Сапарбаев: Әрбір төртінші түлек – жұмыссыз
«Ерінбеген етікші болады» демекші, елімізде бір кездері қалтасында қаражаты бар кәсіпкердің біразы жекеменшік оқу орнын ашуға тырысты. Мұнда көбінесе мемлекеттік жоғары оқу орнына түсе алмағандар ақшаның күшімен бітіріп алды. Ата-анаға да «балам оқып жатыр» деген мақтанға жақсы. Тіпті, сол не лицензиясы, не стандарты жоқ кейбір оқу орнын тәмамдаған мамандардың дипломы жарамсыз күйде қалды. Неге?
Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «дипломдарды басып шығарып беретін кеңселерге» айналған жоғары оқу орындарына қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырған. Осыған орай, бүгін Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев ҚР Үкіметінің жанындағы Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарын оңтайландыру жөніндегі комиссия отырысын өткізіп: «Өкінішке қарай, білім беру сапасы туралы біз еңбекке орналасу деңгейі бойынша ғана тұжырым жасай аламыз, әрбір төртінші түлек – жұмыссыз», – деді.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, биыл 34 ЖОО-да тексеру жүргізілді, оның ішінде 22-сінде жоспардан тыс тексеру болды. «Талдау көрсеткендей, көптеген ЖОО-лар заңнама талаптарын бұзған. Кең тараған проблемалар – штаттық бірлік пен оқытушылық-профессорлық құрамның дәрежесінің жеткіліксіздігі, түлектердің еңбекке орналасуының төмен деңгейі, білім алушылардың минималды контингентіне талаптардың сақталмауы, оқу алаңдары мен жатақханалардың жеткіліксіздігі. Бұл проблемалар ЖОО-лардың төмен әлеуетімен тікелей байланысты, яғни, оларға жоғары білім берудің белгіленген стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді», – деді министр.
Тексеру нәтижесінде бес жоғары оқу орнының лицензиясы тоқтатылып, әкімшілік айыппұлдар салынды, тағы бес ЖОО бойынша шешімдер қабылдануда.
«Жоғары білім беру сапасын арттыру – бұл біздің еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудегі негізгі мәселе. Сондықтан біз оған барынша байыппен қарауымыз керек. Бізге құзыреті төмен, сұранысқа ие емес мамандарды даярлайтын университеттер не үшін қажет, жұмыссыздар қатарын кезекті рет көбейту үшін бе? Оларға қатысты лицензияны қайтарып алуға дейін қатаң шаралар қолданылатын болады», – деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.
Сапарбаевтың айтып отырғаны рас сөз. Мәселен, Бақыт Дәуренбаев 1996-2000 жылдары заңгер мамандығы бойынша ақылы оқып, диплом алды. Сол кезде екінің бірі заңгер, қаржыгер болуға ұмтылатын. «Бұл мамандықты өзім емес, әке-шешем таңдады. «Заңгер» атанып, бүкіл әулетіміздің заң тұрғысындағы мәселемізді шешесің!» деді. Содан бюджетке түсе алмаған соң, бұл таңдауға лажсыз келістім. Бірақ 4 жыл оқып, қолыма табақтай диплом алсам да, менен білікті заңгер шыққан жоқ. Сол диплом әлі күнге сандықтың түбінде сарғайып жатыр» дейді Бақыт.
Динара Мыңжасар