18 Ақпан 12:03
...

Сапарбаев VS Тоғжанов: Әлеуметтік саланы кім ұршықша иіреді?

Фото:

Біздің халыққа басқа министрліктердің не бітіріп жатқаны қызық емес. Бірақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрінің әр басқан қадамы бақылауда.

Десек те, осы үш саланың басы даудан арылмайды. Артынан сөз ереді. Реформа енгізгіш. Тіпті, бұл үш салаға министрлер де құтаймайды. Жаңа бағдарлама, не жоба енгізіп, енді білек сыбанып кірісем дегенде ауысып кетеді.

Өткен аптада әлеуметтік саланың қыр-сыры мен бүге-шігесін жіті білетін Бердібек Сапарбаев вице-премьерлік қызметтен босады. Еңбек және халықты әлеуметті қорғау министрлігін 2007 және 2019 жылы басқарған ол премьер-министрдің орынбасары болғанда да әлеуметтік мәселеге жауап берді.

Көпбалалы аналар, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, зейнетақы, жұмыссыздық, т.б. мәселенің бәрі оған таңсық емес. Өзі айтпақшы, кабинетте отыра бермей, халық арасына жиі шығып тұрды. Кейде әкім-қараларға алдын ала айтпастан ауылдарды аралайтын әдеті бар. Демек, шалғайдағы ел-жұрттың қалай және қандай жағдайда өмір сүріп жатқанынан хабардар деген сөз.

Сапарбаев халыққа несімен жақын?

Әлгінде ғана әлеуметтік саланың әрдайым халықтың назарында екенін бекер айтқан жоқпыз. Тәуелсіздік алғалы бері оннан астам министр тізгіндеген салада кімнің қай ісімен есте қалғаны белгісіз. Айталық, экс-министр Г.Қарағұсованың: «Іштен шыққан перзентің өміріңнің жалғасы болғандықтан, сәби өміріне Құдай алдында да, қоғам алдында да тек сіз ғана жауаптысыз. Мемлекеттің бөліп отырған азын-аулақ қаржысы сізді бұл жауапкершіліктен құтқара алмайды. Егер сіз перзентіңізге аналық мейіріміңізден бөлек, жақсы өмір сыйлай алатыныңызға сенбесеңіз, бақытсыз шаранаға өмір бермей-ақ қойыңыз дер едім» дегені жұрт есінде. Қысқасы, әлеуметті қорғайтын министрдің аузынан «қазақ көбейсін, өнсін» деген емес, осындай екіұшты пікір естиміз деп кім ойлаған?

Қарағұсовадан соң бұл салаға қазіргі министр Бердібек Сапарбаев (2007-2009) келді. Ол «Нұрлы көш» бағдарламасының тиімді жұмыс істеуіне септігін тигізді. Одан кейін Гүлшара Әбдіхалықова (2009-2012) тағайындалды. Ал осы саладағы ең жас басшы, 35 жасында небәрі бірнеше ай ғана министрлікті басқарған Серік Әбденов (2012-2013) «потому что, потому что» сөзімен танымал болғаны белгілі. Ол әйелдердің зейнет жасын ұлғайту туралы бастамасы үшін жұрттың наразылығына ұшырады. Әбденов министр болып тұрғанда Астана мен Алматыда декреттік төлемді қысқартуға қарсы наразылық акциясы өтті. Ал баспасөз конференциясының бірінде азаматтық белсенді Андрей Цуканов министр Әбденовке жұмыртқа лақтырды. Одан кейін жаңадан құрылған денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігін Тамара Дүйсенова басқарды. 2017 жылдың қаңтарында министрлікті қайтадан бөлгенде ол әлеуметтік қорғау министрі болып қалды. Алайда 2018 жылдың ақпанында «міндетті медициналық сақтандыруды енгізуді» кейінге шегергені үшін президент Назарбаев оны ел алдында сынағаны бар. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Мәдина Әбілқасымованың міндетіне еңбек және халықты жұмыспен қамтамасыз ету, әлеуметтік сақтандыру, азаматтардың түрлі санатына әлеуметтік қолдау көрсету және жәрдемақы тағайындау міндеті кірген еді. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген сөз осындайда айтылса керек. Ол да көпбалалы аналардың жағдайын біле тұра, «Алтын Алқа», «Күміс алқа» иелерінің барлық баласына ай сайын алатын 16 мың теңгесін ауыз толтырып айтып, «Көпбалалы аналар мемлекеттен бірнеше миллион теңге жәрдемақы алады, ешбір ел аналарға мұндай жағдай жасамаған» дегені жұртшылықтың қытығына тиген.

Бұл саланың жәй-жапсары бұрыннан таныс министрлікке Бердібек Сапарбаев қайта тағайындалғанда Президенттің пәрмені бойынша көпбалалы отбасылардың мәселесін шешуге кірісті. Сапарбаевтың бұл істі дөңгелетіп әкететініне жұрттың күмәні болмады. Себебі өзі айтқандай, ол халыққа уәде берсе, орындауға тырысады. Оған кезінде «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатындағы мына пікірі дәлел:

«Жұмыс істеу тәсілім өте қарапайым, халықпен жақын араласып, барлық мәселені өз көзіммен көріп, жұрттың арызын өз құлағыммен естіп, мәселені тез арада шешуге тырысамын. Былайша айтқанда, ел-жұртпен жиі араласқанды жақсы көремін. Кабинетте қамалып отыра алмаймын. Жұмысты адал әрі таза істегенді ұнатамын. Сосын өтірік айтпаймын. Егер халыққа уәде берсем, оны орындауым керек. Берген уәделерімді әр уақытта бақылауда ұстаймын. Берген уәдем заңға сәйкес келіп, қаржы болып жатса орындауға тырысамын».

Халыққа да керегі осы. Қазір ел арасына жиі шығып, халықтың тіршілігімен танысып, тезірек шешкісі келетін басшылар сирек.   

Тоғжановқа әлеуметтік сала қол ма?

Алайда Бердібек Сапарбаев министр орнында да, вице-премьер қызметінде де көп отырмады. Қордайдағы оқиғадан кейін дереу Жамбыл облысына әкім болып кеткен Сапарбаевтың орнына Ералы Тоғжанов келді. Былтыр қыркүйекте Қазақстан кәсіподағы федерациясының төрағасы болған ол осы «креслоны» күткенге ұқсайды. Енді ол бұдан былай әлеуметтік саланы бақылауында ұстайды.

Бірақ бұл сала оған қол ма? Іскерлігінен гөрі, жарнамаға жақын шенді әлеуметтік саладағы қордаланған мәселені шешуге септігін тигізе ала ма?

Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметін 11 жыл бойы атқарған кезде де ұйымды ұлттар мен ұлыс өкілдерінің мейрамын тойлайтын орталыққа айналдырған. Өзі де той-думанға жақын Тоғжанов домбыраны тәуір шертеді, ән де салады. Біреу-міреу сынап-міней қалса, маңайына шаң жуытпауға тырысатын. Ал 2017 жылдың 14 наурызынан Маңғыстау облысы әкімі болған тұста да президенттің «аймақ әкімдерінің халыққа жақын болып, кері байланыс орнату керек» деген тапсырмасын орындауға тырысып, әлеуметтік желіге алғаш тіркелген әкімнің қатарына енді.

Алайда, жергілікті тілші қауымының пікірінше, Маңғыстау өңірінің халқы «жерлес» болмаған соң Тоғжановты іш тартпағанға ұқсайды. Оның бауыры Марат Тоғжанов 2018 жылдан бері Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары.

Тоғжановтың алғашқы тапсырмасы

Кеше вице-премьер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа мәжілісіне қатысып, бірқатар тапсырма берді. «Біріншіден – әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау. Бұл атаулы әлеуметтік көмек қаржылай және балаларға әлеуметтік топтама түрінде берілетінін жақсы білесіздер. Бұл биылғы жылдың үлкен жаңалығы деп айтсам артық емес. Халықтың қабылдауы да жақсы. Әр балаға берілген 20 мың теңгелік көмек биыл аз қамтылған отбасылардағы балаға орташа есеппен 26 мың теңгеге дейін жеткізіліп отыр. Оның ішінде бірнеше бағыт бар екенін білесіздер. Атаулы әлеуметтік көмек, азық-түлік, жол жүру шығындары, мектепке керек-жарақтар, ыстық тамақ бар», – деді ол. Оның айтуынша, ең маңыздысы әрбір өңір өзінің аз қамтылған отбасыларын біліп, олардың мұқтаждықтан шығуына жағдай жасауы қажет. «Еңбек министрлігіне өңірлермен бірлесіп, осы бағыт бойынша 2 апталық мерзімде кешенді талдау жасап, қорытынды шығаруды ұсынамын. Екіншіден, ана мен баланы қолдауға байланысты қарастырылған қаражат көлемі 50 пайызға өсті. Бұл да ел арасында жақсы қабылданып жатқан шешімнің бірі. Бірақ, мұны халық арасында нақтылап түсіндіруге тиіспіз. Үшіншіден, мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға байланысты соңғы 5 жылда олардың саны өсуде. Әсіресе, балалардың арасында өсім 23 пайыз деңгейінде. Неге? Бұл сауалдың нақты жауабы анықталуы тиіс. Еңбек министрлігі басқа министрліктермен, органдармен бірге осы мәселені жан-жақты қарастырып, 1 айдың ішінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын»,  – деді Ералы Тоғжанов.  

Алқа мәжілісінен соң журналистер Тоғжановты тоқтатып, жаңа қызметі туралы сұрағанда, ол бұл қызметке Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен келгенін ғана айтқан. Сондай-ақ, ол «осы уақытқа дейінгі қай мансабы вице-премьер ретінде сәтті жұмыс істеуіне қолғабыс етеді?» деген сұраққа ол «уақыт көрсетеді» деп қысқа қайырды. Бірақ ол «қоғам мен БАҚ-қа ашық боламын» деп уәде беріпті.

Үкімет басшысының орынбасары әлеуметтік саланы ұршықша иіріп кете ме, жоқ па, уақыт еншісінде. Бұл салаға Сапарбаевтай іскер азамат керек еді.  Бізде бір жаманы, министр не басшы болсын, тәп-тәуір жұмыс істеп, еңбегінің нәтижесін енді көрсететін шақта ауысып кетеді. Дәлірегінде, ауыстырып жібереді. Сонымен, бастаған іс аяқсыз қалып жатады.

Тегтер: