14 Қыркүйек 11:59
...

Сардар Абид Рашид Хан: Тәліптердің қазір өзгелерге қауіп төндіретіндей қауқары жоқ

Фото:

Бүгінде Батыс пен Шығыстың арасы жанығып тұр. Темір перде қайта түсірілді. Украина отқа оранды. Қарабақ, Тайвань бейнесінде ескі жараның ауыздары қайта ашылып жатыр. Қарсыласушы тараптар арасында ақпараттық майданның көрігі де қыза түскен. Осындай ұрымтал тұста «ыстық нүктелерден» алыс жатқан үшінші тараптың көзқарасы мүлде қызық көрінеді екен. 

NEGE тілшісіне сұхбат берген пәкістандық саясаттанушы, әскери сарапшы Сардар Абид Рашид Ханның ой-пікірінен осыны аңғардық.

– Ресей мен Украина арасындағы соғыс қазақстандықтарды да қатты алаңдатып отыр. Соңғы аптада Украина әскері шабуылға шығып, біраз жерін қайтарып алды. Ұрыс даласындағы күштердің ара салмағында қандай да бір өзгеріс бар ма?

– Бұл – өте күрделі жанжал. Өте үлкен ойын жүріп жатыр. Оның тарихы тереңде жатыр. Басты ойыншылар – АҚШ пен Ұлыбритания. Бұл соғыстың түпкі мақсаты – Ресей ғана емес, Орталық Азия мен Қытайды да тұралату. Бұған олар ұзақ уақыт дайындалып келді. Кеңес Одағы тараған соң, посткеңестік кеңістікті тағы да бір әлсіретуді көздейді.

1830 жылдардан бастау алған «Ұлы ойын» әлі жалғасып келеді. Осы уақытқа дейін тікелей қақтығыстардан бас тартып келген болатын. Соңы осындай болды. Әрине, Украина халқына жаным ашиды. Бейбіт халқы бөтеннің соғысы үшін қаза тауып жатыр.

Иә, қазір Украина әскері шабуылға шығып, Херсон облысын, Изюм қаласын қайтарып алды.

Батыс қаруы Украина әскерін күшейтті ме? Енді жағдай қалай өрбімек?

– Нағыз соғыс енді басталады. Осы уақытқа дейін Ресей шындап соғысқа кіріскен жоқ еді. Жақын күндері орыс әскері үлкен күшпен шабуылға шығатынын көреміз. Майдан даласын ғана емес, Украинаның ірі қалаларын да бомбаның астына алады. Кеше Киевте жарық болмады. Енді инфрақұрылымдардың бәрі де нысанаға ілігеді. Мұндай жойқын соғыстан Ресей ұзақ уақыт тартынып келген болатын.

Ресей бүгінде бәске қолындағының бәрін тігіп отыр. Егер Ресей жеңіске жетпесе, ертең бұл мемлекет жер бетінен жойылады. Сондықтан Ресей соңғы солдатына дейін соғыспақ. Олардың басқа амалы жоқ.

– Украина да жақсы соғыса алады. Бұған тірі куәміз. Батыс қаржылай, қарудай көмегін беріп-ақ жатыр. Демек, сіздіңше, бұл қанды соғыс тым ұзаққа созыла ма?

Иә, украиндықтар да нағыз жаужүрек жауынгер екенін көрсетті. Батыс үшін бұл соғыс неғұрлым ұзаққа созылса, соғұрлым тиімді. Өйткені, Ресей әлсірей түседі. Кім қырылады? Украиналықтар мен ресейліктер. Мұсылман халықтарындай емес, олардың әр отбасында тек қана бір-бір ғана ұл-қыздары бар. Бұл елде жастардың саны барынша азаймақ.

Ресей қолындағы қауқарлы қаруларын әлі қолданған жоқ. Аюды енді ғана толық ұйқысынан оятты. Осы уақытқа дейін ол қарсыласының осал жерін аңдумен ғана келген еді. Енді соғыстың екінші кезеңі басталды. Екінші, үшінші кезеңдері бұдан да жойқын, сорақы болмақ.

Ресейдің әскери артықшылығы – авиация, зымырандар мен теңіз күштері. Қазір бұрынғыдай солдаттар үлкен рөл ойнамайды. Мұны Қарабақ соғысы анық көрсетіп берді.

– Сонымен, бұл соғыста кім жеңеді?

– Батыс жеңеді. Жеңілетін – Ресей мен Украина халқы. Батыс бұл соғыс арқылы діттегеніне ақыры жетеді.

– Қанды қырғын қанша уақытқа созылады деп ойлайсыз?

Бастапқы кезеңде соғыс ұзаққа бармайды деп ойлаған едік. Қазір 2024 жылға дейін созылуы ықтимал екені байқалады. Әйтеуір 2023 жылдың аяғына дейін аяқталмайтыны анық.

Қарабақ соғысы туралы айтып өттіңіз. 44 күнге созылған жанжал кезінде геосаяси текетірестің бедері көрініп қалды. Арменияны қолдағандар – Ресей мен Иран. Ал Түркия мен Пәкістан Әзербайжанға болысты. Түркияның жағдайы түсінікті. Бауырлас, ағайындас, көршілес ел. Ал шалғайдағы Пәкістанның Әзірбайжанға моралдық қолдау көрсетуінің сыры неде?

– Пәкістан – Армения деген елді осы уақытқа дейін ресми түрде танымаған, дипломатиялық қарым-қатынас орнатудан бас тартқан әлемдегі жалғыз ел. Армениядан бөлек, Израиль мемлекетін де мойындамайды.

– Неліктен?

Мұның бір ғана себебі бар. Ол – Әзербайжанға қолдау көрсету. Тіпті, Түркиядан бұрын ең бірінші болып Әзербайжанның тәуелсіздігін таныған – Пәкістан.

Пәкістан Орталық Азиядағы мемлекеттердің тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып танып, дипломатиялық, экономикалық қатынас орнатуға мүдделілік білдірді. Өкінішке қарай, экономикалық қатынастар биік деңгейге жете қойған жоқ.

Десе де, Пәкістанда оқып жүрген қазақстандық әскерилер бар.

– Жақында дүние салған ресейлік саясаткер Владимир Жириновский «болашақта Тұран мемлекеті құрылады» деп жар салған еді. Неге екені белгісіз, ол түркі тілдес мемлекеттермен бірге Пәкістанды да осы одаққа кіргізіп қойды. Сіздіңше, мұндай әскери одақтың пайда болуы мүмкін бе?

– Түптің түбінде мұндай одақтың пайда болуын жоққа шығаруға болмас. Бірақ оның аулы әлі алыс. Өйткені, қазір әр ел өзінің экономикалық мүдделерін күйттеп отыр. Десе де, бұл мемлекеттердің тарихи тамыры бір. Дін ғана емес, ұқсас мәдениет, ұқсас тіл де біріктіре алады.

Бірақ экономикасы күшті өзге ойыншылар бар. Олар бұл аймақтың бірігіп, дербес ойыншыға айналғанына аса мүдделі емес. Өйткені, бұл өңірде қазба байлықтарының мол қоры бар.

Тоқетері, бұл елдердің картасы басқалардың қолында. Әскер күшін біріктіру үшін де экономиканы қарқынды дамыта білу қажет.

АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкетті. Билік басында қазір Талибан отыр. Көп елдер оны «террорлық ұйым» деп таниды. Бұған қарамастан, ауған билігімен санасуға, гуманитарлық салаларда қарым-қатынас жасауға мәжбүр. Батыс елдері Талибанды құбыжық көреді. Ал Пәкістанның көзқарасы қандай?

Бұл шындыққа жанаспайды. Бұл – Батыстың таңған көзқарасы. Талибан өзге елге ешқашан шабуыл жасаған емес. Керісінше, батыс шабуыл жасады. Олар тек қана ауған жерінде қорғанысқа көшті.

Бұл өңірде Батыстың өте үлкен мүддесі бар. Қазір көп адам АҚШ Ауғанстаннан кетті деп ойлайды. Жағдай мүлде олай емес. Сирия мен Иракта соғысқан 30 мыңнан асатын ДАИШ содырларын Ауғанстанға әкелді. АҚШ-тың оларды ұшақтармен жеткізгені жайында бұлтартпас айғақтар бар.

– Не үшін?

– Қазір күн сайын тәліптерге ДАИШ содырлары шабуыл жасап жатыр. Өткен аптада үш молданы жанкешті содырлар жарып өлтірді. Әр апта сайын бір-екі лаңкестік әрекет жасалады. Тәліптер қазір ДАИШ содырларымен кескілескен соғыс жүргізіп жатыр.

ДАИШ Ирак пен Сирияда құрған мемлекетті енді Ауғанстанда құрмақ. Мақсаты – Орталық Азия, Пәкістан және Қытайда тұрақсыздық орнату. Бұл аймақтан көп мұсылман фанатиктерін табуға болады.

ДАИШ-тың жаңа буыны өте сауаттылығымен ерекшеленіп отыр. Тіпті, бұрынғысынан әлдеқайда күштірек болып шықты.

Тәліптердің қазір өзгелерге қауіп төндіретіндей қауқары жоқ. Тауда жүріп соғысу бір бөлек те, билікте отырып, 35-40 миллион халықты асырау мүлде бөлек нәрсе.

– Бірақ тәліптерді прогрессивті күш деп те айта алмаймыз ғой...

Әрине, тәліптердің қателігі өте көп. Соның ішіне адам құқығын бұзу, әйелдерді оқытпауы да кіреді. Бірақ бұл қателіктерді жөндеуге болады.

– Қазір Шанхай ынтымақтастық ұйымы шекарасын кеңейтіп келеді. Іргетасын қалаған – Қытай, Ресей және Орталық Азия елдері еді. Соңғы жылдары халқы көп Үндістан мен Пәкістанда осы ұйымға мүше болды. Енді Иран кірмек. Бұл ұйымнан Пәкістан не күтеді?

Шанхай ынтымақтастық ұйымының болашағы өте зор. Қазір бұл елдер ашық жұмыс істей алмай отыр. Өйткені, экономикалық жағынан соншалықты күшті емес. Үндістанның өз түйткілдері бар. Пәкістанның да басындағы қиындықтары аз емес. Екі ел де Батысқа тәуелді. Қытайдың жағдайы да осыған ұқсас.

Енді он, жиырма жылдан кейін жағдай түбейгейлі өзгеруі мүмкін. Әлемнің болашағы осы өңірде. Азияда. Бұл жерде халық саны көп. Ресурсқа бай. Мәселен, бір өнімді жасап шығаратын да, оны тұтынатын да – адамдар.

Ал өзге елдердің көз жасымен көркейген Батыс өркениеті өзінің шырқау шыңына жетті деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Тегтер: