14 Тамыз 13:00
...

«Самұрық» қанатын қомдады

Фото:

Биыл бюджет елдегі ең ірі қор «Самұрық-Қазынадан» 120 миллиард теңге кіріс алды. Әлемдегі алпауыт компаниялар коронавирус пандемиясы салдарынан банкроттыққа ұшырап жабылып жатқанда, ұлттық әл-ауқат қоры мақтауға тұрарлық тұрақтылық танытып отыр.

Елдегі ауыр дағдарысқа қарамастан, бюджеттің бір жыртығын жамау мақсатында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мемлекетке биыл 120 миллиард теңге дивиденд төледі.  Бұл үш жыл бұрын қор төлеген дивидендтен 10 есе көп. Қалай дегенмен де, Ахметжан Есімовтың басшылыққа келуімен, қор көптеген ақылға қонымсыз шығындарды қысқартып, бітпей келген трансформациясына нүкте қойып, шын мәнінде мемлекет пен халық мүддесі үшін қызмет істей бастады.

Қордың қандай жағдайда екенін бұқараға жеткізу мақсатында «Самұрық-Қазынаның» құқықтық қамтамасыз ету және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Кравченко онлайн-брифинг берген болатын. Осы ретте, соңғы жылдары холдинг басшылығы ашықтыққа бет алғанын және бар ақпаратты бүкпесіз жайып отырғанын атап өту керек.

Кравченконың айтуынша, 2020 жылдың бірінші жартысында қорға кіретін компаниялар тобының таза кірісі шамамен 212 млрд теңгені құраған. Әу бастағы жоспарлары 150 млрд теңге болыпты. Сонда холдинг коронавирус пандемиясына қарамастан жоспардан артық 100 млрд теңге кіріс түсірген. Бұл қордың тиімділігін дәлелдейді. Ал ендігі жоспар бойынша холдинг жыл соңына дейін 421 млрд теңге таза пайда табады деп күтілуде. Демек, келер жылы «Самұрық-Қазына» халыққа одан да көп ақша аудармақ.

«Бәрібір біз үшін бірқатар тәуекелдер бар. Алдымен тауарлар мен қызметтер үшін бағаның арзандауы және мұнай бағасының түсіп кетуін ескеруіміз керек. Сарапшылар мұнай бағасының динамикасын жағымды деп бағаласа да, кез-келген жәйт оны қайта тәуекелге айналдыруы мүмкін», - деді Андрей Кравченко.

Қордың тәуекелдер жөніндегі менеджерлері барлығы 26 тәуекелді анықтаған. Оның 11-і аса қауыпті. Араларында коронавирустың таралуы мен мұнай бағасының құбылып отыруы, олардың ұлттық валютаның айырбастау бағамына кері әсері бар. Сондықтан, мұндай қауыптердің алдын-алу үшін бірқатар шаралар қолға алынған. Мысал ретінде, Андрей Кравченко «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясының шетел валютасындағы қарызын қайта қаржыландыру және валютадағы қарызын 217 млн долларға қысқарту бойынша сәтті іске асырылған шараларды атап өтті. Онымен бірге Екібастұз МАЭС-2 және «Эйр Астана» АҚ шетелдік валютадағы қарыздарын теңгеге ауыстыра білген. Бұл шара екі компания үшін шығындар қаупін миллиардтаған теңгеге азайтты.

Тәуекелді басқаруда қор алдын-ала болжам секторын күшейткен. Қазір барлық банктердің қаржылық жағдайы мұқият қадағаланып, еншілес компаниялардың банктерде өз қаржысын ұстауы жіті назарда ұсталады. Ол баяғыдағы «Астана Банкімен» орын алған келеңсіз жағдайды болдырмас үшін қажет. Сонымен бірге холдингтің шетелдегі активтерін қорғау бойынша жұмыстар да талқыланды. Түркияның «Шекербанкіне» қатысты соттағы тартыс біздің жақтың пайдасына шешілген.

Енді коронавирус пандемиясының қордың еншілес компанияларының тигізіп отырған әсері жөнінде. Кравченконың айтуынша, әр компанияның бағыты мен саласы әртүрлі болғандықтан, кейбірінің бизнесі алға басса, кейбірі зиянға батқан. Ең бастысы, бір де бір жұмысшы қысқарған жоқ. Адамдар осындай қиын жағдайда өз жұмыс орнын сақтап, отбасыларын асырап отыр.

Мысалы, көптеген қазақстандықтардың қашықтан жұмыс түріне ауысқанын ескере отырып, «Самұрық-Энерго» АҚ кірісі өсе бастады. Себебі, электр энергиясын тұтыну артқан.

Фото: greenkaz.org

Кірісі ұлғайған компанияның бірі - «Қазақтелеком» ұлттық байланыс операторы. Интернетке қосылу қызметтері мен басқа да онлайн қызметтерге сұраныс 2-3% -ға, ал ауылдық жерлерде 6% -ға өсті. Егер біз оқу жылының бірінші тоқсаны қашықтан оқыту арқылы өтетінін ескерсек, кіріс одан да ұлғаяды деп болжануда. Уран бағасы әлемдік нарықта өсіп келеді. Демек, қордың құрамына кіретін «Қазатомпром» ұлттық компаниясының экономикалық көрсеткіштері жаман болмауы тиіс.

Фото: sputnik.kz

Бірақ бәрі керемет дей аламыз ба? Коронавирус пандемиясы салдарынан әлемдегі жолаушылар тасымалымен айналысатын ірі компаниялар банкроттық алдында тұр. Ал Самұрық-Қазына құрылымына үш тасымал компаниясы – «Қазақстан темір жолы», «Эйр Астана» мен «Qazaq Air» кіреді. Олардың жағдайы нешік? Бұл жерде табыс туралы айтуға келмейтіні анық.

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) мәліметтері бойынша, жолаушыларды әуемен тасымалдау көлемі 2020 жылдың бірінші жартысында өткен жылғы көлеммен салыстырғанда 58% -ға, салалық жүк тасымалы коэффициенті 51% -ға құлдыраған. Тіпті біршама сарапшылар тарапынан Эйр Астананы сақтап отырғаннан көрі, оны банкроттыққа ұшырату арзанырақ деген пікірлер айтылған. Өз кезегінде Кравченко әуе компаниясына қатысты барлық қажетті шаралар қабылданғанын, жұмыс орындары сақталғанын, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің жинақталған қоры бар екенін жеткізді. Оған мемлекет немесе холдинг тарапынан қосымша қаржылық көмек қажет емес.

Фото: forbes.kz

Пандемияға қарамастын «Qazaq Air» әуе компаниясы ел ішіндегі аймақтар арасындағы рейсті белсенді түрде дамытып отыр. Рейстер тек Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында ғана емес, басқа өңірлер арасында да жолға қойылған.

Қорыта келгенде, Андрей Кравченко «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының қаржылық тұрақтылығының сақталып отырғандығын, барлық тәуекелдерге қарсы шаралардың жедел жасалып отырғанын айтты. Жұмысшылардың денсаулықтары да жақсы. Оны 38 мың жұмысшыны қамтыған зерттеу нәтижесі көрсетіп отыр.

Тегтер: