялық экономикалық одақтағы, ҰҚШҰ-дағы серіктестеріне ұдайы қысым жасайды. Сириядағы жағдай, Түркиямен текетірес кезінде Ресей «мені қолдамадыңдар» деп Қазақстанға, Қырғызстанға, тіпті, өзге де елдерге қатты өкпелеген.
– Біз Ресейдің сенімді серіктес емес екенін көріп отырмыз. Серіктесіміз қазір өзін ұлы держава ретінде көрсеткісі келеді. Амбициясы орасан зор. Ғаламдық деңгейді көздейді. Сондықтан белгілі бір тәуекел туындайды. Ресей келе-келе Қазақстаннан әскери бастамаларды қолдауды талап ете бастайды. Әскери-техникалық тұрғыдан, соның ішінде байланыс тұрғысынан Ресейге тәуелді болсақ, бұл да – үлкен қауіп», – дейді сарапшы.
В.Путин
Оның пайымдауынша, Украина мен Ресейдің Қырымға таласы кезінде мұндай қатер анық байқалған. Украина әскерилері, әсіресе, офицерлердің жоғары құрамы әскери құпияларды Ресейге үйіп-төгіп берген екен. Елдің шығысындағы ұрыстарда украин әскері көп шығынға ұшыраған. Оның себебі – қарсыластары әскердің орналасқан орны, қозғалысы жайында күні бұрын хабардар болып отырған.
– Әскери қақтығыс кезінде Ресейдің мүддесіне тікелей жұмыс жасаған украиндық офицерлер көп болды. Сондықтан біз ұлттық қауіпсіздігімізді ұмытпауымыз керек. Әскери саладағы дамуымызда белгілі бір дәрежеде тәуелсіздік қажет. Бұл қару-жараққа да қатысты. Еліміздің әскери доктринасында «Қару-жарақ жеткізушілерінің біріне тәуелді болмауымыз тиіс» деп, тайға таңба басқандай көрсетілген. Біз осы ережені өрескел бұзып отырмыз. Сондықтан «арада кікілжің бола қалса, бізге төнер қандай қауіптер бар?» – деп, көп жайтты қайта сараптап көргеніміз абзал», – дейді Досым Сәтбаев.