Трамп Ресей мұнайына салынған санкцияларды уақытша алып тастады
АҚШ 12 наурызға дейін танкерлерге тиеліп үлгерген ресейлік мұнайды 11 сәуірге дейін сатуға рұқсат берді. Жанармай бағасының өсуі аясында қабылданған бұл шараны АҚШ-тың Қаржы министрлігі «қысқа мерзімді шара» деп атады.
Астана, NEGE. Тиісті мәмілелерді жасауға мүмкіндік беретін лицензия 12 наурыз күні ведомство сайтында жарияланды.
АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Президент Трамптың бұл шешімін Ираннан туындаған қауіп пен тұрақсыздық жағдайында әлемдік энергетикалық нарықтардағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қабылданғанын мәлімдеді.
«Қазіргі жеткізілімдердің жаһандық қамтылуын кеңейту мақсатында АҚШ Қаржы министрлігі елдерге қазір теңізде тасымалданып жатқан Ресей мұнайын сатып алуға уақытша рұқсат берді.
Бұл – тек жолда келе жатқан мұнайға ғана қатысты тар ауқымды, қысқа мерзімді шара», – деп жазды Бессент Х желісінде.
Оның мәлімдеуінше, бұл шара Ресей үкіметіне айтарлықтай қаржылық пайда әкелмейді, өйткені Ресейдің энергетикадан түсетін табысының басым бөлігі кен орындарында алынатын салықтар есебінен қалыптасады.
«Президент Трамптың энергетиканы қолдауға бағытталған саясаты АҚШ-та мұнай мен газ өндіру көлемінің рекордтық деңгейге жетуіне алып келді. Соның арқасында америкалықтар үшін жанармай бағасы төмендеді.
Мұнай бағасының өсуі – қысқа мерзімді әрі уақытша құбылыс. Ұзақ мерзімде бұл біздің еліміз бен экономикамызға зор пайда әкеледі», – дейді АҚШ-тың қаржы министрі.
Еске салсақ, Ирандағы жағдайға байланысты 12 наурызда мұнай бағасы қайта көтерілді. Мәселен, Brent маркалы мұнайдың бағасы шамамен 9 пайызға өсіп, барреліне 100 доллардан асты. Бұл ретте Халықаралық энергетикалық агенттіктің барлық 32 мүшесі тапшылық қаупіне байланысты 400 миллион баррель мұнайды босатуға дайын екенін мәлімдеді.