28 Қыркүйек 17:34

«Самұрық-Қазына» НЕГЕ қызметкерлерін ҚЫЛМЫСКЕРДЕЙ тергеп жатыр?

Фото:

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жұмысқа тұрғысы келген үміткерлерді жаппай полиграфтан – өтірікті анықтау детекторынан өткізіп жатыр.

Аталған қордың Корпоративті басқару, әлеуметтік-еңбек мәселелері және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат АУҒАНОВТЫҢ мәлімдеуінше, жыл басынан бері «Самұрық-Қазынаның» компаниялар тобында 99 үміткер полиграфтан өтіп, 64 адам сыннан сүрінген.

– Бұл қазіргі кезде ең қажетті шара. Осының арқасында үміткердің жемқорлыққа қаншалықты жол беруі мүмкін екенін анықтауға болады, – дейді Ғибрат Ауғанов.

Әдетте, бұл құрылғыны пайдаланып, тергеушілер қылмыстарды ашу үшін қолына кісен салынған күдіктіден сыр суыртпақтайтын еді. Аппарат оның өтірік айтқанын, айтпағанын көрсетіп отырады.

Мәселен, 2006 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫНА жасалған қастандыққа қатысы бар күдіктілерді АҚШ-тың арнайы қызметі осы полиграфтан өткізген. Алайда оның нәтижесін билік құпиялап қойды.

Ал өтірікті анықтау детектерін пайдаланып, жұмысқа алу қандай заңнамаға негізделген? Бұл жайт заңға томпақ келмей ме?

Заңгерлердің айтуынша, заңнамада полиграфпен жұмысқа қабылдау туралы ештеңе көрсетілмеген. Заңнамалардың өз иерархиясы бар. Ең жоғарғысы – Конституция. Оның өзі халықаралық заңдарға негізделген. Меншік түріне қарамастан кез келген компанияның ішкі құжаттарының өзі де заңнамаға сәйкес болуы шарт. Ішкі құжатта бір талап немесе қандай да бір ереже жазылса, заңнамаға сілтемесі тұруы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, барлық қоғамдық қатынастар еліміздің заңнамасына және Конституциясына толық сәйкес болуы керек.

«Самұрық-Қазынаның» бұл қадамы қаншалықты заңды? NEGE осы сауалды құқық қорғаушылар мен заңгерлерге қойып, төмендегідей жауап алды.

Маржан АСПАНДИЯРОВА, құқық қорғаушы:

Әуелі министрлер кабинетінен, парламент депутаттарынан бастау керек

– Заң бойынша полиграфпен тексеру құқық қорғау органдарына жұмысқа тұрарда қарастырылған. Бірақ ол міндетті емес. Жұмыс беруші мұны ешкімге міндеттей алмайды. Үміткер полиграфтан өтуден бас тартуға құқылы. Бұл үшін жазаға тартылса, сотқа шағымдануына болады. Өйткені адамның азаматтық құқығы шектелмеуі тиіс.

Бұл – заңсыздық.  Жемқорлыққа қатысты қосымша тексеруге қажеттілік болса, жұмысқа тұрғысы келген адамның келісімімен ғана өткізілуі тиіс. Бірақ бұл еңбек кодексінде қарастырылмаған. Нақты регламенті де жоқ.  Қалай өтеді, қандай жағдайда, талаптары қандай, ол жағы мүлде көрсетілмеген. Азаматтың құқығына зиян келмеуі керек. Мұның бәрі заңдық тұрғыдан шала.

«Самұрық-Қазына» неге мұндай қадамға барды? Өйткені, елді жемқорлық жаппай жайлаған. Яғни, бұл – жұмыс беруші қабылдап жатқан қызметкерлеріне сенімсіздікпен қарайды деген сөз.

Полиграфпен тексеру қажет болса, әуелі министрлер кабинетінен, парламент депутаттарынан бастасын.

Бұл – әлемдік тәжірибеге енді ғана енгізіліп жатқан шара. Қазақстанда құқық қорғау жүйесі қалыптасты деп айта алмаймыз. Құқық қорғау жүйесінің, еңбек кодексінің талаптары дұрыс сақталмайды. Ең бірінші мәселе, жемқорлық өршіп тұр. Біздің халық өте шебер. Кез келген аппаратты, құралды, кез келген комиссияны алдай алады. Алдаудың амалын ойлап табады деп ойлаймын. Біздің пысықтарға бұл аса қиын емес. Бұл «пара алып, пара берудің тағы да бір көзі ме екен?» деген де күмәнім бар.

Психо-физиологиялық реакциялар бар. Адамға тосын сұрақ қойған кезде ыңғайсызданып, сасқалақтап қалған кезде дене қызуы көтеріліп, жүрек соғысы жиілеуі мүмкін. Басқа да реакциялар болады. Аппарат соның бәрін тіркеп, қорытынды шығарады.

Фото: ғаламтордан

Кейде мына адам өтірік айтып тұр ау деп күмәнданып жатамыз. Бірақ ол адамның жаратылысы, келбеті солай шығар. Естуімше, полиграфты да алдауға болады. Ондай адамдар да, мамандар да бар екен.

Біздің елде қайбір заманауи, жоғары технологиялық аппарат алады дейсіз. Миллиондаған ақшаға қолданыстан шығарылған ескі нұсқаларын алады. Оны қолданатын мамандар да білікті болуы тиіс. Осы процедура қаншалықты таза, заң талаптарына қаншалықты сәйкес өткізілетіні қатысты үлкен сауал бар.

Болашақта полиграфпен жұмысқа қабылдауға болатын да шығар. Өйткені, жоғары қызметке қабылданатындар жан-жақты тексеруден өтуі тиіс. «Жемқорлыққа жақын ба, жоқ па?» деген сауалға нақты жауап беретін полиграфтан басқа да жаңа құралдар пайда болар, бәлкім.   

Бағдат АМАНДОСҰЛЫ, заңгер:

Меніңше, бұл – талапты күшейту

– Бұған заңда тыйым салынбаған. Не болады, не болмайды деп те көрсетілмеген. Заңсыз деп те айқындалмаған. Бірақ жеке компаниялар немесе акционерлік қоғам полиграфпен тексергені дұрыс. Банк саласында да бұл ауадай қажет. Банк дегеніміз – ақша айналымдары. Тесттен өту бір бөлек. Өтірік айтып отыр ма, жоқ па, оны анықтау үшін полиграфтан өтуі керек.

Мәселен, сіздің жеке компанияңыз бар дейік. Сізге білімді әрі алдамайтын қызметкерлер керек. Жұмысқа қабылдау туралы ішкі ережеңізде қосымша талаптарды қабылдай аласыз. Оған полиграфты қосуға болады.

Онда тұрған ештеңе жоқ. Мұндай талапты қою арқылы қызметкерлеріңіздің адалдығына көз жеткізесіз. Қандай оймен, қандай ниетпен келгенін де байқайсыз.

Банк саласында арнайы тексеруден бөлек, полиграфты қолдану өте орынды деп ойлаймын.

Бұл адам құқығын шектеу болып есептелмейді. Полиграфпен тексергенде «Сен ұрысың ба? Алдыңда тұрған затты ұрлайсың ба?» деген сұрақтар адам құқығын шектемейді. Меніңше, бұл – талапты күшейту. Мысалы, нәсілдік кемсітушілік болса, бойы кішкентай немесе семіз адамдарды жұмысқа алмаса немесе басқа болғаны үшін жұмысқа алмаса, онда адам құқығы шектеледі.

Тегтер: