Түркістанда фельдшерлердің мәселесін көтерген азамат психиатриялық есепке заңсыз қойылған ба?
Түркістан қаласының тұрғыны Мұхаммад Өмірбек өзінің азаматтық белсенділігі үшін қысым көргенін, кейін сот шешімінсіз психиатриялық ұйымға жеткізіліп, онда заңсыз ұсталғанын мәлімдеген еді.
Алматы, NEGE. Ішкі істер министрлігі NEGE редакциясы жолдаған ресми сауалға жауап беріп, аталған оқиғаға қатысты барлық мән-жайдың жан-жақты тексерілгенін мәлімдеді.
- Тақырыпқа орай: Түркістанда фельдшерлердің мәселесін көтерген азамат психиатриялық есепке алынғанын мәлімдеді
«Аталған азаматқа шақырту бойынша барған Психиатриялық жедел жәрдем бригадасы оны алып кету жөнінде шешім қабылдаған. Аталған бригада психикалық қозуды басу, яғни науқасты тыныштандыру, симптоматикалық ем жүргізу, науқастың жағдайын бағалау жұмыстарын атқарады. Қажет болған жағдайда олар науқасты ерікті немесе мәжбүрлі түрде емдеу мекемелеріне жеткізе алады», – делінген ведомстваның жауабында.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері Мұхаммад Өмірбектің анасымен кездескен.
Министрліктің мәліметінше, анасы арызды ешкім мәжбүрлеп жазғызбағанын, соңғы уақытта ұлында ауытқулары болып жүргенін көрсетіп, қолхат берген.
ІІМ баспасөз қызметі аталған жайт бойынша тиісті тексеру жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.
Ал Мұхаммад Өмірбектің айтуынша, ол 2025 жылғы қарашада фельдшерлердің әлеуметтік және еңбек мәселелерін көтеру мақсатында Сенатқа, Мәжіліске, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, Денсаулық сақтау министрлігіне eGov порталы арқылы бірнеше ресми өтініш жолдаған. Сонымен қатар, ол еліміздің әр өңіріндегі медицина қызметкерлерінің пікір алмасуына арналған WhatsApp тобын құрған. Айтуынша, өтініштер жолданғаннан кейін, Түркістан қалалық полиция басқармасы қызметкерлері бірнеше рет үйіне келіп, топты жабу жөнінде ауызша ескерту жасаған. Сөзінше, оны психиатриялық ауруханаға заңсыз жатқызып, есепке алған.